Жасанды интеллект қазір күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Оны біреулер білім алуға, жұмысын жеңілдетуге пайдаланса, "арам" ниетті алаяқтар қылмыстық мақсатта қолданады. Кейінгі кезде кибералаяқтар ЖИ көмегімен адамдарды алдап, сеніміне кіру үшін дипфейк технологиясын белсенді пайдалана бастады.
Алаяқтар адамның ескі фотосуреттерін, дауыс жазбаларын өңдеп, шынайы бейне мен аудиоға ұқсас жалған материалдар жасайды. Осылайша, адам игілігі үшін жасалған технология қылмыскерлердің қолындағы "жаңа қаруға" айналып отыр. Дипфейк арқылы жасалатын бұл қауіп туралы Aqshamnews.kz тілшісі баяндайды.
Дипфейк деген не?
Дипфейк (deep fake) - нейрожелілердің көмегімен нақты адамдардың бет-бейнесі мен дауысын пайдаланып, жалған бейне немесе аудиожазба жасауға мүмкіндік беретін технология.
Алдымен жүйе адамның сыртқы келбеті мен дауысын талдайды. Кейін сол адамның дауысымен сөйлейтін, әрекет жасайтын бейнежазба құрастырады. Мұндай оқиғалар адамның шынайы өмірінде болмағанымен, көрерменге шынайы болып көрінеді.
Бұрын дипфейк жасау үшін арнайы мамандар мен қуатты компьютерлер қажет болса, бүгінде смартфон мен тегін қосымшаның өзі жеткілікті.
Дипфейкті алаяқтар қалай қолданады?
Адамдарды өз құрығына түсіру үшін алаяқтар "алдарына жан салмайды". Олар адамдарды алдау үшін түрлі "қулыққа" барады. Соның ішінде көп таралған мысалдар жеткілікті.
"Бухгалтер, шұғыл ақша аудар!"
Халықаралық компаниялардың бірінде бухгалтерге "директор" атынан бейнеқоңырау шалып, шұғыл мәміле үшін ақша аударуды талап еткен. Дауысы мен бет-әлпеті басшысынан айнымайтын бұл адам кейін алаяқтардың жасаған дипфейкі болып шыққан. Нәтижесінде компания 250 мың еуродан айырылды.
"Анашым, көмектес!"
Былтыр Алматы қаласының тұрғынына "ұлынан" қоңырау түсіп, 200 мың теңге сұраған. Әйел дер кезінде отбасында келісілген код сөзді сұрағанда, алаяқ байланысын үзген. Бұл қарапайым әдіс қаржылық шығынның алдын алды.
Жалған инвестициялық кеңестер
Әлеуметтік желілерде танымал кәсіпкерлердің атынан жасалған "бейне сұхбаттар" да қазір көп. Онда айына 30%-ға дейін табыс уәде етіледі. Шын мәнінде, бұл - дипфейк, ал инвестициялық платформалар жалған. Қазақстанда мұндай схемалардан адамдар ірі көлемде ақша жоғалтқан.
Жалған шенеуніктер
Алаяқтар мемлекеттік қызметкерлердің бейнесін де қолданып, субсидиялар мен өтемақылар уәде етеді. Сілтеме арқылы жеке деректерін енгізген азаматтар кейін банк карталарынан айырылып жатады.
Дипфейкті қалай ажыратуға болады?
- Күмәнді жағдайлар - ақша аударуды, сілтемені басуды немесе тез шешім қабылдауды талап ету.
- Бейненің сапасы - ерін мен дауыс сәйкессіздігі, табиғи емес жыпылықтау, "пластикалық" тері.
- Дауыс ерекшелігі - бірқалыпты интонация, сәйкес келмейтін фондық дыбыс.
- Дереккөзді тексеру - ресми сайттармен және тексерілген аккаунттармен салыстыру.
- Кері іздеу - бейне немесе скриншотты Google Images, Yandex арқылы тексеру.
- Фактілерді растау - ресми БАҚ пен ведомстволарда ақпараттың бар-жоғын қарау.
Fingramota.kz мамандарының айтуынша, осы аталған жағдайлардың бірінен күмәндансаңыз, дереу әрекетке көшу керек.
Күмәнді бейне немесе аудио келсе не істеу керек?
- Материалды бірден таратпау керек;
- Файл мен дереккөзді сақтап не жүктеп алу керек;
- Ақпаратты тексеру;
- Бейнеде көрсетілген адамға (танысыңыз не жақыныңыз) тек "ескі", сенімді нөмір арқылы хабарласу;
- Қаржылай қауіп төнсе, банкке және полицияға дереу жүгіну.
Әр отбасының код сөзі дипфейктен қорғайды
Әр отбасы алдын ала тек жақындары білетін код сөзді өзара келісіп алғандары жөн. Шұғыл ақша сұралған жағдайда осы код сөзді атауды талап ету арқылы мән-жайды бағамдап, тексеріп алуға болады. Жауап сәйкес келмесе, ешқандай әрекет жасамау керек.
Ұйымдарға арналған ұсыныстар
- Ақша аударымдарына көп факторлы тексеру енгізу;
- Шұғыл тапсырмалар үшін "екі арна" қағидасын қолдану;
- Қызметкерлерді дипфейкті тануға үйрету.
Қазақстандағы құқықтық жауапкершілік
Қазақстан заңнамасында "дипфейк" ұғымы жеке бекітілмегенімен, оны пайдаланып жасалған алдау әрекеттері Қылмыстық кодекстің қолданыстағы баптарына жатады:
- ҚР ҚК 190-бабы - алаяқтық;
- ҚР ҚК 274-бабы - жалған ақпарат тарату;
- ҚР ҚК 147-бабы - жеке өмірге қол сұғылмаушылық;
- ҚР АК 143-бабы - жалған материалды алып тастау және моральдық зиянды өтеу.
Маңызды ескеретін жайт, дипфейкті таратқандар да әкімшілік немесе азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Fingramota.kz ұсынған кеңестер алаяқтардың "арбауына" түсуден қорғайды:
- Күмәндану - қауіпсіздіктің басты қағидасы;
- Отбасылық қауіпсіздік алгоритмін жасау;
- Инвестициялық ұсыныстарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы арқылы тексеру;
- "Шұғыл" өтініштерге сенбеу;
- Күдікті жағдайлар туралы www.gov.kz, eOtinish.kz немесе 102 нөміріне хабарлау.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілді табыс уәдесін тек алаяқтар ғана беретінін еске салады. Күмәнді сілтемелерге өтпей, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеген жөн.