Жасанды интеллект журналистердің орнын баса ала ма?

  • 11:33, 25 желтоқсан 2025
Жасанды интеллект журналистердің орнын баса ала ма? "AI ғылым" бағдарламасы

КТК телеарнасының редакторы Диас Нұрақын мен Oy Detox подкастының авторы Әйнел Әмірхан жасанды интеллекттің журналистикаға әсері туралы Айгерім Есімханның "AI ғылым" бағдарламасында сұхбат берді. Бағдарламаның жаңа шығарылымында мамандар жасанды интеллекттің медиа саладағы пайдасы мен кері әсері туралы әңгімеледі.

Жасанды интеллект медиада қалай қолданылып жатыр?

Диас Нұрақынның айтуынша, Қытай мен Жапонияда жасанды интеллект жаңалық жүргізуші ретінде эфирге шығып үлгерген. Адамнан айнымайтын виртуалды дикторлар жаңалық оқып, көрерменге ақпарат жеткізіп жүр. Мұндай тәжірибе отандық телеарналарда да сынақтан өтіп жатыр. Бірақ бұл формат әлі Қазақстанда енгізілмеген. Десе де, жасанды интеллект медиа кеңістікте белсенді қолданыла бастады.

"Медиа тек телеарнамен шектелмейді. Сайт, газет, журнал, әлеуметтік желі бар. Қазір кейбір ақпараттық сайттар сайлау, референдум сияқты деректерге негізделген жаңалықтарды ЖИ арқылы автоматты түрде жаңартып отырады. Бұрын журналистер сағаттап теретін статистиканы жүйе секунд сайын шығара алады", – дейді ол.

Редактордың айтуынша, ЖИ мәтін құрылымын өзгертіп, ақпаратты өзгеше етіп жазып бере алады. Кейбір ақпараттық сайттар интернеттегі дайын мәліметті көшіріп алып, ChatGPT көмегімен құрылымын ғана өзгертіп, өз медиаларында жариялап жүр. Бұл бір жағынан уақыт үнемдесе, екінші жағынан авторлық еңбек пен плагиат мәселесін тудырып отыр. Оның пікірінше, ЖИ арқылы жазылған мәтін адамның ішкі ойы мен сезімін жетізе алмайды.

"ЖИ деректі жылдам тауып, сұрыптап береді. Сондықтан жасанды интеллектіні тек цифрға негізделген мәліметті іздеу барысында қолданған жөн", – дейді ол.

Журналистердің орнын ЖИ алмастыра ала ма?

Әйнел Әмірхан жасанды интеллекттің мүмкіндігі оны қалай қолданатыныңа байланысты екенін айтады. Оның пікірінше, ChatGPT секілді құралдар журналистердің орнын алмастырмайды, бірақ көмекші бола алады.

"ChatGPT-мен қаншалықты ұзақ коммуникация жасасаң, соншалықты ол сені танып біле бастайды. Стиліңді, ойлау логикаңды түсінеді. Кейін тура сен сияқты, сенің стиліңде мәтін жаза алатын деңгейге жетеді. Бірақ бәрі тапсырманың қалай берілгеніне байланысты, ұсақ-түйегіне дейін түсіндіріп жазу керек", – дейді ол.

Әйнел Әмірхан ЖИ тек ChatGPT-мен шектелмейтінін атап өтті. Мысалы, шетелде жасанды интеллектке негізделген жүйенің өзі подкаст саласында мыңдаған эпизод шығарып отыр. Олар әлемде болып жатқан өзекті тақырыптарды жинап, автоматты түрде контент жасайды.
Ал Диас Нұрақынның пікірінше, ЖИ осы қарқынмен дамыса, журналистердің орнын толық алмастыруы мүмкін. Қазірдің өзінде кей редакциялар жасанды интеллектіні сайттардың ішіне орнатып қойған. Ол жаңалықты өзі іріктеп, тақырып қойып, мәтінін өңдеп жариялап отыр.

"Бірақ оқиға орнына барып, спикермен сөйлесіп, жағдайды көзбен көріп келетін журналистердің орнын ЖИ баса алмайды. Болашақта медиа саласында редактор және оқиға орнына барып сюжет жасап келетін журналистер ғана қалады. Ал дайын мәтінді оқитын дикторлар мен интернетте бар материалдармен жұмыс жасайтын журналистердің орнын ЖИ тартып алады", – дейді ол.

Редактордың айтуынша, ЖИ тек қана журналистиканы емес, көптеген саланың орнын басады. Тіпті қазір ChatGPT түрлі тақырыпта өлең, тіпті оған әуен де жаза алады. Тіпті оны қалаған адамның даусына салып, орындап бере алады. Бір күні бізге әнші, ақын, сазгер де керек болмайды. Өйткені ChatGPT барлығын бір-екі минут ішінде жасап жатыр.

"Сонымен қатар, балалар әдебиеті мен балалар журналына сурет салатын суретшілердің де орнын тартып алып жатыр. ЖИ-ға нақты тапсырма беріп, сурет салып беруін сұрасаң, балаларға арнаптүрлі-түсті бояуымен салып береді. Ешқандай авторға гонорар төлеп, атын көрсетудің қажеті жоқ. Тек қана жүйеге бір айға ақысын төлеп, жазылсаң жеткілікті. Бұл бір жағынан арзан, уақытты тиімді етіп, жұмысты жеңілдетіп жатыр", – деді ол.

Шындық мен өтірікті ажырату қиындады

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект шынайы мен жалған ақпаратты ажыратуды қиындатып жіберді. Қазір әлеуметтік желілерде ЖИ көмегімен жасалған видеолар көбейіп, адамдар олардың рас-өтірігін айыра алмай жатыр. Шынайы видеоға "жалған" деп сенбейтіндер мен, керісінше, ЖИ жасаған контентке сеніп қалатындар көбейген.

"Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы танымал адамдардың, тележүргізушілердің бейнесін пайдаланып, казино сияқты заңсыз жарнамалар таратып жүргендер де бар. Бұл – қауіпсіздік тұрғысынан үлкен қауіп", – деді Диас Нұрақын.

Әйнел Әмірхан қазақ тілінде контент жасаушылардың жағдайына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазақ тілінде жұмыс істейтін ЖИ құралдары аз әрі әлсіз.

"Мен қазақша контент жасайтын адам ретінде орыс тілінде жұмыс істейтін маманнан ұтыламын. Өйткені орыс тілінде видеоны өңдейтін, мәтінді қысқартатын құралдар көп", – дейді ол.
Спикер мұның себебін тілдік дерекқордың жеткіліксіздігімен байланыстырады. Біз көбіне ақпаратты орысша сұраймыз. Сол себепті ЖИ базасында қазақ тіліндегі мәлімет аз. Нәтижесінде қазақ тіліндегі ЖИ әлсіз жұмыс істейді, – деді.

Оның айтуынша, егер ақпаратты қазақ тілінде сұрасақ, ChatGPT базасында қазақ тілді ақпарат күшейеді. Сонда болашақ ұрпақ біз көріп отырған қиындыққа тап болмайды.

"Қазақтілді контентмейкерлер мен журналистер заманнан кешігіп жатыр. ЖИ керек пе, керек емес пе, қауіпті ме, жоқ па деп жүрміз. Ал шетелдіктер бұл туралы әлдеқашан талқылап қойған. Олар жасанды интеллектіні медицинада, экологияда, күрделі салаларда нақты шешімдер ұсыну үшін қолданып жатыр. Сондықтан біздің орнымызды біреу басып алады деп қорықпау керек. Керісінше, оның мүмкіндіктерін пайдалану керек", – деді Әйнел

Этика мен медиасауат қажет

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллектті қолдануда этика мен медиасауат қатар жүруі тиіс. Әйнел Әмірхан жалған видео мен шынайы видеоны ажырату, дипфейк, фактчекинг сияқты ұғымдарды мектеп жасынан бастап үйрету қажет екенін айтты. Сондай-ақ ЖИ-ді меңгеру маманның нарықтағы құнын арттыратынын атап өтті.

Ал Диас Нұрақын жасанды интеллекттің эмоциясы жоқ құрал екенін, сондықтан оны қолдану адамның жауапкершілігінде екенін еске салды.

Мәтінін редакциялаған: Жадыра Әділбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:53

12:29

12:23

12:15

12:06

11:48

11:33

11:22

11:02

10:43

10:41

10:22

09:59

09:39

09:17

08:52

21:26

21:21

19:27

18:01

17:38

17:28

17:15

17:14

17:02