"Жағдай ауыр емес, өте ауыр". Депутат Абзал Құспан түзеу мекемелері туралы

  • 11:46, 25 маусым 2025
"Жағдай ауыр емес, өте ауыр". Депутат Абзал Құспан түзеу мекемелері туралы almaty-akshamy.kz

Депутат Абзал Құспан Мәжіліс отырысында түзеу мекемелеріндегі жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі. 

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. 

"Мен 2023 жылы депутат болып сайланған сәттен бері еліміздегі барлық негізгі түзеу мекемесін аралап шықтым. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысындағы жағдаймен танысып қайттым. Айтарым – жағдай ауыр емес, өте ауыр. Бүгін шұғыл түрде шешілуге тиіс мәселелерге тоқталғым келеді", - деді ол. 

Депутаттың айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) созылмалы қаржыландырылмауына байланысты бұл саладағы негізгі міндеттердің орындалуы қатерге тіреліп отыр.

2025 жылға ІІМ ҚАЖ комитеті 151,4 млрд теңге сомасында шығын жоспарлағанымен, тек 88,3 млрд теңге ғана мақұлданған. Бұл — 63 млрд теңге немесе 42% дефицит деген сөз.

Ең осал бағыттардың қатарында – арнайы контингентті азық-түлікпен, киім-кешекпен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бар.

Жағдайды одан әрі қиындатып тұрған – сотталғандар санының артуы (2024 жылы – 36 923, 2025 жылы – 40 364) және қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуі.

Бүгінгі таңда шұғыл түрде 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет, оның ішінде:

  • 8,7 млрд тг – тамақтандыруға (соның ішінде 2,3 млрд теңге берешекті өтеуге);
  • 3,4 млрд тг – коммуналдық қызметтерді төлеуге;
  • 2 млрд тг – киім-кешек және төсек-жабдық алуға.

Сотталған шетел азаматтарын өз елдеріне қайтару мәселесі де әлі шешімін таппай отыр.

"Жыл басынан бері 1 000-нан астам шетелдік сотталғанның небәрі 45-і ғана елдеріне қайтарылған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарын қабылдаудан бас тартуда. Осы бағыттағы халықаралық келіссөздер мен ынтымақтастықты жандандыру қажет.

Тағы бір алаңдатарлық жайт — гуманитарлық нормаларды (шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза түрін ауыстыру) қолданудағы проблемалар", - деді ол. 

Залалды өтеген, тәртіп бұзбаған сотталғандарға қатысты мұндай нормалардың қолданылмауы — әділетке қайшы.

Мәселен, 2024 жылы 12 445 өтініштің тек 4 641-і (яғни 37%) ғана қанағаттандырылған.

"2025 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазалау тәжірибесін қайта қарау қажетін атап өтті. Осыған байланысты ІІМ-мен бірлесіп заңнамалық түзетулер әзірледім.

Алайда 2020 жылдан бері жазаны өтеуді кейінге қалдыру бойынша келіп түскен 83 өтініштің тек 11-і ғана қанағаттандырылған", - деді Абзал Құспан. 

Сонымен қатар, елдегі түрмелердің инфрақұрылымы мүлде ескірген. Қазақстандағы түзету мекемелерінің 75%-ы өткен ғасырдың 30–70 жылдары, тіпті кейбірі патшалық Ресей заманында – 200–300 жыл бұрын салынған.

Бүгінгі талапқа сай келмейтін барақтық үлгідегі түрмелерді камералық типтегі заманауи мекемелермен алмастыру – кезек күттірмейтін міндет.

Барақта 80–100 адам бірге тұратын ортада тәрбиелік жұмыстар жүргізу мүмкін емес. Ондай жерде өзіндік қылмыстық субмәдениет қалыптасады.

Осы ортада діни экстремизмнің де тамыры жайылып келеді.

ҚАЖК-ның өзекті мәселелеріне кеше Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында тағы да арнайы тоқталды. Бұл – аталған проблеманың маңыздылығын айғақтай түседі.

Абзал Құспан Олжас Бектеновтен мына мәселелерді қарастыруды сұрады:

  • 2025 жылы ІІМ ҚАЖ комитетінің басым бағыттарына 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру;
  • Шетелдік сотталғандарды азаматтығы бар елдеріне қайтару тәжірибесін жандандыру бойынша шаралар қабылдау;
  • Соттардың гуманитарлық нормаларды кеңінен және негізді түрде қолдануын қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдарға тиісті тапсырма беру;
  • Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазаны ізгілендіруге бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдау.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
2
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:20

15:07

14:55

14:31

14:18

13:44

13:25

13:17

13:10

13:03

12:59

12:02

11:48

11:46

11:25

11:22

11:14

11:05

10:47

10:47

10:44

10:31

10:18

10:10

10:05