Қазақта «Еңбек етсең – емерсің» деген мақал-мәтел бар. Дәп бүгінгі заманға қарата айтылғандай.
Дамыған елдерге назар аударсақ, бәрі экономикалық өзгерістерге көп көңіл бөлген. Өзі адам баласына үш нәрсе ғана қажет көрінеді. Олар: азық-түлік, киім-кешек, баспана. Осы тақырыптар төңірегінде экономика ғылымының кандидаты, белгілі экономист Үлес МАДИЯРҰЛЫМЕН тілдестік.
Дамыған елдерден үйренейік
– Әділ қоғам дегеніміз не?
– Бұл философиялық һәм жалпы сұрақ. Әлбетте, мағыналы сөз. Біздіңше, әділ қоғам – елдің барлық салада өркендеп өсіп, қанат жаюы.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында бірқатар өзекті мәселелерді қаузап өтті. Нақты тапсырмалар берді. Өңдеуші өнеркәсіпті қолға алу туралы жақсы бастамалар көтерді. Шынында, пайдалы қазбалар мәңгі бола бермейді. 30-40 жыл бола ма, түбі сарқылады. Бұл дүниеде мәңгі бақи ештеңе жоқ. Жер асты байлықтары сарқылады екен деп, қарап отыра беруге болмайды. Барынша шағын және орта бизнесті қолдай берейік. Біреу жіп иіріп, киім тіксе, ендігісі төрт түлікті түлетіп ет, сүт өнімдерін шығарса, келесісі сапалы үйлер салса, одан артық не керек?! Міне, бұл әрбір жанға ең қажет нәрселер.
Біз үнемі мысалға айтатын Жапонияда табиғи ресурстар некен-саяқ. Мүлдем жоқ десек те, артық айтпағандық болар. Ең басты төрт аралдан құралған, жан-жағы мұхитпен шектелген. Соған қарамастан, мықты адамдардың керемет идеяларын пайдалана білді. Импортты азайтты, экспортты көбейтті. Ғылыми технологиялық прогресті нықтап қолға алды. Әлемдегі автомобиль өндірісі, смарт техника, электроника – бәрі-бәрінің авторы жапондықтар. Сонымен қатар, ұлттық менталитетін сақтап, бала балиғат жасына жеткенше өз ділін, тілін бойына сіңіріп отыр. Күншығыс еліне таңданбасқа шара жоқ.
Араб елдерін жиі айтамыз, қызығамыз. Қызықпауға қоймайды ғой. Араб топырағында өткен 1950 жылдары мұнай табылды. 1980 жылдары мұнайды өндіре бастады. Оған дейін халқының жағдайы мүшкіл-тұғын. Ішерге асы, киерге киімі болмағандар қатары жетерлік еді. Алайда, сол елдің басшылары өте ақылмен іс бастады. Осы күні ұдайы айтылатын «мұнайды Жаратқанның бергені» деп санады. Осы сөздің құдіретін алға тартты. Тек халыққа пайдасы тиетін іспен шұғылданды. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясында Дубай, Абу-Даби, Эр-Рияд сияқты ғажайып шаһарлар дүниеге келді.
Бұл мегаполистер Шығыс Азияның қаржы-инвестициялық орталықтарына айналды. Туризм тез қарқын алды. Алтын барланды, бидай өсіру технологиясы игерілді. Былайша айтқанда, қу даланы жайнатып, көркейтті. Өз басым Дубайда болдым. Көп дүниесіне тамсанып қайттым. Өзінің жергілікті тұрғындары өте ауқатты тұрады екен. Арабтар басшылық, менеджерлік қызметтерде істейді. Олар элиталы үйлерде жасайды. Қымбат көліктер тізгіндейді. Айлық-табыстары жоғары. Арабтың дәрежесі бірінші кезекте ескеріледі әрі деңгейі жоғары саналады. Үйлердің өзі рет-ретімен, заманауи форматта сапалы салынған. Тіпті, шеткері аудандарындағы шетелдіктердің баспанасы ешкімнен кем емес. Адал кәсіппен шұғылданып, өмір сүруге мүмкіндік мол. Бірақ Пәкістан, Үндістан сияқты, т.б. айналасындағы елдерден келіп мигрант болып істейтіндер де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, жердің жұмағы дерсіз. Осыншама жетістікке 40 жылда жетті. Бізге үйренер жақсы тұстары жетерлік.
Қытай Халық Республикасының тасы өрге домалап тұр. 1,5 миллиардқа жуықтаған қытайлықтардың шығармайтын өнімі, жасаймын бұйымы жоқ шығар. Сауда-саттыққа өте бейім. Халқы еңбекқор. Баяғыда айтатын, олар дүниежүзінің 8-ші экономикасы болып қосылуды діттейді деп. Бәлкім, осындай қарқынмен жылжи берсе, одан да жоғарылап кетер. Қытайлар өнімді сапалы, орта, сапасы төмен қылып жасайтын көрінеді. Әрине, бәсекелестік нарық болған соң, әркім өзінің шама-шарқына қарай саудаласады. Қытайда экономикаға қатты күш салады. Капитализмнің барлық қыр-сырын меңгеріп алды. Өзінің сан мыңдаған жылдан бергі, Конфуций, Лао Цзы сияқты ғұламалары салған жолдан таймады. Парақорлар ату жазасына дейін кесіледі. Әдет-ғұрпын сақтады. Жаһандану үрдісіне жұтылмай келеді. Бағамдай келсек, Аспанасты елінің өнегелі жақтары көзге ұрып, менмұндалап тұр.
Осы салыстыруларды текке айтпадық. Әрбір дамыған держава экономикалық тәуекелдерге барған. Үлкен ауқымды реформалар жасай білген. Мейлінше дефолтқа ұшырамай, пайдаға кенелудің жолдарын қарастырып отырған. Бизнестің өркендеуіне жол ашқан. Әрбір кәсіпорынның жандануына атсалысқан. Іс бастаған адамның кәсібін тартып алмаған. Осындай жақсы істер небәрі 30–40 жылда алға шығып кетуге септескен. Қазақ елі жоғарыда айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстарды мықтап қолға алып, әр қазақ бірін-бірі қолдап, істі өніктірсе, сөзсіз өркендейміз. Бұған бас қатыратын математикалық есеп-қисап керек емес. Бұны жұртқа түсінікті арифметикалық даму прогресі десек, тура болар. Біз армандаған Әділетті Қазақстан – осы, осындай қарапайым этаптардан өте білсе, іс жүзінде әділ қоғам орнайды.
– Инфляцияны қалай тежейміз?
– Бұл ең бірінші мемлекеттік мәселе. Мұны шешудің жолдары бар. Ол туралы әлгінде салыстырмалы түрде айтып өттік. Енді соның түйінін тарқатып айталық. Инфляция – өңдеуші өнеркәсіпті қолға алғанда төмендейді. Бұл қаржыгерлердің үнемі айтатын дәйектері.
Қазір Қазақстанға сүт, қаймақ, май өнімдері Қырғыз, Беларусьтен тасымалданады. Жанар-жағармайдың біраз бөлігі Ресейден әкелінеді. Барша пластикалық заттар Қытайдан келеді. Дәрі-дәрмекке дейін сырттан тасимыз. Бұл айтылғандар импорттың бір парасы ғана. Егер өз ас-ауқатымыз өзімізде өндірілсе, бидайды тонналап сатқанша, нан өнімдерін шығарсақ, айран, құрт – баршасын өзімізге қолжетімді етсек, болады ғой. Қазақ брендімен еліміздің ішкі нарығына темір тұлпарды көптеп шығарсақ екен. Ең бастысы, көпқабатты үйлердің сапасына баса назар аударайық. Халықтан түсетін талап-тілектерді дұрыстап қарайық.
Бізде байлар байып, кедейлер кедейшілік шегінен шыға алмай жатыр. Ел-жұртты ипотека, кредит қысып барады. Пайыздары тым көп. Қарызды өтейін деп азаматтар денсаулықтан айырылып жатыр. Халыққа жәрдем беру керек. Өйткені, халықтың есебінен түсетін бюджеттік түсімдер елдің әлеуметтік ахуалын реттеуге бағытталуы тиіс. Теңгенің құны артсын десек, зауыт, фабрика, цехтар ашу қажет. Мүмкіндігінше заманауи технологияларды пайдаланайық. Қазақстанда әртүрлі бұйым шығарылса, Ресей мен Қытайдың нарығына өткізе аламыз. Орталық Азияда алыс-берісті арттырып, қаржылық әлеуетімізді реттей берген дұрыс. Сонда инфляция деңгейі 1,5-2 есеге дейін азаяды.
«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді»
– Бай дегеніміз кім?
– Ол қоғамға шарапатты адам. Әуелі өзінің жақындарының жағдайын жасаса, содан кейін өзгелерге де қол ұшын бере алады. Ешкімге ештеңе бермейтін, шық бермес Шығайбай болса, ондай дүниеқоңыз кімге керек?!
Дүние жиған бір бөлек. Соны ұқсата білген – нағыз қазақи адам. Байлықты ешкім басқа ғаламшардан көтеріп әкелмеді. Оны халықтың арасынан жинады. Белгілі бір мөлшерден асып-тасығаннан кейін елмен бөліскен абзалырақ. Негізі, меценат жандар бар. Олардың саны артуы керек. Кейде ойлаймын, неге жақсылық жасаудан жарыспасқа?! Бәрібір, жиған-терген бұл дүниеде қалады. Ешкім о дүниеге байлығын арқалап өте алмайды. Мүмкіндігінше халыққа жәрдемдескен жөн. Себебі , «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді».
Елде орта тап қалыптасса, жақсы болар еді. Несиесіз үй, кредитсіз көлік, орта кәсіптен нәсіп тауып отырса, қандай керемет. Сол күнге жету үшін ілтипатты істерді, әлеуетті адамдардың еңбек-күшін, ой-қабілетін пайдаланайық.
Кезінде қазақтың байлары бір-бір ауылды ұстап, сол елдің мұң-мұқтажын елеп-ескеріп отырды. Бұндай игі іс тарихымызда сайрап жатыр.
Мәдениетті қалыптастыру керек
– Қоғамның әлеуметтік даму бағыты қалай?
– Біз күнде жұмысқа келеміз. Көбіне көлігімді Момышұлы бекетіне қалдырамын. Метромен «Абай» стансасына дейін келемін. Сонда адамдарға қайран қаламын. Жастар жағы үлкендерге орын бере қоймайды. Жап-жас болып құлағына құлаққап іліп, естімеген, көрмегендей кейіп танытады. Егде кісілер де өзіне орын бергенге рақмет айтпай, құдды бір міндет сияқты қарайды. Сосын татуаж жасап, ұлдар құлағына сырға тағып, қыздар әуретті мүшесін ашып жүрмесе екен. Бұны айтпайын десең, болмай бара жатыр. Ұрпақ тәрбиесімен бүгін айналыспасақ, ертең кеш болады-ау!
Балаларымызды балабақша, мектепке апарамыз. Сонда жас ата-аналар баласын сонша өбектейді. Есіктің алдына дейін көлігімен жеткізуге тырысады. Сосын кептеліс басталады. Сөйтіп, жұмысқа баратын уақытты өзіміз жоғалтамыз. Жолда жаға жыртыспайық. Асығып-аптығып бір бәлеге душар болса, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Ұрыс-керіс, айғай-шу бізге жат қылық. Осындайдың баршасы тұрмыстың тауқыметінен шығады. Мәдениетті адам кез келген қиыншылықты еңсереді.
Бір жолы іссапармен Түркияның Анкара астанасында болдық. Анкара Хаджы Байрам Вели Университеттің сол кездегі ректоры және елшісімен жолықтық. Президент сарайына да бардық. Түрік бауырлар құшақ жая қарсы алды. Ғылымға аса көңіл бөледі. Бір сөзбен айтқанда, ғалым, ұстаз, дәрігер қадірлі мамандық екен. Біз сол баяғы Scopus проблемасы жайлы сөйлестік, ғылым туралы пікірлер алмастық. Сонда біздің қазақ делегациясын өздерінің мейрамханаларында күтті. Олар қанша қонаққа ыңғайлы жасағанмен, дастарханды қазақтай етіп жайнатуды бізден асыра алмайтынын айтты. Мұндағы ойымыз, бір елдің экономикасы жақсы болса, ендігісінің көңілі дархан болатынын аңғардық.
Қазақи ұрпақ қалыптасса екен
– Еңбек өнімділігін арттырудың жолдары қандай?
– Бұл да тікелей ұрпақ тәрбиесіне тіреледі. Бүгінгі жасөспірімдер әлсіз, әлжуаз сияқты. Қалада өскен балаларды уайымдаймыз. Бала сыртқа шығып ойнамайтын болып барады. Қолындағы смартфондардан бас көтермейді. Интернетті бір сәт ажыратсаң, ашуланып, қабағын түйіп шығады. Ертең ол бала 40 жасқа жетіп есейгенде, қоғамға қажетсіз болып қалмаса жарар еді. Осындай буын көп қалыптасса, ештеңеге ебі жоқ, қолынан іс келмейтіндер қаптайды.
Бірде бухгалтеріміз келіп, кеңседегі қазақүй, жайлау, ауылдың тыныс-тіршілігі бейнеленген картинаға көзі түсті. Біраз дүниені есіне алды. Сонда әкесі бала күнінде ауылға жиі ертіп апарып тұрыпты. Соның мәнін енді түсініп жүр екен. Біздің әкейде көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Таразда аулада орысша ойнап өстік. Бірақ ата-анамыз әрқашан қазақша тілдесетін. Салт-дәстүрді сақтайтын. Кейде орысша сөйлесем, үнсіз жауап бермей қоятын. Ұдайы ауылға барып, ағайындардан қол үзбедік. Әке-шешемізге ауылдан топырақ бұйырыпты. Өмір бақи Алматы, Тараз сынды қалада тұрса да, бізді туған-туыстарға жіберетін. Өз басым әке қадірін 30 жасқа таяғанда түсіне бастадым. Қазір 15 жасар ұлымды ауылға ертіп, туысқандармен араластырып жүремін. Халқымыздың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегені осы шығар. Егер тірлікке епті, саналы ұрпақ тәрбиелесек, еңбек өнімділігі сөзсіз артады. Сондай-ақ, ойлағандарымызды тездетіп іске асыра аламыз.
– Үлкен рахмет!
Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ.