ffin.kz

Жылқышы құрығына қырау қатқан

Жылқышы құрығына қырау қатқан w-dog.ru

Жыл ішіндегі ең суық, аязы қатты ай – Ақпан жетті аптығып...


Ақпан «Үштің айы – күштің айы» деп бекер айтылмаса керек, қыстың 40 күндік шілдесі біткенімен, қытымыр күндер әлі алда. Аптығып жеткен ақпан ашу мінезін, асау қылығын көрсетуі ғажап емес. Аяз күшеюі мүмкін. Ақпан тұрақсыз ай: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, өңін өзгертіп жапалақтап қар жауады. Бұрқасынды да, шуақты күндері алма-кезек. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады. Жұлдызшылардың ақпан туралы осындай болжамын өткенде жазғанбыз.


Ақпанның 5-і күні Үркер ауады. Тас төбеге шарықтап шыққан Үркер жұлдызы төбеден батысқа қарай төмендеп, жылжиды. Осыдан кейін Арқада 30 градустан аса аяз болмайды деген бұрынғылар. Бұл бір жыл ішіндегі ең суық, қатты аяз саналады. Қазақ «жылқы сауырынан, сиыр бауырынан» деп жылқыны жабулап, сиырдың астына көң төгетін болған.


Ақпан айының ішінде атақты «ақпан» амалы бар. Ол айдың 10 жаңасынан 15 жаңасына дейін жалғасады. Оның «жылқышы», «ақ құрық» деген жанама аттары да бар. «Ақпан келді, жылқышы кірді, жылқышының өкпесі қатты болады, оны ренжітіп алмайық» деп, жылқышының сыбағасы ретінде кәрі жілік асып, қонақ қылған. Амалдың «жылқышы» деп аталуына осы жағдай себеп болса, жылқышының құрығына қатқан қырау «ақ құрық» деген атауды телісе керек.


«Бойшаң қызда бұғақ қалды, бойлы тоқтыда құйрық қалды» деген сол кезден жеткен тіркес ақпан амалының адуынды мінезіне берілген тағы бір бұлжымас айғақ.


Өткен жолғы пайымда «Алматыда апта ішінде әдеттегіден көп ылғал түседі. Айдың соңы болғандықтан, жауын-шашын жиі көрініс береді» деген едік. Солай болды да... Білінер-білінбес, көзге көрінер-көрінбес болып қыламықтап жауған қар қала мен төңіректі ақ ұлпаға көміп тастады. «Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді» деген осы да.


Қазір еліміздің көптеген өңірінде ызғырық, боран, аяз күшіне енген. Ақпанда (9 ақпан) дүниеге келген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «Алатау, ассалаумағалейкүм!» деген атақты өлеңінде:


Көзінің де, көңілінің де нұрын алған талайдың,


Алатауға тамашалап таңмен бірге қараймын.


Уа, ассалаумағалейкүм, аппақ басты арайлым!


Шаруа-ата секілденіп өміріңді сарып қып,


Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып.


Аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық? – деп жырлап еді.


Сол ақбасты Алатаудың арқасында алыптың қалқасында орын тепкен әсем Алматы дауыл мен бораннан, жел мен селден, шүкір, аман-есен келе жатыр. Ақын өлеңі:


Жат осылай тапжылмастан, осыныңды хош алам,


Баурайыңда бауыр да аман, тең-тұс, аға, дос аман.


Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам! – деп аяқталатын. Лайым айбарлы Алатау аман болсын! Аяулы Алматысына апат пен опаттан, жел мен селден қорған бола берсін! Халқымыздың көңіліне қаяу, көзіне жас үйірген қаңтар қасіреті қайтып оралмасын!


Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін - ақпанның 3-і. Ай күнтізбесі бойынша, айдың (ережеп) – 1-і, ал қазақша ақпан айы енді 11 күннен кейін (14 ақпан) басталады. Апта айдың басқы кезіне, яғни алғашқы онкүндігіне дөп келіп тұр. Әрбір айдың басы мен ортасында және соңында ауа райында өзгеріс болатыны бесенеден белгілі жәйт. Бұрынғы жұлдызшылар сан мәрте дәлелдеген. Бұл сәйкестік алдағы аптаның құбылмалы болатынын: жаңбыр да, қар да жауатынын, ашық күндер де болатынын аңғартып тұрғандай...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04