«Alataý Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерінің тұрақты оқырмандарына арналған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды.
Жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу қос басылымның дәстүріне айналған. Сондықтан «Alataý Аqparat» ЖШС ұжымы өткен жылы да газетке жазылушылар арасында дәстүрлі «Жазыл да, ұтып ал!» атты байқауын жариялаған еді. Қала тұрғындары ұтысқа қатысып, бақтарын сынады.
Бұл жолғы сайысқа қатысушылардың саны көп болды. Арнайы комиссия мүшелері құрылды. Газетке жазылғанын растайтын түбіртектерді жіберген оқырмандардың арасынан кездейсоқ таңдау арқылы жеңімпаздар анықталды.
«Байқауда жаңадан жазылған оқырмандар да, бұрыннан бері бізбен бірге келе жатқан оқырмандар да бірдей дәрежеде қатысты. Газет сүйер қауымға материалдарымыз қызықты, өзекті және өткір болғанына қуаныштымын. Шын мәнінде, бұл солай. Өйткені, біз оқырмандарымызды еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы шынайы, тексерілген және пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Байқаудың барлық қатысушыларына өздерінің сүйікті газеттеріне қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Жыл сайын жазылушыларға арнап байқауды ары қарай да өткізетін боламыз. Жүлделердің құндылығы тек арта түседі деп ойлаймын. «Вечерний Almaty» және «Almaty aqshamy» газеттерінің баспа нұсқалары бүгінде аса сұранысқа ие және өзекті», – деп атап өтті «Alataý Aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев.
Салтанатты іс-шараға «Alаtaý aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев, «Almatу aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбек, «Вечерний Almaty» газеті Бас редакторының орынбасары Гүлжазира Сайдахметова қатысып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтарымен құттықтады.
«Қай газеттің болсын, тірегі де, жаны да оқырмандар. Осы күнге дейін газетпен арадағы байланысты жоғалтпай, әр санды ерекше ынта-ықыласпен күтетін оқырмандарымыздың барына қуанамыз. Әлеуметтік желінің ықпалы жыл сайын артып келеді. Басылым беттерін парақтайтын оқырмандардың да қарасы азайып бара жатқаны жасырын емес. Не десек те, осы уақытқа дейінгі аралықта бізді таңдап, бізбен бірге болғандарыңызға қуаныштымыз», – деді «Almatу aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбек.
Ұтыс жеңімпаздары да осындай үрдісті үзбей өткізіп келе жатқан «Alataý Аqparat» ЖШС ұжымына ризашылықтарын білдірді.
«Бүгін үлкен қуанышты күн болып жатыр. Мен «Almatу aqshamy» газетінің тұрақты оқырманымын. 10 жылдай уақыт болыпты менің жазылғаныма. Басылым беттерінен жаңалықтардан хабардар болып, мәдени, әдеби, танымдық мақалаларды үзбей оқимыз. Осымен екінші рет газет редакциясынан сыйлық алып жатырмын. Журналистердің жұмысына табыс тілеймін, жазарлары таусылмасын», – дейді Тілепберген Гумаров есімді оқырман.
Биыл газетке жазылушылардың қатары көбейіп, санының арта түскені байқалады.
«Мен жалпы қазақ басылымдарының жанашырымын. Ұзақ жылдан бері білім саласында қызмет еткен жанмын. Сондықтан газетті көп оқимын. Балалармен көп жыл жұмыс жасағандықтан, балалар журналдарын, оның қатарында «Жыл он екі ай», «Балдырған», «Ақ босаға» газет-журналдарын көп балалы отбасыларға бизнесмен, қолы ашық жандарға айтып жаздырып келемін. Білімді ұрпақ ұлт болашағы демекші, олардың басылым беттерінен нәр алып, тәлім-тәрбие алулары еліміз үшін маңызды. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысына зейнетке шықсам да, сүйікті басылымымнан қол үзген емеспін», – дейді оқырман Раиса Үмбетбаева.
«Almaty aqshamy» газетінің оқырмандарының арасында 1-орын алған Түркістан облысының тұрғыны Торабеков Қалдыбек есімді оқырман «SUPRA» мультиваркасына ие болды. Жүлделі 2-орын алған Алматы қаласы, Түрксіб ауданының тұрғыны Гумаров Тілепберген «AVM-20W» қысқа толқынды пешті қанжығасына байлады. Үздік үштікке енген Алматы қаласы, «Нұркент» шағынауданының тұрғыны Раиса Үмбетбаева «AVM-20W» қысқа толқынды пешін ұтып алды.