Бұл жоба Қазақстан-Түркия инвестициялық ынтымақтастығы тарихында серпінді болатыны сөзсіз
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Yildirim Holding компаниялар тобының президенті - бас директоры Роберт Юксель Йылдырыммен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Компания басшысы Премьер-Министрге компанияның Қазақстандағы қызметі мен жаңа жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді.
Қазіргі уақытта Yildirim Holding Ақтөбе облысында хром кенін және концентратын өндіру бойынша табысты жұмыс істеп келеді, сондай-ақ «Қазгеология» АҚ-мен бірлесіп, шикізат базасын толықтыру аясында Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында геологиялық барлау жүргізіп жатыр.
Р.Ю. Йылдырымның айтуынша, 2013 жылдан бастап холдинг Қазақстан экономикасына $500 млн-нан астам инвестиция салған.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі Yildirim Holding компаниясының Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторларының үштігіне кіретінін ескере отырып, біздің елге инвестицияларды кеңейтуді құптайтынын жеткізді.
Премьер-Министр холдинг бастамашылық еткен Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытын салу жобасы үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан оны импорттаудан экспорттауға көшуі тиіс.
«Бұл жоба Қазақстан-Түркия инвестициялық ынтымақтастығы тарихында серпінді болатыны сөзсіз. Мемлекет қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Осыған байланысты 2025 жылға дейін зауытты іске қосу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының белсенді кезеңі басталады деп отырмыз», - деді Әлихан Смайылов өз сөзінде.
Өз кезегінде Р.Ю Йылдырым қазақстандық әріптестеріне жобаларды жүзеге асыруда көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, Yildirim Holding Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.