Жазғы демалыс жасөспірімдер үшін тек тынығу емес, табыс табу мүмкіндігі

Жазғы демалыс жасөспірімдер үшін тек тынығу емес, табыс табу мүмкіндігі Сурет: freepik.com

1 маусымнан бастап Қазақстанда оқушылар мен студенттерге арналған жазғы қоғамдық жұмыс бағдарламасы іске қосылды.

 Енді 14 жастан асқан жасөспірімдер ресми түрде еңбек етіп, алғашқы табысын таба алады. Бағдарлама тек жаз мезгілінде жүзеге асады және жасөспірімдердің еңбек құқықтары заңмен нақты реттелген.

Жұмыс істеу құқығы мен заң талаптары

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмаған азаматтардың еңбекке араласуына рұқсат етіледі, бірақ белгілі бір шектеулермен:

         •        16 жастан бастап – жалпы негізде жұмыс істеуге болады;

         •        15 жастан бастап – негізгі орта білім (яғни, 9-сынып) алған жағдайда рұқсат беріледі;

         •        14 жастан бастап – ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен және оқудан тыс уақытта жеңіл жұмыс істеуге болады.

ҚР ЕК 68-бабына сәйкес, 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал күн сайынғы жүктеме 2,5 сағаттан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, 18 жасқа толмағандарға келесі жұмыс түрлеріне тыйым салынады:

         •        Ауыр және зиянды еңбек;

         •        Жерасты жұмыстары;

         •        Түнгі, үстеме, мереке және демалыс күндеріндегі ауысымдар.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жасөспірім ресми түрде жұмысқа орналасу үшін келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

Ата-анасының (немесе заңды өкілінің) жазбаша рұқсаты;

Медициналық қорытынды (денсаулығы жайлы);

Жазбаша еңбек шарты;

Еңбекті қорғау мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы.

 Барлық еңбек шарттары enbek.kz немесе egov.kz порталдары арқылы тіркелуі тиіс.

Аяжан Қарсақбаеваның тәжірибесі: еңбектенуге ерте бейімделген

Аяжан үшін  демалыс кезінде  өз еңбегімен табыс табу — қалыпты іс. Ол 17 жаста, биыл Алматыдағы «Бөбек» гуманитарлық колледжінің 2-курсын бітірген. Ол болашақта информатика пәнінің мұғалімі болуды мақсат еткен. Ал жазғы демалысын тиімді пайдалануды 15 жасынан бастап дәстүрге айналдырған.

«Биыл мен оқып жүрген колледжге жақын жерде балаларға арналған лагерь ашылатынын естідім. Өзімді ұсынып көріп едім – қабылдады. Әрине, белгілі талаптар болды: алдымен - жауапкершілік; ата-аналармен және балалармен байланыс орнату; балалармен жылы сөйлесу, өзіңді тыңдата білу.

Осы талаптарға сай болған соң жұмысқа қабылдандым», — дейді Аяжан.

 Қазір ол тәрбиешінің көмекшісі ретінде жұмыс істейді. Бұл — оның жазғы маусымда еңбек етіп жүрген үшінші жылы.

«Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Бірақ маған бұл іс ұнайды. Балалармен жұмыс істеу — үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінемін. Әрі бұл тәжірибенің мамандық бойынша жұмыс істеуіме септігі тиеріне сенімім мол», — дейді ол. 

«Баланың демалғаны дұрыс» дейтіндер де бар

Ата-ана үшін баласының жұмыс істеп, қолғабыс тигізгені жанға медеу, көңілдеріне сенім ұялатады. Алайда баланың жазда жұмыс істегеніне қарсы пікірдегілер де бар. Мәселен, бес баланың анасы Зияш Ермекбаева жазда балаға тынығу, денсаулығына көңіл бөлу маңызды деп есептейді.

«Жұмыс 18 жасқа толған соң да жетіп артылады. Ал балалық шақ – демалуға, ойнауға арналған кезең. Ерте бастан жауапкершілік жүктеп қою дұрыс па екен?» – дейді көпбалалы ана.

 

Құқық мен қауіпсіздік – басты назарда

Жасөспірімдердің еңбек құқығы заңмен ерекше қорғалады. Олар еңбек нарығында осал топ болып саналады, сондықтан қорғау тетіктері нақты жолға қойылған:

         •        Еңбек инспекциясы – жұмыс уақыты, шарттың болуы, жалақы төлеу талаптарын бақылайды;

         •        Прокуратура – заң бұзушылықтарды анықтап, шара қолданады;

         •        Сот органдары – жұмыс берушімен туындаған дауларда көмектеседі.

Электронды өтініштерді enbek.kz және egov.kz порталдар арқылы беруге болады. 

Алматыда қандай жұмыс түрлері қолжетімді?

Алматы қаласында 14 жастан асқан жасөспірімдер үшін толық емес жұмыс күніне ұсынылатын қызмет түрлері жыл сайын көбейіп келеді. Әдетте, бұл – арнайы дағдыларды қажет етпейтін, қауіпсіздігі сақталған, қоғамдық сипаттағы жұмыстар.

Жасөспірімдер жиі қатысатын негізгі жұмыс түрлері:

Қызмет көрсету саласы:

         •        Даяшы — дәмханалар мен мейрамханаларда;

         •        Сатушы көмекшісі — азық-түлік, киім дүкендерінде;

         •        Баспахана қызметкері — техникалық көмек көрсету (мысалы, қағаз сұрыптау, қаптау).

Жеткізу және ақпарат тарату:

         •        Курьер — тапсырыстарды жеткізуге көмектесу;

         •        Парақша/хабарландыру тарату — сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда.

Күтім және көмек көрсету:

         •        Балаларға күтуші — уақытша немесе күндізгі уақытта қарап беру;

         •        Жануарларға күтім жасау — серуендету, тамақ беру;

         •        Қарт адамдарға көмек — дүкенге барып келу, үй шаруасындағы ұсақ жұмыстар

Басқа жұмыстар:

         •        Аниматор — балалар іс-шараларында көңіл көтеру;

         •        Call-орталықта оператор — егер жұмыс көлемі мен мазмұны жасөспірімге сай болса;

         •        Промоутер немесе кеңесші — жарнама және тұтынушылармен байланыс.

Мұндай жұмыстардың барлығы — уақытша әрі икемді, яғни жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің оқу процесіне кедергі келтірмейтіндей етіп ұйымдастырылады.

Жастардың еңбекке араласуы тек материалдық табыс табумен шектелмейді — бұл олардың қарым-қатынас жасау, жауапкершілік, өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыруға сеп болады. Қай салада жұмыс істесе де, бастысы – заң шеңберінде және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып еңбек ету керек екенін ұмытпаған жөн.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:09

20:06

17:44

16:59

15:44

14:52

14:41

13:54

13:04

12:48

12:20

12:02

11:54

11:26

11:16

11:08

10:53

10:47

10:37

10:24

09:30

22:06

20:52

20:49

20:46