Ұстаз... Мектеп... Оқушы... Осы бір сөздерді естігеннен-ақ жүрегім жылып сала береді. Алдымнан қанша шәкірт түлеп ұшса да, өзіме алғаш әріп үйреткен ұстазымды естен шығарған емеспін. Өйткені, мен жеткен әр биікте алғашқы ұстазымның қолтаңбасы бар. Ұстаз болу – жанам деген жүрекке от беретін, жауапкершілік пен даналықтан тұратын ұлы қызмет... Шәкіртім білсін, үйренсін деген әрбір сәт – ұстаз үшін ең бақытты сәт, өйткені ұстаздық – кез келгенге бұйырмайтын сыбаға! Бақытын шәкіртінен іздейтін, ұстаздың тынымсыз еңбегінен тұратын, дара да дана мамандық. Сан жылдар бойы еңбек ете жүріп, түйгенім, ұстазды шабыттандырушы – шәкірт, ал шәкіртті шабыттандырушы – ұстаз!
Ұстаз – әр шәкірттің жүрегіне нұр құятын, күннің сәулесіндей оларды білім шыңына жетелейтін, аяулы да ардақты жан. Осынау мамандық иелерімен өмір мәнді, неге десеңіз, дана да, дара да ұстаз алд ы н а н ш ы ғ а д ы . Ұ л т ұ с т а з ы А.Байтұрсыновтың туған күні 5 қазанның ұстаздар күні болып аталуы – көңілге үлкен қуаныш ұялатқанын жасырмаймын. Алматы қаласындағы оқу-ағарту саласындағы, мектеп, балабақшаларда еңбек ететін барша ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның ұстаздары жайлы тілек-толғауымды білдірмекпін.
Ұстаз – тілекпен, ниетпен, өзіне айтылған алғыспен қанаттанады. Ұстазға шағым айту, еңбегін бағаламау – айыптардың ең ауыры. Ұстаз ешқашан шәкіртіне жамандық тілемейді, өйткені оның еңбегі сол өзі баптаған шәкіртпен бағаланады. Ең алдымен, қоғам ұстазды қадірлеуге, құрметтеуге дайын болғанда ұстаз да шабыттана жұмыс жасайтынын ұмытпауымыз керек. Ұстаз шабыттанғанда не істей алады? Шынайы шығармашылықпен үздіксіз ізденісте жұмыс жасайды, өткенге есеп беріп, жаңаны жоспарлайды. Осыдан қайнаған тіршілікке төзімді, жан-жақты тұлға қалыптастыруда тынбай еңбектенетін әріптестер әлемі қалыптасады. Ұстаздық, міне, осынысымен құнды, осынымен қастерлі! М.Мақатаев атындағы №140 гимназия әкімшілігі басқару менеджментінде осыларды басшылыққа алады.
Білімді ұрпақ қалыптастыру үшін ұстаздың жағдайын жасауымыз керек. Ұстазға жасалған жағдай – ұрпаққа жасалған жағдай. Қазір мемлекет тарапынан ұстаздарға барлық жағдай жасалуда, ал қазіргі мақсат – әр мектеп басшысының өзі басшылық жасайтын мектепте қолайлы орта қалыптастыруы. Әр ұстаз – бір тұлға. Әрқайсысының айтары бар, әрбірі толы кен, түртіп кетсең, шығармашылықтың лебі есетін, әрқашан оқушымен жұмыс жасауға ұмтылып тұратын ұстазға еркіндік беру арқылы көп түйінді мәселелерді шешуге болады.
Ол қандай еркіндік? Шығармашылық еркіндік пен көшбасшылық еркіндік. Әрбірінің айтарын тыңдап, ортақ шешім шығару арқылы шәкірт жүрегіне жол тауып жүрген №140 гимназияның ұстаздары – осындай еркіндіктің иесі. «Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе – ең жақсы оқыту әдістерін таба білуде» деп ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, №140 гимназия ұстаздары – жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, білімді ұрпақты қанаттандыру жолында аянбай еңбектеніп келе жатқан, кәсіби шебер мамандар С.Темірбаева, Н.Темірова, А,Ертуғанова, С.Сапарова, Л.Өмірзақова, Ш.Әбдібаева, Р.Сейдалиева, А.Бесірова, К.Ертуғанова, Ж.Асанова, Г.Чайзаданова, Б.Искакова, Г.Дүйсенова, З.Назарова, А.Жақыпбекова, Б.Сатаева, Е.Базылжан, Л.Қарғабаева, Ұ.Мырзабекова, Қ.Қапшаевтар – гимназия мақтаныштары.
Әр педагог гимназияға қуана келіп, қуана қайтады. Неге десеңіз, педагогтің көңіл күйі жұмыстың сапалы жүруіне ықпалын тигізеді. Әрбір мұғалім ұстаздық қызмет барысында педагогикалық әдеп қағидарларын қатаң ұстанады. Ұстаз этикасы – мұғалім мен бала, ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты дұрыс орнатуға негіз әрі ұжым ішіндегі, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар арасына алтын көпір болуда.
Ұстаздық – ұлы қызмет. Осынау мамандықтың иесі бола жүріп түйгенім: ұлылықтың кілті – қарапайымдылықта! Тарихта аты қалған небір дана, даралар өздерінің биіктігін қарапайымдылығымен танытқан. Гимназия ұстаздарының бір шоғырын кәсіби шебер, әдіскер ұстаздар құраса, бір шоғырын жас мамандар құрайды. 30-ға тарта ер мұғалімдер ұстаздық қызмет ететін гимназия – ұлттық құндылықтардың ордасы ретінде де танымал. Қыркүйек айының 23-і күні гимназияның өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан ардагер, кәсіби шебер ұстаздары артқы толқынға үлгі-өнеге көрсету үшін, «Ұлық болсаң, кішік бол!» айдарымен ұстаздар мерекесі қарсаңында бір тамаша жоба – «Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын» атты мұғалімдер күніне арналған музыкалық ревю өткізді. Бұның өзі алдыңғы толқынның ізбасар толқынға тамаша сыйы болды.
Гимназия ұстаздары 2014 және 2017 жылдары «Алтын белгіге» мектепті бітірген Н.Әбдіманап, Б.Шаизах, Б.Молдағали, Ж.Бесқұланова сынды шәкірттеріміздің алтын ұя мектебіне оралып, қазіргі таңда ұстаздарымен үзеңгілес, әріптес екендігін мақтан етеді.
Сондай-ақ, ұжымдаса білгеннің ұтатынына, үлкеннің кішіге ізеті, кішінің үлкенге құрметі бар жерде бірлесе тірлік жасап, тамаша нәтижелерге қол жеткізуге болатынын гимназия ұстаздары дәлелдеп келе жатыр.
Ұстаз – биік әрі мәңгілік есім. Осынау ұлы мамандық иесі ретіндегі еңбектеріңіз әрқашан еленіп, қадір-қасиеттеріңіз арта берсін! Сіздерге денсаулық, амандық, баянды ғұмыр тілеймін! Саналы ұрпақ қалыптастыру жолындағы қадамдарыңыз сәтті болсын! Қанаттарыңыз талмасын, қаламдарыңыз мұқалмасын, шабыттарыңыз сарқылмасын! Дарынды шәкірттеріміз көп болсын!
Сәния ТІЛЕУБАЙ, «Құрмет» орденінің иегері,
М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры.