Таяуда жарық көрген «Жошы хан» тарихи романы Алматыдағы оқырмандарымен қауышты деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz. Бүгін Алматыда басталған Qazaq Book Fair кітап көрме-жәрмеңкесінде аталған кітаптың таныстырылымы өтті.
Ақын әрі жазушы Ұларбек Дәлейдің Жошы ханға қатысты көлемді әдеби шығармасы жарық көргелі бері оқырмандардың қызушылығын оятқаны мәлім. Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында өткен шараға алыс-жуықтан келген оқырман залды лық толтырды.
Шараға Алматыдағы және әр өңірден келген қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері, көпшілік оқырман қатысты. Олар шығарманың көтерген ауқымды тарихи тақырыбы, көркемдік ерекшелігі мен тіл қолданысы турасында пікірлерін ортаға салды. Әрі әдебиетіміздегі көптен бері ақсап келе жатқан кең тақырыпқа қалам тербеген авторға алғыстарын білдірді.
«Жошы хан» тарихи романын Қазақ әдебиетіндегі тың тақырып ретінде атауға болады. Аталған айбынды тарихи тұлғаға қатысты бұған дейін Зардыхан Қинаятұлы сынды ғалымдарды ғылыми-зерттеу еңбектері болмаса, көлемді әдеби еңбек жазылған емес. Көптеген оқырмандар үшін де жаңа туынды осы қырынан қызықтырады.
Кітаптың таныстырылымынан кейін автормен тілдесуге мұрсат алдық. «Жошы хан» шығармасының жазылуындағы мақсаты мен нәтижесі туралы Ұ.Дәлейұлы мынадай пікірін бөлісті:
«Жошы ұлысына дейін де осы дала біздің бабалардың мекені болғаны даусыз. Бірақ, біздің қазіргі территориямыздың бір мемлекеттің негізіне бірігуінде ірге тасын қалаған Жошы хан. Бұл тұрғы да оның тарихи еңбегі өте зор. Оған қоса Жошы хан туралы бұған дейін бұрмаланған деректер, алып-қашпа пікірлер де көп. Бірақ соған қарсы жүйелі ғылыми еңбектер аз, ал әдеби шығармалар мүлде жоқ болды. Міне осыдан өз мемлекеттілігіміздің о басындағы тұлға өзіміз үшін «жұмбақ тұлғаға» айналды. Міне осы бір бостықты толтырайық деген мақсатта осы еңбекті жазып шықтық», – дейді автор.
«Жошы хан» тарихи романы мен кітаптың таныстырылымы жайында толығырақ «Алматы Ақшамы» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Бүгінгі таныстырылымға қатыса алмаған оқырмандар болса, айта кетелік, Qazaq Book Fair кітап көрме-жәрмеңкесі Ұлттық кітапханада 3 күн бойы жалғасады. Жәрмеңке аясында өзге де авторлардың еңбектері жұртқа таныстырылатын болады.