ffin.kz

Жалынды жылдарымыздың жарқын куәсі

Жалынды жылдарымыздың  жарқын куәсі almaty-akshamy.kz

«ALMATY AQSHAMY» – 35. Біздің түлектер


 


Осыдан он сегіз жыл бұрын университетті тәмамдап, дипломды журналист ретінде жұмыс іздеп жүрген шағымыз еді. Студент кезімізде студенттер қалашығының жанындағы «Спорт» газетінде бір жарым жылдай, жаңадан ашылған «Айқын» газетінде штаттан тыс, «Азамат.кз» газетінде үш ай жұмыс істеп аздап тәжірибе жинап қалғанбыз. Енді тұрақты жұмыс табу керек болды. Өйткені, бұрынғыдай тегін жатақхана жоқ, пәтерде тұру үшін қаржы керек.


Міне, осындай жас түлек үшін сын сәтте университетте оқытушымыз болған белгілі айтыскер, ақын Бекжан Әшірбаев ағамыз «Алматы ақшамына» қарай жол сілтеді. Бекжан ағамыз алдын ала айтып қойған соң бірден бас редактордың бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұ л ы н а ж о л ы ғ ы п , тапсырма алып шықтық. Сол кезде баспасөзде саяси тақырыптар қызу талқыланатын. Саяси сарапшы ретінде газет беттерінен түспейтін сарапшылар да бірен-саран еді. Сол аздың бірі, саясаттанушы Әзімбай Ғали ағамыздың үйіне барып, сұхбат алдым. Дереу орындалған тапсырма көп ұзамай газеттің қалың болып шығатын бейсенбілік санында «Астана мен Алматы қазақыланбай, Қазақстан қазақыланбайды» деген тақырыппен айқарма бетті алып жарқ ете қалды. Сол 2005 жылы газет басшылығына келген Қали Сәрсенбай ағамыздың бұйрығы да көп күттірмей, бірден қала газетінің тілшісі ретінде журналистік қызу еңбекке араласып кеткен едік. Міне, содан жеті жылдан аса уақыт еңбек етіп барып қоштасқан бұл редакция біздің «айхай, жиырма бесіміз» өткен жалынды жылдарымыздың жарқын куәсі ретінде әрдайым жүрегіміздің бір бұрышын жылытып тұратынымен ыстық.


«Ақшамда» жастар біршама жиналдық. Алды фототілшілер Жеңіс Ысқабай, Самат Құсайын, тілшілер Ержан Байтілестен бастап, Өркен Жоямерген, Азамат Қасым, Әсия Бағдәулетқызы, Мәншүк Бекбосын, Әйгерім Сауытбек, Динара Мәлікова, Жандос Байділда, Ермұхамет Мәулен, Ербол Тұрымбет, Айкерім Райысқызы және т.б. қыз-жігіттер қалалық газеттің мазмұнды да оқылымды шығуына бір кісідей атсалыстық, өзіміз де ысылдық, танылдық. Қазір басым бөлігі әртарапта жауапты қызмет етіп жүр. Бізге ағалық танытқан Қали Қошқарұлынан бастап, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Өтеш Қырғызбайұлы, Әнуарбек Әуелбек, Құттыбек Аймахан, Айнабай Мәди, Бақыт Ойса және апайларымыз Нұржамал Байсақал, Рая Ескендір секілді ғазиз жандардың тәрбиесін көргенімізге қуанамыз.



«Алматы ақшамы» сол жылдары қалалық газет болса да республикалық көптеген басылымдардан қызғылықты, оқылымды шыққаны есімде. Тіпті, көптеген айдарлар, жобалар, тақырыптардың атауларына дейін әлі есімде. Мәселен, 2008 жылы газеттің жиырма жылдығына орай сегіз қосымша шықты. Біз «Біз...» деген қоғамдық-саяси қосымшаға шығарушы-редактор болдық. Сол кезде магистратурада оқитын Азамат Қасым «Аула» деген қаланың коммуналдық қызметіне қатысты қосымша шығарды. Сонда ғой, бірге оқыған досы, қутілді айтыскер ақын Асхат Қылышбек «Азаматқа қаламақы болсын» деп көшеге шемішке шағып, қоқыс тастап жүретіні...



Міне, осы сықылды қызықты да аңғал жастығымыздың куәсі болған ару Алматының бас газеті бізді жас түлектен тас түлекке дейін баптап, әр қияға ұшырды. Осы басылымда бірге істеген Әйгерім екеуміз шаңырақ құрдық. Тойымызға бүкіл редакция қатысты. «Жас отау» неке сарайындағы салтанатты іс-шара ерекше есте қалатындай ұйымдастырылды. Сол кезде қалалық мәслихат депутаты ретінде Қали ағамыз бұл іске ұйытқы болды. Наурыздағы неке қию рәсімінде еккен қос қайыңымыз аталған сарайдың алдында саялы ағашқа айналды. «Ақшамнан» түлеп ұшқан сол жастар да бүгінде саясы бар ағаштай елге еңбек етіп келе жатқан азаматтарға айналып келеді.


«Ақшамда» қазір жаңа буын еңбек етіп жатыр. Олардың еліміздің еңселі болуына сіңіріп жатқан ерен еңбегіне табыс тілейміз!



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49