ffin.kz

Канделакиді кіргізбейміз, бірақ Иорданиядан ән ұрлаймыз...

Канделакиді кіргізбейміз, бірақ Иорданиядан ән ұрлаймыз... Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені


«Терренкурда» тегін сырғанайтын кім?



«Терренкур» демалыс аймағының тоғанында қысқы тюбингтерге арналған 50 метрлік сырғанақ салынды. «Снежная горка» әлеуметтік жобасы жеке қаржы есебінен орнатылды. Сырғанақтың басты ерекшелігі, оның тоғанға орналасуы және сырғанақ тебуге қауіпсіз. 20 градус бұрыштық құрылым 5 бөлікке бөлінген, әрқайсысы арнайы тормен қоршалған. Ал мәреде тежегіш тор және арнайы жұмсақ қаптар бар. Баллонды бір сағатқа жалға алу құны 3 мың теңге. Бір реттік сырғанау - 500 теңге. Тиісті құжатын көрсеткен әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға қызмет тегін.


Қытайда Қазақстан туризмі жылы өтеді



Қытай туристері былтыр Қазақстанға ең көп келген ТОП-5 елдің қатарына енді. Статистика деректері бойынша, былтырғы жылдың 9 айында Қазақстанда 75 мыңнан астам қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Ал Қытайдан Қазақстанға келушілердің жалпы саны 200 мың адамнан асты. Ведомство басшысы былтыр екі ел арасында визасыз режим енгізілгенін және биыл тікелей рейстер санын аптасына 30-ға дейін ұлғайту жоспарын ескере отырып, туристік ағынның одан әрі артуы мүмкін екенін атап өтті.


Сот орындаушының жұмысын робот атқарады



Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады. Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады. Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.


Күріш неге қымбат?



Судың жетіспеушілігіне және шығындардың өсуіне байланысты егіс алқаптарының әдейі төмендеуі байқалады.


Монополияға қарсы ден қою шаралары күнтізбелік жыл ішінде баға өсу динамикасының төмендеуін қамтамасыз етті. Баға бойынша сөз байласу негізінде 6 күріш өндіруші 68,7 млн ​​теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.




Канделакиді кіргізбейміз!



ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, егер ресейлік тележүргізуші елімізге келуді жоспарласа, оған кіруге рұқсат берілмейді


"Ел мұны ешқашан кешірмейді, ол келмейтін шығар, бірақ ол келгісі келсе, оны кіргізбейді", деді Айбек Смадияров.


Тина Канделакидің мәлімдемесіне "Уральск" вокзалының атауын "Орал" және "Узен" стансасының "Жаңаөзен" деп өзгертілуі себеп болған.




Иорданияның әндеріне «жиендік» жасаймыз



Бүгінде эстрада өкілдері өзге елдің әнін қазақша орындауды жолға қойып алған. Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстан сазгерлерінің туындысын қазақша сайрату сәнге айналған.


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеушісі, сазгер Жанғали Жүзбаев өз құндылығымызды дәріптеу міндет екенін айтты.


«Шетелден келетін қонақтардың алдында өткізетін концерттік шараны да ұлттық құндылыққа қарай икемдеген абзал. Оны айтқаным,  бізде кейде бір келеңсіздік орын алады. Ауқымы кең концерттік іс-шара өткізіп, алыс-жақын шетелден де өнерпаздар қатысқан  думанда әншілеріміз шырқаған  туындысын тыңдағанда ұялып та қаламыз. Өйткені бүгінгі эстрада сахнасында ән шырқап жүрген әншілердің  көпшілігі қырғыз, өзбек, қарақалпақ, армян халқының әндерін алады да, қазақшалап орындайды. Парсы мәдениетіне де қол салдық, тіпті, Иорданиядан да ән алдық. Әрі осындай кірме туындылардың насихаты сұрапыл: телеарнадан да көрсетіп, радиодан да таратады», - деді ол.


 


Франциялық дзюдошы Алматыда жаттығу жасап жүр



Оның үлкен жарыс алдында неліктен Қазақстанды таңдағаны белгісіз, өзінің айтуынша, спортшы маңызды жарыс алдындағы дайындығын Алматыда пысықтауды жөн көрген. 35 жастағы Ринер Алматыға 18 қаңтар күні келіп, жоспар бойынша 30-на дейін жаттығу жұмыстарын жалғастырады.


Айта кетейік, француз спортшысы 2023 жылдың басында Алматыда оқу-жаттығу жиындарына қатысқан болатын. Сол жолы ол аса ауыр салмақтағы жиырмаға тарта Қазақстан дзюдошысымен спарринг жаттығулар өткізген.


Былтыр Аралға 2 млрд текше метрден астам су жіберген



«Алдағы үш жылды біз тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек. Біріншіден, әрине, өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғау және Орта Азиядағы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты дамыту мәселесі. Сондықтан бұл жұмыс күнделікті бақылауда болуы керек. Өздеріңізге жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарыңыздар», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


2024 жылдың 1 қаңтарында Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Біздің еліміз алдағы үш жылда аталған ұйымды басқаратын болады.


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51