Алматыда Дүниежүзілік қан доноры күніне орай Донорлар фестивалі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараға түрлі мамандық пен жастағы азаматтар қатысып, қан құюды қажет ететін жандарға көмек көрсету мақсатында бірікті.
Фестивальді Алматы қалалық кардиологиялық орталығы мен Қалалық қан орталығы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов ұзақ жыл бойы тұрақты түрде қан тапсырып, үлгі көрсетіп, өзгелерді қайырымдылыққа үндеп жүрген донорларға алғыс хаттар табыстады.
«Әрбір қан тапсыру – біреудің өмірін сақтап қалуға берілген мүмкіндік. Әр донорлықтың артында адамгершілік, жанашырлық және бейтаныс жанға көмек қолын созуға дайындық жатыр. Осы игі іске уақыт тауып, үлес қосып жүрген азаматтарға шынайы алғыс білдіремін», – деді Марат Пашимов.
Акция барысында 98 адам тіркеуден өтті. Міндетті медициналық тексеруден және денсаулық жағдайын бағалаудан кейін олардың 72-сі қан тапсыруға жіберілсе, 26 адамға медициналық көрсеткіштерге байланысты уақытша шектеу қойылды.
Акция нәтижесінде 36 литрден астам қан (36 936 мл) жиналды. Донорлардың басым бөлігін бірінші оң қан тобының иелері – 27 адам. Сонымен қатар, екінші оң қан тобынан – 17, үшінші оң қан тобынан – 16, төртінші оң қан тобынан – 7 адам қан тапсырды. Сирек кездесетін теріс резус-факторлы донорлар да қатысты: үшінші теріс қан тобынан – 3 адам, төртінші теріс қан тобынан – 2 адам.
Қан мен оның компоненттері жол апатынан зардап шеккендерге, күрделі отадан кейінгі науқастарға, онкологиялық және гематологиялық аурулары бар адамдарға, сондай-ақ босану кезінде асқынуларға тап болған әйелдерге күн сайын қажет.
Мегаполистің денсаулық сақтау жүйесі үшін донорлықтың стратегиялық маңызы зор. Жыл сайын қан компоненттеріне қажеттілік шамамен 35 мың доза, яғни бұл 11 мың литрден астам. Тұрақты түрде жүргізілетін қан құюдың арқасында мыңдаған науқас қажетті медициналық көмек алады. Күн сайын 120-ға дейін трансфузия жасалып, олардың әрқайсысы адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Донорлар фестивалі тағы бір мәрте донорлықтың өмірінде қиындық болып жатқан жандарға көмектесудің ең қарапайым әрі маңызды жолдарының бірі екенін еске салды.