Жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелері дамыған сайын еңбек ұғымының өзі түбегейлі өзгеріп барады. Бұрын адамның қатысуынсыз елестету мүмкін болмаған салаларда енді алгоритмдер шешім қабылдай бастады. Ал цифрлық технологиялар болса, адамның виртуалды көшірмесін жасақтауға көшкен.
Бүгінгі таңда жасанды интеллект бухгалтерия, логистика, денсаулық сақтау, заң және креатив салаларындағы кез келген қызметті атқаруда. Алгоритмдер мұны адамнан жылдамырақ, нақтырақ әрі шаршамай орындайды. Тиімділік үшін компаниялар адами ресурсты шеттетіп, ЖИ жүйелерін кеңінен енгізіп жатыр. Бір қарағанда, бұл – өндірістің тиімділігін арттыратын жақсы жаңалық.
Алайда, мемлекет пен қоғам жаңа технологияны әділеттілік пен инклюзия принципіне сүйенбей қолданса, жүйенің өзі адамды шеттете бастайды. Бұл жағдайда ЖИ мен цифрлық көшірмелер мүмкіндік емес, қауіпке айналуы мүмкін.
Экономист Дарон Аджемоглу автоматтандыру реттелмесе, бұл үрдіс жұмыссыздық пен теңсіздіктің өсуіне алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Қазірдің өзінде көптеген компаниялар тиімділік үшін адамды емес, жүйені таңдауда. Бірақ бұл өзгерістің әлеуметтік салдары әрдайым ескеріліп жатқан жоқ. Экономист Дарон Аджемоглу бұл өзгерістерге қатысты ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп келеді. Ол Джеймс Робинсонмен бірігіп жазған «Why Nations Fail» атты кітабында атап өткендей, технологиялық жетістіктер мен тиімділікке ұмтылу – әрқашан әділдік пен инклюзияға әкелмейді. Керісінше, егер бұл процестер ашық әрі инклюзивті институттармен реттелмесе, технология қоғам ішіндегі теңсіздікті күшейтіп, билік пен байлықты аз ғана топтың қолына шоғырландыруы ықтимал.
Қазір дәл осындай қауіп бар. Аджемоглу ескерткендей, автоматтандыру дұрыс басқарылмаса, жұмыссыздықтың артуы, жұмысшылардың құқығының шектелуі, әлеуметтік қақтығыстардың ушығуы мүмкін.
Осы орайда тағы бір таңқаларлық құбылыс – адамның цифрлық көшірмелері пайда бола бастады. Болашақ туралы батыл болжамдарымен танымал футуролог Рэй Курцвейл «2045 жылға қарай адам санасын виртуалды ортаға толық жүктеу мүмкін болады» деп болжаған еді.
Қазірдің өзінде MindBank, Replika сынды стартаптар нақты адамға тән ақпараттар негізінде цифрлық аватарлар жасап жатыр. Бұл жүйелер адамның жеке стилі мен ойлау үлгісін үйреніп, онымен тілдескенде нақты адаммен сөйлескендей әсер береді. Ертеңгі күні мұндай цифрлық көшірмелер экономикада да белсенді қызмет атқара алуы мүмкін – яғни, физикалық денесі жоқ, бірақ кәдімгі адам сияқты жұмыс істей алатын «қызметкерлер» пайда болады деген сөз.
Аджемоглу мен Берек (Simon Johnson) «Power and Progress» атты еңбегінде технологиялық прогрестің әлеуметтік әділетсіздікті тереңдету қаупін ескертеді. Олардың ойынша, технология өздігінен байлық әкелмейді – байлыққа кім ие болатыны маңызды. Сондықтан ЖИ дәуірінде тек өнімділік емес, әділеттілік те басты өлшем болуы керек.
Қалай дегенмен де, жасанды интеллект пен цифрлық көшірмелер – енді болашақтың емес, бүгінгі күннің нақты шындығы. Бұл өзгерістер еңбек, мамандық, тіпті адамның өзі туралы түсінігімізді өзгертуде. Сондықтан қазірден бастап жаңа жағдайға бейімделудің жолын іздеу, технологиялық дамуды әлеуметтік теңдікпен қатар ұстау – қоғамның, мемлекеттің және әрбір адамның ортақ міндетіне айналуы тиіс.
Дегенмен көптеген сұрақтар жауапсыз қалуда. Мысалы, егер цифрлық көшірме табыс тапса, сол табыс кімге тиесілі болады – адамға ма, отбасына ма, әлде көшірменің өзіне ме? Салықты кім төлейді – адам ба, әлде цифрлық субъект пе? Сондай-ақ мемлекет заңдары мұндай «гибридтік тұлғаларға» бейімделе ала ма?
Бұл сауалдар қазіргі таңда Давос форумында, халықаралық цифрлық құқық конференцияларында бұрынғыдай фантастика емес, шынайы стратегиялық мәселелер ретінде қарастырылып жатыр.
Ең бастысы, жасанды интеллект пен цифрлық көшірмелер қаншалықты дамыса да, адам өз орнын жоғалтпауы керек. Тек экономикада ғана емес, мәдениетте, тарихи санада да адам басты тұлға болып қалуы қажет.