Учаскелік инспектордың бір күні қалай өтеді?
Ішкі істер жүйесінде полиция қызметіндегі халыққа ең жақын буын – учаскелік инспекторлар. Бұл институт ең көне әрі көпфункциялы қызмет түрі. Әкімшілік құқықбұзушылықтан бастап, аса ауыр қылмысқа дейін анықтап, профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Тәртіп сақшысы жұмысының басты көрсеткіші – тұрғындардың сенімі. Халық өзінің учаскелік инспекторын тани ма? Бәлкім, біз қызметкерлерді дұрыс тани алмай жүрген болармыз? Олардың жұмысына тұрғындардың көңілі тола ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, полицейлердің жұмыс орнына бардық. Инспекторлардың бір күні қалай өтетінін біліп қайттық.
Қауіпсіздік тірегі
Әкімшілік учаскеге келген тұрғындардың мәселесін шешіп, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды және өзінің бақылауындағы аймақты күні-түні тексеру – инспектор жұмысының аз ғана бөлігі. Аудандағы құқық бұзуға бейім адамдармен алдын алу жұмысын жүргізу шарасы тағы бар.
Осы жолы қаланың таулы аймағы, халық ең көп баратын, туристер шоғырланған, күндіз-түні адам аяғы үзілмейтін – Медеу ауданындағы полиция бөліміне бардық. Біз барсақ тәртіп сақшылары жұмысқа кірісуге дайын отыр екен. Алматы қаласы Полиция департаменті Медеу аудандық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің жауапты учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Дархан САРИЕВ күтіп алып, учаскелік бөлімшенің ішін таныстырды. Одан кейін әріптестеріне тапсырманы бөліп берді. Инспекторлардың күнделікті жұмысын көзбен көру үшін біз де бірге рейдке шықтық.
Дархан Медеу ауданындағы №83-полициялық тіректе учаскелік инспектор болып 2016 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол 2024 жылы полицейлерге арналған байқауда жеңіске жетіп, Алматы қаласының ең үздік учаскелік инспекторы атанған. Одан бұрын 2023 жылы «Шымбұлақ» демалыс аймағында таудан құлап кеткен адамды құтқарып қалғаны үшін «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алған. Жұмысына жауапты маман өз саласында абыройлы қызмет атқарып, бірнеше рет марапат биігінен көрінеді. Оның міндеті – өзіне сеніп тапсырылған «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, т.б. өңірлерде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау.
«Медеу аудандық полиция басқармасында жеті учаскелік пункт бар. Одан бөлек, Медеу аудандық полиция басқармасында алты бөлімше бар. Жалпы аудан бойынша 13 полициялық тірек жұмыс істейді. Біздің полициялық тіректе мені қосқанда, төрт инспектор бар. Қауырт қызмет таңғы сағат 08.00-де басталады. Әр күніміз әртүрлі өтеді. Өйткені, біз ертең не күтіп тұрғанын, қандай хабарлама түсетінін білмейміз. Бүгін отбасылық жанжалға қатысты шақырту болса, ертесіне басқа мәселе туындайды. Бірақ 24 сағат бойы кез келген жағдайға сақадай сай болып, тәртіпті қадағалаймыз», – дейді Дархан Отанғазыұлы.
Инспекторлардың бақылауындағы әкімшілік аумақта қазір қысқы демалыс маусымы жүріп жатыр. Алматының символы саналатын «Медеу» мен «Шымбұлақта» тұрғындардан бөлек, қала қонақтары мен шетелдік туристердің де қарасы көп. Ал демалушылардың кез келгенінің басына іс түссе, өміріне қауіп төнсе, ең алдымен, кімге жүгінеді?!
«Қазір осы екі демалыс аймағында адам өте көп. Себебі де түсінікті. Қазақстанның қай өңірінен болсын Алматыға қыдырып келген қонақтар осы жерлерді көруге келеді. Басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігіне жауап беру. Әкімшілік немесе басқа құқықбұзушылыққа қатысты хабарлама түссе, бірден әрекетке көшеміз. Қоғамдық көліктер мен адамдар көп шоғырланған орындарда қалта ұрлығы жиі болады. Сондықтан оның алдын алу үшін профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Ескерту жасап, хабарландыру дыбыстары мен жазбалар жариялаймыз».
Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар
азайған
«Таңғы сағат 08:00-ден бастап полиция бөлімшесінде жиналыс өтеді. Өткен тәуліктегі жағдайларды талдап, жаңа тапсырмалар аламыз. Әкімшілік аймақтағы қылмыстық ахуалды тексеріп, түскен арыз-шағымдарды зерделейміз. Жұмыс кешкі 21.00-ге дейін жалғасады. Екі учаскелік инспектор бөлімшеде қалса, екеуі шақырту мен тексеріс бойынша жүреді. Бізде қазір отбасылық-тұрмыстық жанжалдар қатаң бақылауда. Осы мәселемен түскен арыз-шағымдарды күнделікті қарап отырамыз. Тұрғындарға көмек керек болғанда уақытқа қарамай, қызмет көрсетуге тырысамыз. Қысқа уақыттың ішінде қарап, тиісті шешім шығаруымыз керек. Әкімшілік хаттама толтырып, ушыққан істерді сотқа жолдаймыз», – деді инспектор.
Дарханның бақылауындағы әкімшілік аумақта 3 мектеп, 2 балабақша, 35 көпқабатты үй, бірнеше жер үй және 13 мыңға жуық тұрғын бар. Таулы аймақ болғандықтан, бұл жақта жер үйлер көп. Сонымен қатар, «Каменское плато», «Юбилейный» ықшамаудандары мен «Көлсай», «Мұзтау» кенттерінің тұрғындарына жауапты. Аудан халқының көбі осы өңірлерде тұрады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейгелі, жанұядағы ұрыс-керістер азайған. Бұрын арыз-шағымдар көп болса, қазір аптасына бір-екі шақырту ғана болып тұрады.
«Учаскелік инспектор полиция бөлімінің қызметін айғақтайтын №1095 бұйрық бар. Соған сәйкес, халыққа жақын болып, олармен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Әкімшілік аумақтағы дүкендерде, үйлердің кіреберісінде біздің суреттеріміз бен деректер, қажет болған жағдайда тұрғындар хабарласа алатын телефон нөміріміз жазылған тақтайшалар орналасқан. Әр тұрғынды тануға, әр отбасының жағдайын білуге тырысамыз. Халық инспекторларды бірінші кезекте көмекке жүгінетін сенімді тұлға ретінде қабылдайды ғой», – дейді ол.
Әмбебап мамандар
Иә, инспекторлардың адал қызметі арқылы көшелерде тәртіп сақталады, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Көршілердің ұрыс-керісі, айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін олар – әмбебап мамандар. Сондықтан бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті және халыққа деген жанашырлықты талап етеді.
Қоғам тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген учаскелік инспекторларға құрмет көрсету – әр азаматтың міндеті. Бүгінде тәртіптің сақшыларының мәртебесі қандай? Халық өз инспекторын тани ма?
«Күнделікті атқаратын жұмыстарымыздан басқа, бізде жыл сайын «Сіздің учаскелік полицей» деген республикалық науқандар өтіп тұрады. Халықтың құқық қорғау органдарына, оның ішінде бізге деген сенімін арттыру үшін еңбектеніп жүрміз. Меніңше, абыроймен атқарудамыз деп ойлаймын. Қызметім өзіме ұнайды. Тоғыз жылға жуық тәжірибемде тұрғындар мені, мен оларды танып үлгердік. Әкімшілік аумақтың қай жерінде қандай жағдай болатынын сараптай аламыз. Мәселен, ішкіш адамдардың жиі жүретін жолдарын, көршілермен, жанұясымен жанжалдардың көбі қай үйде болатынын білеміз. Осындай шулы жақтарды жиі тексеріп тұрамыз.
Қазір көбі өзінің учаскелік инспекторларын жақсы таниды, оларға сенеді. Маған халықтың арасында жүрген ұнайды. Әр саланың өзіне тән қиындығы болады. Біздің жұмыстың да ауыртпалығы аз емес. Қызмет барысында түрлі келеңсіз оқиғаларға куә боласың, тіпті кейде өмір мен өлімнің арпалысына түсетін кездер де болады. Өзіңіз көргендей, неше түрлі адамдарды тексереміз. Қызық та, қиын да істер болады. Сол жағдайлардың бәрінің шешімін тауып, адамдарға көмектесе алсақ, мен үшін одан асқан құрмет жоқ», – дейді Дархан.
«Цифрлы жүйе
жұмысымызды жеңілдете түсті»
Қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, олар үшін әрбір минут қымбат. Сол үшін де қазір елімізде полицияның ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасы – инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық жүйелер белсенді енгізілуде. Жаңа техникалар қызметкерлердің жұмысын жеңілдете түсті. Бұрынғыдай қағаз бен қалам алып, хаттама толтыру азайған. Оның өзі 20-30 минутты алатын. Қазір саусақтың ұшымен-ақ планшет арқылы құқық бұзушылықты тіркеп, бейнекамералардан ақпарат алып отыр.
«2016 жылы осы қызметке алғаш келген кезімде бәрін қағазға жазатынбыз. Хаттамаға азаматтың төлқұжат нөмірін, ЖСН, аты-жөні деген өзге де қосымша ақпараттарды қолмен толтырып келдік. Қазір жұмысымыз едәуір жеңілдеп, уақытты үнемдеді. Осы планшет арқылы өзімнің аумағымда не болып жатқанын «Сергек» бейнебақылау жүйесінен көріп отырамыз. Камералар полиция бөлімшелеріне нақты уақыт режимінде ақпарат жібереді. Бұл халыққа да ыңғайлы әрі ашық жүйе. Біз үшін өте қолайлы. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігін арттырады», – деді полиция майоры.
· РЕЙД ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Учаскелік полицейлер – Дархан Сариев пен Базарбек Жәнібекұлымен бірге алдымен көше қаңғыбастары паналайтын мекенге бардық. Инспекторлардың айтуынша, ішкілікке салынған, құқық бұзуға бейім азаматтар осы жерде тұрады. Жақын маңда тұратын тұрғындар араққа салынған қаңғыбастарға шағым түсіреді.
Полицейлер көлікке отыра сала бізге рейд барысында қызықты сәттер де болатынын айтып, қандай жұмыстар атқарылатынын түсіндірді.
Арыз бен шағымның арасында жүретін мамандар кез келген жағдайға еті үйренген. Тұрғындар айтқан түйткілдерді тарқату үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін тік тұрып, қызмет етеді. Олардың осылай рейдтерге шығуы – заң бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізеді.
Бұрын құқық бұзған немесе бақылауда тұрған азаматтарды тексеруді жоспарлайды. Көше кезіп, елдің тыныштығын күзетеді.
Келесі бағыт – азық-түлік дүкені. Аймақты аралап жүріп тағы бір оқиғаға тап болдық. Біз барғанымыз сол еді, дүкеннің алдында қолында бөтелкесі бар, мас адамды жолықтырдық. Инспекторлар қоғамдық орында мас күйде жүріп, тәртіп бұзған азаматпен жеке сөйлесті. Әкімшілік шара қолданды.
«Заң бойынша қоғамдық орында сыра немесе басқа алкоголь ішкен азаматқа айыппұл салынады. ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 440-бабына сәйкес, қоғамдық орында алкогольдік сусын ішкен немесе масаң күйде жүрген болса, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», – дейді инспектор.
Рейдке шығатын учаскелік инспекторлар алдымен өз учаскелері бойынша құқықтық ахуалды талдайды. Олар қылмыс жиі орын алатын аумақтарды анықтап, тұрғындардан түскен шағымдар мен арыздарды қарайды. Рейд барысында қоғамдық орындарды бақылап, демалыс орындары тексеріледі. Құқық бұзған адамдарға әкімшілік шара қолданады. Тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізу де рейд кезінде атқарылатын жұмыстың бөлігі.
Одан кейін отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынасты бұзғаны үшін әкімшілік соттың қаулысымен ішімдікке тыйым салынған тұрғынның үйіне бардық. Бұл кісі ішкілікке қатты салынып, қаладағы наркологиялық диспансерде он төрт күн емделіп шыққан.
«Осындай тұрғындарды тұрғылықты жері бойынша келіп, мас не мас еместігін тексереміз. Егер мас болса, ол сот қаулысын бұзған болып саналады. 669-баптың 2-бөліміне сәйкес Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзу бойынша сотқа жолдаймыз. Он тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Әр аптаның жұма күні өзі келіп тексерістен өтуі керек немесе рейд кезінде үйіне барып тексере аламыз. Әйелімен сөйлесіп, жолдасының мінез-құлқы қандай, қайталап ішіп жүрген жоқпа, жанжал шығармай ма, анықтаймыз».
Заң бұзған азаматтарға ескерту жасап, кейбірін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осылайша, тәртіпке бағынбаған талайды тәубесіне түсіреді. Учаскелік инспекторлардың жұмысы оңай емес. Талай тағдырға куә болады, түрлі адамға жолығады.
Дархан Сариевтің әкімшілік аумағында есепте тұрған, шартты түрде босаған жиырмаға жуық адам бар. Оның ішінде, тұрмыстық қарым-қатынасты бұзғаны бойынша есепке алынғандар да бар. Рейд кезінде профилактикалық есепте тұрғандар да тексерілді.
«Шартты мерзімінен бұрын босаған адамдарды он күн сайын тексеріп тұрамыз. №1095 бұйрық бойынша олар айына үш рет тексерілуі керек. Одан бөлек, аңшы қару иелері де ерекше бақылауда болады. Қару сақтау ережесін ескеру керек. Шет ел азаматтарын тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп тұру да біздің міндетімізге кіреді».
«Формаңды шеш, погоныңа сеніп тұрсың ба?»
Осылай деп қарсылық көрсетіп, төбелеске шақыратын адамдар да болады дейді полицей. Бәрі бірдей оңайлықпен заң мен тәртіпке бағынғысы келмейді. Бірі «мас емеспін» деп ақталып бақса, енді бірі тәртіп сақшыларына балағат сөз айтып, қол көтеруге дейін барады.
«Ондай жағдайлар көп болады. Көбіне құжаттарын көрсетпей, аты-жөнін айтпай, заңды талаптарымызға бағынудан бас тартады. Заң алдында адамның бәрі бірдей болғандықтан, талаптарымызға бағынбағандарға 667-бап (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», – деді тәртіп сақшысы.
Арыз-шағым түссе, оқиға орнынан бірінші учаскелік инспекторлар табылады. Мәселені қарап, шешу жолдарын іздейді. Біз бүгін соның бірнешеуіне куә болдық. Тұрғындардың мазасын алған маскүнемдерді ұстап, тиісті шара қолданды. Рейд соңында инспекторлар жиналған ақпаратты талдап, құқық бұзушылықтар бойынша есеп дайындайды. Қажет болған жағдайда, күдікті азаматтарды полиция бөлімшесіне жеткізеді.
P.S
Міне, құрметті оқырман! Біз бүгін учаскелік инспекторлардың бір күнімен ғана таныстық. Шынымен де, барлығы біз ойлағандай оңай жұмыс емес екен. Халықпен сөйлесе білуі, әртүрлі жағдайда жедел шешім шығара алуы өте маңызды екенін түсіндік. Инспектор болу үшін шыдамдылық пен табандылық қажет. Осындай сақшылар барда тұрғындар қауіпсіздігі әрқашан назарда деп топшыладық.