Айнала тола ақ қар, безендірілген шырша, сыйлықтар мен мерекелік дастархан. Жаңа жыл жыл десе, ойымызға бірден осындай көрініс келеді. Көп жағдайда біз өзге елдерде де бұл мереке дәл осылай өтеді деп ойлаймыз. Алайда әр халықтың салт-дәстүрі, дүниетанымы мен тарихи тәжірибесіне байланысты Жаңа жылды қарсы алу тәсілі де әртүрлі.
Кейбір елдерде бұл мереке көңілді думанмен, қатты шу-салтанатпен өтсе, енді бір мемлекеттерде тыныштық пен ой елегінен өткізуге арналған ерекше күн ретінде қабылданады. Толығырақ Aqshamnews.kz редакциясы ұсынған мақалада.
Жаңа жылдың шығу тарихы
Адамзат Жаңа жылды шамамен төрт мың жыл бұрын атап өте бастаған. Ежелгі Мысырда бұл мереке көктемнің келуімен, табиғаттың жаңаруымен байланысты болған. Ол қазіргі кездегі мерекелік форматтан өзгеше өткен. Дегенмен, адамдардың Жаңа жылды өмірді жаңа парақтан бастау, өткенді артқа қалдыру кезеңі ретінде қабылдауы бүгінге дейін сақталған ортақ ұғым.
Қазіргі таңда әлем елдерінің басым бөлігі григориан күнтізбесін қолданады. Бұл күнтізбе бойынша жыл 365 күнге созылады, ал әр төрт жыл сайын бір кібісе жыл бар. Көпшілік үшін Жаңа жыл 1 қаңтарда басталғанымен, кейбір елдерде бұл күн өзгеше есептеледі.
Балидегі Жаңа жыл: тыныштық пен медитация
Индонезиядағы Бали аралында бірден екі күнтізбе қолданылады. Негізгі діни мерекелер павукон күнтізбесі бойынша өтсе, Жаңа жыл Ньепи немесе Тыныштық күні сака күнтізбесімен атап өтіледі. Бұл күнтізбеде жыл 365 күннен тұрады.
Ньепи мерекесі айдың тууымен сәйкес келуі тиіс, сондықтан оның нақты күні жыл сайын өзгеріп отырады. Әдетте көктем айларына сәйкес келеді. Бұл күні Балиде толық тыныштық орнайды: көшелер бос, жарықтар өшіріледі, әуежайлар мен мекемелер уақытша жұмысын тоқтатады. Жергілікті тұрғындар бұл уақытты медитацияға, ораза ұстауға және ішкі рухани тазалыққа арнайды.
Әлем елдеріндегі ерекше дәстүрлер
Жаңа жылды қарсы алу дәстүрлері елге қарай айтарлықтай ерекшеленеді:
Италияда жаңа жыл қарсаңында ескі заттардан арылу дәстүрі бар. Бұл - өткенмен қоштасудың белгісі. Сондықтан, мереке кезінде терезеден үтік, орындық, т.б. ескі-құсқы заттардың терезеден лақтырылуы - қалыпты жағдай. Италиялықтардың жаңа жыл дастарханында міндетті түрде жаңғақ, жасымық сорпасы және жүзім болады. Осы аталғандар ұзақ өмір сүрудің, денсаулық пен бақ-берекенің белгісі саналады.

Сурет: naskoruyuruku.ru
Италиялықтар жаңа жылдың ең алғашқы күні кімді кезіктіретініне де қатты мән береді. Егер 1 қаңтар күні адам алғаш жолықтырған кісі монах немесе дін қызметкері болса, бұл жаман ырым саналады. Сондай-ақ кішкентай баланы жолықтыру да жақсылыққа баланбайды. Ал ең алғашқы болып қарт адам жолықса - бұл бақыт пен сәттіліктің белгісі деп саналады.
Панамада жаңа жылды барынша улап-шулап қарсы алады: көлік сиреналары қосылып, адамдар айқайлап, ысқырады. Үлкен-кіші, кәрі-жастың бәрі қолдарына не түседі, сонымен барынша қиқулап жылды қарсы алады. Мұның бәрі келе жатқан жаңа жылды "ояту үшін", яғни оны сәтті әрі берекелі ету үшін жасалады.

Сурет: panama.ru
Ал Эквадорда түн ортасында қуыршақтар өртеледі. "Жесірлердің жылауы" деп аталатын бұл рәсім кезінде олар өздерінің "жаман күйеулерін" еске алады.

Сурет: vk.com/@biblioteka_dk
Егер бір жыл бойы саяхаттауды қаласа, дәстүр бойынша эквадорлықтар сағат 12-ні соққанша үйдің айналасында чемодан немесе үлкен сөмкемен жүгіру қажет деп санайды.
Эквадорлықтар арасында жаңа жылда бай болғысы келсе немесе махаббатын жолықтырғысы келсе, сағат 12-ні соққан сәтте сары түсті іш киім кию керек деген қызық дәстүр бар.
Сонымен бірге, эквадорлықтар өткен жылдың барлық қайғылы сәттерінен арылудың ең жақсы жолы ретінде көшеге суы бар стақан лақтырып, оны сындыруды ұсынады. Олардың ойынша, осылайша барлық жаман нәрсе сынып, "жоқ болады".
Ал Швеция әлемге алғашқы шыны шырша ойыншықтарын сыйлаған ел ретінде белгілі (XIX ғасыр). Бұл елде Жаңа жылда үйлердің жарығы сөндірілмейді, көшелер жарқыратып жарықтандырылады. Бұл шын мәнінде жарық мерекесі болып саналады.

Сурет: grand-tour.ru
Швецияда Жаңа жыл алдында балалар "Жарық патшайымы" Лючияны сәндейді. Оған ақ көйлек кидіріп, басына шам жағылған тәж тақады. Лючия балаларға сыйлықтар әкеліп, үй жануарларына да тәттілер береді. Мысалы, мысыққа - қаймақ, итке - қанттан жасалған сүйек, есекке - сәбіз. Мерекелік түнде үйлерде жарық сөнбейді, ал көшелер жарықпен әсемделеді.

Сурет: grand-tour.ru
Жапонияда жаңа жылдың келуін қоңыраудың 108 рет соғылуы хабарлайды. Ежелгі сенім бойынша әрбір қоңырау адамгершілікке жат жаман қасиеттердің бірін "жояды". Жапондардың айтуынша, бұл қасиеттердің саны алтау: ашкөздік, реніш, ақымақтық, жеңілтктік, шешім қабылдай алмау, қызғаныш.

Сурет: vk.com/wall-139092997_16048?z=photo-139092997_457242757%2Fd4ba7493be4c01ba99
Жапон балалары Жаңа жылды жаңа киімде қарсы алады. Бұл дәстүр жаңа жылда денсаулық пен сәттілік әкеледі деп есептеледі. Жаңа жыл түнінде олар жастық астына сегіз керемет сиқыршы – бақытты қорғаушылардың суреті бар желкенді кеменің суретін жасырады.
Жапондықтар жаңа жылдың алғашқы секундтарын күліп қарсы алу керек, бұл сәттілік әкеледі есептейді. Сондай-ақ, бақыт үйге кіруі үшін, жапондар үйдің кіреберісін бамбук пен шырша бұтақтарымен безендіреді: бұл ұзақ өмір мен адалдықтың символы. Шырша ұзақ өмірді, бамбук адалдықты білдіреді.
Үстелдегі тағамдар да символикалық мәнге ие: ұзын макарон - тұзақ өмір белгісі, күріш - молшылық, карп балығы - күш-қуат, бұршақ - денсаулық. Әр отбасы жаңа жылға арналған дәстүрлі тағам - моти (күріш ұнынан жасалған кішкентай кәмпиттер, бәліштер, тоқаштар) дайындайды.

Сурет: sushipapa.com.ua
Грекияда қонақтар өздерімен бірге үлкен тас ала келеді де, оны үй есігінің алдынан лақтырып, былай деп айтады: "Үй иесінің байлығы осы тас сияқты ауыр болсын". Ал егер үлкен тас табылмаса, кішкентай тас лақтырады да: "Үй иесінің көзіндегі дақ осы тас сияқты кішкентай болсын" деп тілейді.

Сурет: prosto-travel.ru
Жаңа жыл гректер үшін Әулие Василийдің күні, ол өзінің мейірімділігімен танымал болған деседі. Грек балалар каминнің жанында етік қалдырады. Әулие Василий оларды сыйлықтармен толтырады деп үміттенеді.
Қай елде атап өтілсе де, Жаңа жыл - үмітке толы жаңа кезеңнің, жақсылықтың бастауы саналады.