Жұмысшы мамандықтар жылы нәтиже бере бастады

Жұмысшы мамандықтар жылы нәтиже бере бастады Сурет: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Президенттің бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтар жылы  еңбек нарығында Алматыдағы колледждің түлектеріне сұраныс артыпты.

Бұған мысал, Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі (ТЖҚиК). Ол бизнеспен ынтымақтасып, тәжірибемен ұштасқан оқу әдісін сәтімен жүзеге асырып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында колледж директоры осылай деп мәлімдеді.

Жұмысшы мамандықтар жылында техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарда бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мен оларды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінген. Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі осы бағытта жұмыс берушілермен әлеуметтік серіктестікті тиімді қолдана отырып, оқу бітірген түлектерін кәсіби ортаға сәтімен бейімдей алатын оқу орны ретінде көзге түскен.

Колледж көп жыл бойы қонақ үй мен мейрамхана бизнесіне кадр даярлап келе жатқан техникалық және кәсіптік білім беретін Қазақстандағы жетекші мекеме саналады. Салалық кәсіпорындармен тығыз байланыс орната отырып, колледж оқу сапасын жоғары деңгейде ұстап тұрумен қатар, студенттеріне қызметте өсіп-өнетін мүмкіндік ұсына алады. Бүгінде колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 83%-ға жетіпті.  Олар жұмыс берушілермен қоян-қолтық жұмыс істегендіктен осындай нәтижеге қол жеткізген.

 «Біз жұмыс берушімен келісіп, әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнаттық. Содан студенттеріміз жұмыс тауып кетіп жатыр. Жұмыс берушілердің қауымдастықтарымен және басқа да ұйымдармен бірлесе отырып, студенттерге практика мен тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынамыз. Биыл колледжді 460 студент бітірді, соның 83%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Қалғаны оқуын жалғастырып жатыр, әскери қызметте немесе декреттік демалыста қазір. Бұл бірлесіп істеген осындай үлкен жұмыстың арқасы», – деді колледж директоры Нұрдәулет Жабықбаев.

ТжҚИК Алматы қаласындағы 280 кәсіпорынмен – қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік компаниялармен ынтымақтастық туралы келісімшартқа отырған. Осының арқасында студенттер  тәжірибеден өтіп, диплом алғанша кәсіби ортаға бейімделіп үлгереді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер колледжге еңбек нарығындағы сұраныстар жөнінде үнемі ақпарат беріп отырады, бұл оқу бағдарламасын дер кезінде бейімдеп, студенттердің заман талабына сай машықтанып шығуына мүмкіндік береді.

Колледждің бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен жұмыс берушілермен ұйымдастыратын кездесудің де түлектерді жұмысқа орналастыруға көп септігі тиген. Бұл студенттерге оқу барысында болашақ жұмыс берушімен жақын танысуға жол ашады. Осы модельдің арқасында ТжҚИК түлектері жұмысқа орналасып қана қоймай, өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, жаңа ұжымға тез бейімделіп, кәсіби тұрғыда даму жолын бастап кетіп жатыр.

«Біздің түлектеріміз мамандық бойынша жұмысқа орналасып, қоғамдық тамақтану орындарында аспаз, кондитер немесе тіпті қонақүй шаруашылығының басшысы деңгейіне дейін өсіп келеді. Бізде Түлектердің  өсуі мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін арнаулы орталық жұмыс істейді. Бұл орталық түлектердің өндірісте жұмысқа орналасу көрсеткішін барынша арттыруға тырысады. Мұнда түрлі шеберлік сабақтары, қонақ дәрістері өткізіледі. Біз жұмыс берушілерді шақырып, түлектерге жұмысқа орналасу жолдарын түсіндіреміз, жәрмеңкелер ұйымдастырамыз», – дейді колледждің оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлім Өмірбекова.

Колледж қазір өз саласы бойынша Қазақстандағы ең үздік колледждердің қатарында екенін сенімді түрде дәлелдеп отыр. Колледж басшылығы мұндай нәтижеге әлеуметтік серіктестік пен кәсіби мамандар даярлауға бағытталған тұрақты жұмыстың арқасында қол жеткізгенін айтады.

«Мен Тамақтануды ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алдым, “аспаз-технолог” біліктілігін иелендім. Биыл колледжді тәмамдадым. Оқу бағдарламасы өте ұнады. Дуалды оқыту бойынша оқыдым, бір апта практика, бір апта теория онда. Бұл өте үлкен артықшылық, себебі практикалық сабақтар аса маңызды рөл атқарады. Сен жұмыстың барысында үйренесің. Өндірістің ішкі құрылымымен танысып, әріптестермен қарым-қатынас орнатып, олардың тәжірибесін меңгересің. Мені шеф-аспаз Тарас Корчагин қабылдап, көп нәрсе үйретті. Ол да осы колледжді бітірген. Колледжден кейін осы жерге аспаз болып жұмысқа тұрдым, қазір шеф деңгейіне дейін көтерілдім», – дейді колледж түлегі Ибрагим Әбдурахимов.

Білім беру мен бизнестің өзара тиімді серіктестігі нақты әрі тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Колледж түлектері – ел экономикасының маңызды бөлігіне айналып, өз мамандығы бойынша жұмыс тауып, сала-саланың дамуына үлес қосып жатыр. Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі – білім беру жүйесінің тиімді және нәтижелі бола алатынын дәлелдеген оқу орнының бірі болып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:24

13:18

12:41

12:16

12:13

12:05

11:30

11:25

11:22

11:20

11:19

11:10

11:00

10:50

10:42

10:31

10:18

10:17

10:07

09:45

09:28

09:20

09:09

08:58

17:45