ffin.kz

Жедел жәрдем қызметіне жүгінудің төрт санаты бар

Жедел жәрдем қызметіне жүгінудің төрт санаты бар Сурет: Gov.kz

Фельдшерлер taspanews.kz тілшісіне Қазақстанда жедел жәрдемді көбінде негізсіз шақырады деп шағымданды.

 Қазақстанға бірнеше жыл бұрын Ресейден көшіп келген Екатерина жедел жәрдем қызметіне қатысты өз тәжірибесімен бөлісті.

– Мен Қазақстанға көшіп келгелі бірнеше рет ауырдым. Барлығы жеңіл жағдайлар болды: дене қызуы көтерілді, жөтел басталды. Сондай сәттерде әріптестерім мен таныстарым маған жедел жәрдем шақыруды кеңес берді. Бұл маған әрқашан таңқаларлық еді. «Не үшін жедел жәрдем шақырамын? Мен өлім аузында жатқан жоқпын ғой», - деп ойлайтынмын. Бірнеше ай бұрын ғана мұнда адамдардың жедел жәрдем шақыруға мүлдем басқаша қарайтынын түсіндім. Олар кейде өздерін «жағымсыз сезінсе» де, 103-ке қоңырау шала береді екен. Фельдшерлердің нағыз қауіп төніп тұрған науқастарға да, жеңіл себептермен хабарласып тұрғандарға да қалай үлгеретіні маған қызық, – дейді Екатерина.

Екатерина Ресейдегі жағдайдың басқаша екенін атап өтті.

– Ресейде бәрі басқаша. Егер дене қызуы 38 градустан төмен болса, өзіңіз емханаға барасыз. Ал егер жоғары болса, жергілікті дәрігерді үйге шақыруға болады. Дәрігер қанша уақыт қажет болса, сонша күтесіз. Ал жедел жәрдем тек өлім қаупі бар кезде ғана шақырылады және әдетте ол ауруханаға жатқызуды талап етеді. Менде үш күн бойы Квинке ісінуі болды – бұл бет пен тамақтың ісінуіне әкелетін аллергиялық реакция. Төрт рет қатты ісініп, тұншыға бастадым. Тек содан кейін ғана жедел жәрдем шақырдым. Әр шақырғанымда медицина қызметкерлері ауруханаға барған дұрыс екенін айтты, бірақ мен барғым келмеді. Емдеуге жатқызудан бас тарту туралы қағазға қол қойдым, ал фельдшерлер маған жылдам әсер ететін дәрі егіп, бірнеше минутта тынысымды аша алатын. Ресейде жедел жәрдемге шын қажеттілік болмаса, оған хабарласпайды, себебі фельдшерлер ауыр жағдайда жатқандарға көмек көрсету үшін барсын деп ойлайды. Ал Қазақстанда жағдай өзгеше екен, – деп атап өтті Екатерина.

Алматылық Айжан жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінетінін айтады.

«Кейде етеккір келгенде, үйде ауырсынуды басатын дәрілер қалмай қалса, жедел жәрдем шақырамын. Ішім ауырғанда дәріханаға барғым келмейді, ал фельдшерлер әрдайым қажетті дәрі-дәрмекпен келеді», – дейді ол.

Қазақстандық дәрігерлер мен фельдшерлер Taspanews.kz тілшісіне жедел жәрдем шақыру жүйесінің оң және теріс жақтары туралы айтып берді. Кейде жедел жәрдемді жалған себептермен шақыратын жағдайлар да кездеседі, бұл қызметкерлерге қиындық туғызады.

 

Жедел жәрдемді негізсіз шақыру

Жедел жәрдем бригадасының фельдшері Виорел Садықов 16 жылдан бері жұмыс істейді.

«Көптеген негізсіз қоңыраулар түседі, бізден «дәріге рецепт жазып немесе емдеу жоспарын құрып беруді» сұрайды. Біз мұнымен айналыспаймыз, бұл жергілікті дәрігердің құзыретіне кіреді. Кейде өз дәрігері берген дәрмектерді «салып беруді» (инъекция жасау, система салу) сұрайды. Сондай-ақ бізді мүлдем қажет етпейтін жағдайларда да шақырады. Мысалы, аяғындағы сүйел түрін өзгертсе, саусағын кесіп алса, тырнағын сындырса дегендей. Мұндай қоңыраулар өте көп, ал осы уақытта шын мәнінде көмекке мұқтаж адам ұзақ күтіп қалады», – деді Садықов.

Садықов сондай-ақ «айлакерлікпен» шақырушылардың да бар екенін атап өтті. Мысалы, жұмысқа немесе оқуға бармауды шешсе, қажетті құжаттарды жазып беру үшін жедел жәрдемді шақырады.

«Көбінесе 16 мен 25 жас аралығындағы қыздар етеккір келгенде жедел жәрдем шақырады. Осындай жағдайларда айыппұл салынса, менің ойымша, мәселе шешілер еді. Көпшілік айыппұл салынатынын біліп, артық шақырулардан бас тартар еді», – деп түсіндірді Садықов.

Бес жыл жедел жәрдем фельдшері болып жұмыс істеген Ернұр да әріптесімен келіседі.

«Біздің жұмысымызда қиындықтар көп, кейде тіпті тамақтануға да уақыт жоқ. Биксте (стерилизациялық контейнер – ред.) кейде дәрі-дәрмектер таусылып қалады. Оларды толтыру үшін станцияға бару қажет, бірақ оған да кейде кіргізбейді», – дейді Ернұр.

Фельдшердің айтуынша, өтініштері көп бригадалар барлық науқасқа уақытында барып үлгермейді.

«Адамдар 2-3 сағаттап күтіп қалады. Сондықтан біз келгенде, ашуға булыққан науқастардан сөз естіп, кейде тіпті қол көтергендер де болды. Біз жанжалды болдырмауға, жағдайды түсіністікпен қабылдауға тырысамыз, себебі бригада құрамында көбінесе тек бір ғана адам болады. Ол нашақорлармен, маскүнемдермен немесе психиатриялық есепте тұрған адамдармен кездесуден қауіптенеді», – деп атап өтті медицина қызметкері.

 Ол кейбір фельдшер қыздарға қауіп төнген жағдайлар туралы да айтты: «Мылтықпен қоқан-лоққы жасап, қол көтеру, пышақпен қорқыту секілді оқиғалар да болған».

«Біздің қызметкерлер сақ жүруге мәжбүр, әсіресе қыздар үшін қиын. Сондықтан бригадалар санын көбейтіп, екі фельдшер бірге қызмет ететіндей шаралар қолдану қажет. Бұл біздің тарапымыздан да жұмыс пен көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға ықпал етер еді», – деп түсіндірді ол.

Фельдшер жедел жәрдемді медицинаға қатысы жоқ себептер бойынша шақыратын жағдайлардың да бар екенін растады.

«Ішімдік ішіп алып, ұрыс шығарғанда бізді шақыратындар бар», – деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» сайтында жоба жариялады. Жобада жедел жәрдемнің барлық пациенттерге тәулік бойы қызмет көрсетпейтінін қарастырады, себебі «бұл тиімсіз шара».

Жоба мәтініне сәйкес, жедел жәрдемге түсетін қоңырауларды шұғылдығына қарай төрт санатқа бөлу ұсынылған:

1. Бірінші санат – өміріне тікелей қауіп төніп тұрған науқастар.

2. Екінші санат – өміріне қауіп төнуі мүмкін науқастар.

3. Үшінші санат – денсаулығына қауіп төнген науқастар.

4. Төртінші санат – өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген науқастар.

 

Төртінші санаттағы қоңырауларға жедел жәрдем тәулік бойы емес, жұмыс күндері таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, сенбі күні сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін қызмет көрсетеді, ал жексенбі күні мүлдем шықпау қарастырылған.

Алайда, көп ұзамай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ведомствоның Telegram-каналында жаңа шаралардың көбісі дұрыс түсінілмегенін айтты. Жедел жәрдем қызметінде ешқандай өзгеріс болмайды.

«Бұрынғыдай, 103 нөміріне қоңырау шалған барлық науқастар санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Сонымен қатар, жеделдікті арттыру үшін төртінші санаттағы пациенттерге жұмыс уақытында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің мобильді бригадалары барады», – деді ол.

Оның айтуынша, кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы науқастар жедел жәрдем бригадаларының назарында болады.

«Осылайша, халық үшін ештеңе өзгермейді, ешбір қоңырау назардан тыс қалмайды, ал пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы жақсарады», – деп қорытындылады Әйгерім Оразалиева.

 

«Мерзімінен бұрын»

«Денсаулық» Заңды тұлғалар бірлестігінің дәрігері және басшысы Бақыт Түменова «Ашық НҚА» сайтында орналасқан Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасын «мерзімінен бұрын жасалған шара» деп атады. Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметіндегі артық жұмысты бөліп, реттеу дұрыс қадам, алайда бұл азаматтардың денсаулық саласындағы құқығын бұзу арқылы жүзеге аспауы тиіс.

Дәрігер егде жастағы азаматтардың қазіргі Денсаулық сақтау жүйесін жиі сынға алып, оны «тегін» және барлығына қолжетімді кеңестік жүйемен салыстыратынын атап өтті. Шындығында, медициналық көмек ешқашан тегін болған емес. Кеңес дәуірінде бұл көмек бюджет арқылы қаржыландырылып, ЖІӨ-нің орта есеппен 6%-ын құрайтын. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда медицинаға бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 4%-ын құраған, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3%-ға да жетпейді. Ал дамыған елдерде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 9%-на, ал АҚШ-та 15-17%-ға дейін жетеді.

«Менің ойымша, жоба авторлары жексенбі күндері фельдшерлер шықпаса, бұл жүктемені едәуір азайтып, аса ауыр науқастарға бару үшін уақыт үнемдеуге және ақшаны үнемдеуге әкеледі деп ойлаған. Алайда бұл шара ең әлсіз топтағы, созылмалы аурулары бар және жедел жәрдемге жиі жүгінетін адамдарды назарсыз қалдыруы мүмкін. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар, ауруға шалдыққан мүгедектер және созылмалы дерті бар науқастар үшін қиын болар еді», – деп түсіндірді Түменова.

Ол осы санаттағы науқастардың есебінен жедел жәрдем жүктемесін азайтып, аса ауыр науқастарға бару үшін уақыт үнемдеу мүмкін екенін айтты. Алайда, бұл науқастарды зиянды азайту бағдарламасы аясында өз бетімен әрекет етуге сауаттандыру керек.

«Мысалы, егде жастағы адамда жүректің ишемиялық ауруы бар делік. Ол өзінің жергілікті дәрігеріне барып, амбулаторлық бақылауда болып, тұрақты түрде қаралып тұруы керек. Амбулаторлық дәрігердің жолдамасы болса, арнайы мамандандырылған медицина қызметкерінен кеңес алады. Егер осы пациентке ауруы туралы жан-жақты түсіндірілсе және оның өршуі кезінде не істеу керектігі нақты айтылса, мысалы, қан қысымы кенеттен көтерілгенде немесе төмендегенде, ол қандай шаралар қолдануы қажет екенін білетін еді. Алғашқы дәрі-дәрмек не болуы керек, келесі қадам қандай, жедел жәрдемді қашан дереу шақыру қажет деген сұрақтарға нақты жауап алса, оның жағдайы айтарлықтай жақсарар еді», – деп түсіндірді дәрігер.

Оның айтуынша, адамдарды қауіпті жағдайлардың алдын алу шараларымен ақпараттандыру қажет. Егер белгілі бір ауруға тап болса, қандай өмір салтын ұстану керек, қандай диетаны таңдау керек, спортпен айналысу, зиянды әдеттерден арылу туралы кеңес беру маңызды.

 

«Ештеңе өзгермейтіні жаман»

Түменова дәрігерлер мен пациенттердің Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына дайын емес екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтау министрлігінде ауруды басқару бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарлама бойынша белгіленген дәрігер созылмалы инфекциялық емес аурулары бар әр науқас үшін жеке емдеу жоспарын әзірлеуі керек (жүректің ишемиялық ауруы, қатерлі ісік, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т.б.). Жақында жүргізілген тексеру бұл жақсы бағдарламаның тиісті деңгейде жүзеге аспағанын көрсетті», – деді дәрігер.

Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің «жедел жәрдем жұмысында ештеңе өзгермейді» деген мәлімдемесіне өз пікірін білдірді.

«Ештеңе өзгермейтіндігі жақсы емес, себебі жедел жәрдем қызметінде көптеген шешілуі тиіс мәселелер бар. Бұл проблемалар, ең алдымен, медициналық көмектің бастапқы кезеңінің әлсіз жұмысымен және пациенттермен профилактикалық жұмыс өткізудің төмен сапасымен байланысты», – деп атап өтті Түменова.

Дәрігер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін келтірді: адам денсаулығының 10%-ы медициналық қызметке жүгінуге, 20%-ы генетикаға, тағы 20%-ы экологияға, ал 50%-ы өмір салтына байланысты.

«Яғни, адамның денсаулығы өз қолында және медицина қызметкерлеріне емес, өзіне байланысты. 2018 жылы Астанада өткен МСАК бойынша Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған ДДҰ конференциясында Астана декларациясы қабылданды. Онда МСАК дамыту стратегиясы басты назарға алынды. Құжат сау адамның денсаулығын сақтауды негізгі міндет деп жариялады. Бұл аурудың алдын алу идеясын басымдыққа алуды білдіреді және әр адам өз денсаулығы үшін жауапкершілікті сезіну керек, денсаулық сапасын бақылап, өз дене процесстерін басқаруды үйренуі керек дегенді білдіреді. Ал медицина қызметкерлері бұл мәселеде көмек көрсетуі және үйретуі керек. Бір қызығы, Авиценна пациенттеріне: 'Біз үшеуміз: Сен, мен және дерт. Сен кімнің жағындасың, сол жеңеді' деген екен. Біз де дертке шалдыққандардың денсаулығына әсерін азайтуға бар күшімізді салуымыз қажет», – деді Түменова.

Оның пікірінше, осындай жағдайда жедел жәрдем қызметі «сапалы» болмақ.

«Сонда ота жасау, трансплантация қажеттілігі сирек болып, жедел жәрдемге жүктеме азаяр еді. Қаражат та үнемделер еді. Ақшаны профилактикаға, денсаулықты қадағалауға бағыттау қажет, сонда ауыр жағдайлар туындамас еді, пациенттердің де қаржысы үнемделіп, қымбат ем алу қажеттілігі туындамас еді...» – деп қорытындылады дәрігер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51