Қазақстандықтардың жалпы борыштық жүктемесі 19,3 трлн теңгеге жетті
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, экономикаға несиелер 2022 жылғы қыркүйекте 2,0%-ға өсіп, 21,1 трлн теңгені құрады (жылдың басынан бері өсім – 14,1%-ға немесе 2,6 трлн теңге), деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
"Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 1,8%-ға, 19,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 4,4%- ға, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті.
Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 1,3%-ға ұлғайып, 8,0 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жыл басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 3,6%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 3,9%-ға өсті). Биылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға 988 млрд теңге сомаға қарыз берілді, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,5%-ға көп", – деп хабарлады агенттік.
Ірі бизнеске қарыздар 2022 жылдың басынан бері 2,7%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін, ШОБ (ДК қоса алғанда) қарыздары 6,8%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,1%), саудаға (21,4%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,4%) тиесілі.
Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 2,5%-ға ұлғайып, 13,1 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 21,6%-ға өсті).
"Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,3%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,3%-ға 7,2 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды", – деп хабарлады агенттік.