ffin.kz

Жанашыр жанды жау тұтпа...

Жанашыр жанды жау тұтпа... Сурет: Greatlabel.ru

«Өмірдің басы – бала, ортасы – адам, 

Қартайып шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмам, – дейді Шәкерім.

Айтса-айтқандай, өмірдің өткінші екені даусыз. Тұрлаусыз дүние. Бес күндік жалған. Бүгін жаныңда жүрген адамнан ертең мәңгіге көз жазып қалуың ғажап емес. Бірақ біз оны ойламаймыз. Айтысамыз, тартысамыз, ренжиміз, ренжітеміз. Cөйтіп жүріп өлшеулі ғұмырдың соңғы сағаты соғар сәтке келіп жеткенімізді білмей де қаламыз.

Бұл өмірдегі ең нәзік әрі ең күрделі нәрсе, ол – жақын адамдарыңмен қарым-қатынас. Сыртта әркім ақылды, мәдениетті, сыпайы бола алуы мүмкін. Өйткені ол – басқа орта, бөтен адамдар. Ал өзгелермен қарым-қатынаста өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, өзі туралы тек жақсы пікір қалыптастыратын адам отбасында да сондай болуы екіталай. Жақындарының жанында өзін еркін ұстайтындығынан ба, әйтеуір адамның шынайы болмысы, мінез-құлқы көп жағдайда отбасында, туған-туыс арасында көрінеді. «Жақыныңды жаттай сыйла, Жат жанынан түңілсін» деген өсиетті бабаларымыз содан да айтқан ба дерсің. Себебі, жеме-жемге келгенде басыңа қандай іс түссе де, қандай жағдайға тап болсаң да қасыңнан табылатын бәрібір сол жақындарың ғой.

«Ешкіммен қатты сөзге барыспай, сыйласып жүргенге не жетсін! Бірақ кейде жақын адамыңа қатты айтсаң ол оны жек көргендігіңнен немесе ренжітейін дегеніңнен емес. Кейбір ісіне көңілің толмайды, қарның ашады. Жақсы болса екен дейсің. Ал кемшілігін көрсең де көрмегенсіп: «сен жақсы», «мен жақсы» деп жүре берсең жанашырлығың қайсы?!» – дейді Жәмила атты келіншек. Оны қазіргі жастар уақыттың қадірін білмейтіні, жеңіл ойлайтыны қапаландырады. Айтуынша, жасы 25-ке келіп қалған қызы өз жасына лайық тірлік істеуді, болашағын ойлауды қойған. Жоғары оқу орнын бітіргенімен, мамандығы бойынша жұмыс қрарастыруды қаламаған. Сауда орындарының бірінде сатушы болып істейтін көрінеді.  

«Мектепті үздік бітірді. Университетте де жақсы оқыды. Танитын-білетіндердің барлығы: «Қызыңыз қандай кішіпейіл, ылғи күліп тұрады, қабағы ашық» деп мақтайды. Үйде де сондай болса, қанеки! Бойжеткен сайын түрлі қылық шығаратын болды. Әсіресе соңғы кездері жұмысқа уақытылы барып келсе, ай сайын аз-маз жалақысын алса болды, басқа ештеңеге бас қатырмайды. Бос уақытының көбін ұйқымен өткізеді немесе құрбыларымен киноға барады, кафеден шықпайды. Одан қалса күндіз-түні өзін-өзі суретке, видеоға түсіріп, статусқа салуға, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына жүктеуге құмар. Сондағысы – көбіне жартылай жалаңаш суреттер. Сосын қалай ренжімейсің? «Осындай фотоны не мақсатпен түсіресің? Жалаңаштансам – керемет сұлу болып көрінемін деп ойлайсың ба?» десем, «Мәселе – мақсатта емес, өзіме солай ұнайды. Адам ең бірінші өзін жақсы көруі керек» дейді. Адамның өзін жақсы көруі қайта-қайта айнаға қарап немесе өзін-өзі суретке түсірумен өлшенбейтінін, ол әр нәрсеге бір қызығатын, мектеп жасындағы кішкентай қыздарға жарасатын қылық екенін айтып түсіндіре алмадым. «Мен не істесем де ұнатпайсыз. Қолдаудың орнына, ылғи тыйым салып, шектей бересіз» деп ренжиді. Кейінгі кезде тіпті үйден қашып, құрбыларына кетіп қалатынды шығарды», – деп қынжылады анасы.

Мұндайда кесіп-пішіп бірдеңе дей қою қиын. Әркім өзінікін жөн санайды. Қыздың ойынша, ол «әлі жас. Жас кезде бәрін көру керек және не істесе де, ол – оның өз өмірі, өз қалауы. Жеке кеңістігіне қол сұғуға, әркім өз түсінігінше жүргізіп-тұрғызуға, сынап-мінеуге тиіс емес». Анасына салсаң: «адамның өзін өзі жақсы көруі деген, ең бірінші, өз-өзіне жаны ашуы. Ал өзіне жаны ашыса, адам ең әуелі жалқаулық, дарақылық, сын айтқан адамды жау тұту сияқты жаман әдеттерден арылуы керек. Жас кезіңде пайдасыз нәрсеге кетірген әр сағат, әр минутқа кейін өкінбес үшін уақыттың қадірін білу, қатарыңнан қалмауға тырысу, өміріңе қажетті, пайдалы ілім, білім, кәсіп меңгеруге тырысу маңызды».

Қалай болғанда да, бүкіл есіл-дерті әлеуметтік желіге ауған, өмір туралы түсінігі таяз, болашағын терең бағамдай бермейтін жастардың мұндай қамсыз, қаперсіз қалпы аға буынның көңіліне қонбайтыны бекер емес. Айтса көргені, көкейге түйгені көп болған соң айтады. Ата-ана алаңдаса үміт күткен көзінің нұры перзенті ойнақтап жүріп от баспаса, опық жемесе деп алаңдайды. Жалпы, соққан желдей, аққан селдей жалт етіп өте шығатын жалған дүниеде адамдардың бір-бірін түсінгеніне, жақынының жанашырлықпен айтқан сөзінің парқына жете білгеніне не жетсін!..    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55