Ізгілік нұрын таратқан тұлға

Ізгілік нұрын таратқан тұлға Байтұрсын Өмірбековтің жеке архивінен

Биыл жыл басында дүниеден өткен суретші, өнертанушы Байтұрсын Өмірбековті жақсы таныған, білген жұртты оның болмысына тән екі қасиет ерекше тәнті ететін. Бірі – қарапайымдылығы, екіншісі – асқан мәдениеттілігі.  

Ол жазиралы Жаркенттің сулы, нулы Талды ауылында туып-өсті. Өзі айтпақшы, айналасындағы көркем табиғат әсерінен де бала кезден әсемдікке құмартып, одан шабыт алып, сурет салуға, музыка тыңдауға құштар болды. Қиялы қалықтап, бірде әншілікке, бірде әртістікке аңсары ауғанымен, сайып келгенде, көңілі бейнелеу өнеріне тұрақтады. Тұлға ретіндегі танымын, азаматтық ұстанымын бояу түстерінің әдемі үйлесімімен жеткізуді мақсат тұтқан суреткер бүкіл күш-жігерін, білімі мен білігін осы салаға арнады.

Абай атын­дағы Қа­зақ мемлекеттік педа­го­ги­калық инс­ти­ту­тының көркем­өнер-графика фа­куль­те­тін бітіргеннен кейін осы оқу орнында жұ­мысқа қалды. Студент кезінен-ақ ізденімпаздығымен, мақсаткерлігімен ерекшеленген Байтұрсын Өмірбеков ұстаздық қызметте де нағыз педагог, оқу ісін шебер ұйымдастырушы ретінде дараланды. Осы қабілет-қарымына орай, кейіннен Алма­ты көркем-театр институтының оқу және ғы­лым жұмысы бойынша про­ректоры қызметіне тағайындалды. Жаңа ашылған оқу орнының бағыт-бағдарын айқындау, оқу бағдарламасын құру, жүйелеу, білікті мамандар тарту сынды бүкіл жауапты жұмысты абыроймен атқарған Байтұрсын Есжанұлы бұл арада да өзінің бірегей басшы, майталман маман екенін көрсетті.

Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына айналған білім ордасының профессоры Жұмақын Қайрамбаев өзінің Байтұрсын Есжанұлымен алғаш танысқан сәтін былайша еске алады:

– Ленинградтан И.Е.Репин атындағы Мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітіріп келген кезім болатын. Еш жерге жұмысқа тұра алмай біраз жүріп қалдым. Сол тұста көркем-театр институты жаңадан ашылып жатқан. Ректорға жолығуға келсем, орнында жоқ екен. Жұмыс мәселесімен келгенімді естіген хатшы қыз: «Оны проректор шешеді ғой» деп, Байтұрсын ағаға кіргізді. Амандасып, келген шаруамды айттым. Қайдан, қандай оқу бітіріп келгенімді естігеннен кейін Байтұрсын аға: «Біз ана жақ, мына жақтан тартып, мамандарды әрең толықтырып жатырмыз. Сені қалай алмаймыз, аламыз» деді. Менің келген уақытым қазан айы. Оқу басталғанына бір ай өтіп кеткен. Бірден кадр бөліміндегі, кәсіподақтағы адамдарды шақырып алды да: «1 қыркүйектен бастап жұмысқа тұрды» деп бұйрық шығарыңдар» деді. Сөйтіп, өтіп кеткен 1 айдың ақшасын бергізді. Көп басшылар мұндайда ұзын арқан, кең тұсаумен, сөзбұйдаға салып, созып жүреді. Ал Байтұрсын аға бірден шешті және «кез келген мәселе бойынша өзіме кел. Біз жұмысты жаңа бастап жатырмыз. Қазір бәріміз жабылып қолға алмасақ, болмайды» деді. Менде не үй, не күй жоқ. Жұмыссыз, қаңғып жүргем ғой. Байтұрсын аға көмектесіп, бір ауладан кішігірім бөлме босаттырып берді. Солай араласып, бірге жұмыс істедік. Менен 7-8 жас үлкендігі бар еді. Қамқорлығын аяған жоқ. Туған ағамдай болып кетті. Ешкімнен көрмеген жақсылықты сол кісіден көрдім... 

Жұмақын Қайрамбаев айтса-айтқандай, Байтұрсын Есжанұлы жаңадан шаңырақ көтерген білім ұясының еңсесін тіктеуге, іргесін нығайтуға барынша ден қойды. Ресейде, басқа да алыс-жақын аймақтарда қызмет етіп жүрген отандық білікті мамандарды ел­ге шақырып, олардың аталған институтқа табан тіреуіне мұрындық болды, тұрмыс жағдайларын жақсартуға күш салып, шығармашылығын шыңдауға барынша қолдау көрсетті. Одан кейінгі жылдарда Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының директоры, Қазақстан Суретшілер одағы­ның төрағасы сынды жауапты қызметтер атқарған кезінде де Байтұрсын аға болмысына о бастан тән турашылдығынан, шыншылдығынан танған жоқ.

«Шығармашылық одақты басқарған адам бірден қайраткер дәрежесіне көтеріледі. Байтұрсын Есжанұлы – сондай тұлға. Әлі есімде, газетте жұмыс істеген кезімізде қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар, мәселелер бойынша белгілі тұлғалардан пікір алып тұратынбыз. Сол тізімнің бел ортасында Байтұрсын аға болатын. Былайғы өмірде өзі момын көрінгенімен, қоғам ісінде өте белсенді еді және өзінің ұстанымы өте мықты, көзқарасы айқын болатын, айтқанынан қайтпайтын. Сол үшін журналистер ол кісіні жақсы көретін, – дейді танымал қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек.

Қайраткер демекші, Байтұрсын Өмірбеков музейде директор, Одақта төраға болған кез жұрттың бүкіл аңсары, ынта-ықыласы материалдық игілікке ауып, өнер, руханият атаулы қағажу көре бастаған шақ-тұғын. Осындай жағдайда қылқалам шеберлерінің рухын көтеру, мүддесін қорғау, шығармашылығын қолдау, насихаттау оңайға түскен жоқ. Оған қоса, еліміздің рухани мәдениетінің бір бөлігі ретінде бейнелеу өнерін дамыту, ұлт ұрпағын өнер арқылы тәрбиелеу мақсаты тұрды. Білімдарлығы, біліктілігі арқасында ол бұл мақсаттың да үдесінен шыға білді.

Бұл ретте Жұмақын Қайрамбаев: «Суретшілер Одағында біздің қазақтар үш жүзге бөлініп алып, ылғи қырылысатын да жүретін. Байтұрсын аға басшылыққа келісімен сол дау-дамай сап тыйылды. Бәрінің тілін тапты. Аға айғайламайтын, өмірі дауыс көтермейтін. Ақырын сөйлесіп жүріп-ақ қалаймақанның бәрін жоқ қылды», – деп ризалықпен еске алады. Дегенде, әрқайсысы өзінше дара, өзінше дана есебіндегі суретші қауымды қалтқысыз мойындатқан да – Байтұрсын Есжанұлының қарапайымдылықпен астасқан әділдік, адалдық, адамгершілік сияқты асыл қасиеті, биік мәдениетіне тірек болған айрықша ақыл-парасаты болса керек. 

Мұның сыртында Байтұрсын Өмірбеков кес­кіндеме, графика және мүсін, бейнелеу өнеріне қатысты мәселелер жөнінде бірнеше кітап жазды, оқу құралын шығарды, авторлық туындылары мен еңбектері, альбомы жарық көрді. Қаншама басшылық қызметтер атқарса да, оны өз мақсатына пайдаланып, жеке есебін түгендеуге тырыспаған суреткер жеке көрмесін 75 жасында, яғни өмірден өтерінен 3 жыл бұрын ғана өткізді.  

– Сол көрмеде Байтұрсынның қандай өнерпаз, қандай талантты суретші екені айқын көрінді. Көбінесе үндемей, салмақты ғана, үлкен толғаныста, үлкен тебіреністе жүретін еді. Онысы жұмыстарынан көрінетін. Соның бәрін бейнелеу өнері арқылы бергеніне көзіміз жетті. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің портретін талай суретші салды. Ал Байтұрсын оны маңдайы кең, денесі зор тұлға ретінде, үлкен бір жартас секілді бейнеледі. Мұхтар Әуезовтің өнердегі, әдебиеттегі жартасқа лайық суретін берді. Шәмшінің, Гүлфайрус Ысмаилованың бейнесін қандай керемет салды! Үлкен  кескіндемеші екені содан көрінеді. Ауылдың, туған жердің табиғаты, өзінің әкесіндей болған Әбілхан Қастеевтің портреті, бәрі-бәрі ерекше! Бұл – оның іштей шымыр дайындықта жүргенінің көрінісі, – дейді Бексұлтан Нұржекеұлы.

Байтұрсын Есжанұлының жастарға көрсеткен қамқорлығы ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек еткен белгілі суретші Еркін Нұразхан:

«Ағалық, ұстаздық, азаматтық қалпынан айнымай өмірден өтті. Ол кісіге деген сыйластығымыз, сүйіспеншілігіміз, ризашылығымыз тілмен айтып жеткізгісіз», – дейді.

Жақсы таныған, білген, жұмыста, күнделікті тұрмыста тығыз қарым-қатынаста болған жұрттың қимастыққа, сағынышқа толы сөздерінен олардың Байтұрсын Есжанұлын әділетсіз қоғамда әділетті өмір сүрген бірегей тұлғаға балайтыны байқалады. Қалай болғанда да, сыйлас ағасы Бексұлтан Нұржекеұлы айтқандай, «өңі жылы, жаны одан да жылы» Байтұрсын аға түнекке шуақты, жамандыққа – жақсылықты қарсы қоя отырып, айналасына қайырым, мейірім, ізгілік нұрын таратып кеткендей болып көрінеді...     

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:22

16:15

15:54

15:11

14:41

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06

10:40

10:05

17:15

15:05

15:05

14:41

14:14

13:43

13:13

12:52

12:12

11:34

11:06

10:45