Ізгілік іздеген жан...

Ізгілік іздеген жан... Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

Халқымыздың тарихында ерлерден қалыспай  атқа қонып, жауға жапқан арулар аз болмағаны белгілі. Олардың іздері ықылым заманнан тарих бетінде сайрап жатыр.  Ұлы Отан соғысында  оқ атып, елін жаудан қорғаған  шолпан жұлдыздарымыздың  үзігін жалғап, өзі ұстаз, әрі апа болған қазақтың қайраткер қызы - Шәмша Беркімбаеваның есімі ерекше атауға тұрарлық.  Еліміз өз алдына  дербес мемлекет болып, шаңырақ көтергенде  алғашқы болып қуанғандардың бірі де осы  Шәмша Беркімбаева еді.  Мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрі, Парламент Сенатының экс-депутаты, Халықаралық педагогикалық білім беру академигі, ұзақ жылдар қазақ қыздарының құтханасы ҚызПУ-ды басқарған  Шәмша Беркімбаеваның   тәуелсіздікке қосқан үлесі ерекше.  

Алаштың ардақты қызы Шәмша Көпбайқызының билікке келген баспалдағы төменнен басталды. Ол  өзінің еңбек жолын  қатардағы  қарапайым мұғалімнен  бастап, мемлекет қайраткері лауазымына дейін жүріп өтті. Сол жолда  ұлтты ұйыстырып, халқын қолдай білді, ерлерден қалыспай,  мемлекет ісінің бел ортасында жүрді.  Ұлт ардақтылары  Д. Қонаев, А.Асқаров сынды саяси тұлғалармен қатарласа жүріп, сыннан сүрінбей, еселі еңбегін еліне арнады.  Тіпті сол жолда өзінің пендеге тиесілі  үлесін алмай,  ұлтының  мүддесін жоғары қойды. 

Уақыттың қиындығына қарамастан алаштың ардақты қызы  ел Тәуелсіздігінің нығаюы жолында еселі еңбек етті.  Содан да болар Димаш Ахметұлы ең жауапты жұмысты қағілез  қызға сеніп тапсырып, сенім білдіріп  отырған екен.  Бәлкім, Қонаевтың көрегендігі  Шәмша Көпбайқызының биліктегі жолын ашқан да шығар. Ол кісі  Шәмшаның  бойындағы ұйымдастырушылық қасиетті ерекше бағалаған екен.  Алдыңғы толқын ағалары туралы  еске алғанда  Шәмша апай шабыттанып, тебіреніп кететін.  

 «Димаш Ахметұлының  сеніміне ие болудың өзі  бір ғанибет қой. Мен үлкен кісінің  қабылдауына жүрексіне кіріп, жігерленіп шығатын едім. Ол кісінің тактикасы қызық болатын, алдымен менің пікірімді тыңдайтын. Сосын, көңілінен шықса, рахаттанып күліп алатын. Бәрібір, үлкен кісінің мысы басып, іштей уайымдап тұратынмын. Бірақ, менің пікірімді бағалаушы еді», - деп еске алатын Шәмша Көпбайқызы.

Қазақ қыздарының эталонына айналған, болмысы бөлек, бекзат жанның тағы бір қасиеті  достыққа деген адалдығы.  Өзі басшылық еткен оқу ордасында  алаштың айымдары  Фариза, Күләшпен  жыр кешін ұйымдастырып, жиі кездесу өткізетін.  Кезінде Фариза апайдың  «Қыз ғұмырына»  ән жазған Әсет Бейсеуов «бұл әннің кейіпкері Шәмшә екені анық сезіліп тұр» деген екен.  Сол Фариза ақын қайтпас сапарға аттанғанда  ақтүтек боранға қарамастан Астананы бетке алған Шәмша  «Факеңе бармасам болмайды. Ол кісімен қоштаспасам, өзімді  ешқашан кешірмеймін» деген бір ауыз  сөзі қазақ қыздарының бір-біріне деген құрметі емес пе.  Міне, сол бір аяулы  жанның кесек мінезі мен қайталанбас бейнесі  мәңгі  есімізде қалды.  

Ғибратты ғұмыр кешіп, шынайы құрметке ие болған жанның  қасиеті, іскерлігі мен қабілеті туралы  көп айтуға болар еді...  Өйткені,  Шәмша Көпбайқызы өзінің іскерлігі мен қабілетінің арқасында сан түрлі салада, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруда  абыроймен еңбек еткен жан.  Қазіргі  қолданысқа енген «Педагог мәртебесі» туралы Заңды алғаш болып қолға алған да осы Шәмша Беркімбаева екенін біреу білсе, біреу білмес. Сәулелі де саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлт мүддесіне қызмет етуге, білім мен ғылым саласына арнаған зиялы жанның соңында, өзі айтқандай «Ізгілікке толы жолы» қалды.  Ол кісі үнемі  «мен ізгілікті іздеп жүрген жанмын, әлі де іздеумен келемін»  деп  жиі айтушы еді. Бәлкім, өзі іздеген ізгілікпен жолыққан да шығар..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:10

20:28

19:54

19:25

19:14

18:39

18:37

18:23

17:46

17:40

17:37

17:34

17:27

17:16

17:06

17:05

17:01

16:50

16:39

16:37

16:25

16:11

15:51

15:43

15:42