Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының орынбасары Аманжол Үркінбаев 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусымға дайындық пен табиғи аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қола алынған жұмысты баяндады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, дайындық шаралары толық көлемде жүргізілген. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлесіп жұмыс істейтін жоспары әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ерікті өртке әрекет ететін қарсы құрылымдар да жасақталды.
«Ықтимал төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жұмыс мемлекеттік органдармен, көршілес орман шаруашылықтарымен және жергілікті қауымдастықтармен тығыз өзара іс-қимыл негізінде ұйымдастырылды», – деді Аманжол Үркінбаев.
Өрт қаупін төмендету мақсатында резерваттың Балқаш пен Іле бөлімшелерінің аумағында жалпы көлемі 300 гектар жерде бақылаумен профилактикалық өртеу жұмысы жүргізілді. Бұл өртке қарсы тосқауыл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Минералдандырылған жолақтарды жасау мен күтіп ұстау жұмысы да жалғасып жатыр. Жоспарланған 120 шақырымның бүгінгі күнге дейін 60 шақырымы орындалды. Сонымен қатар су айдындары мен айлақтарға апаратын кіреберіс жолдар жөнделіп, қажет болған жағдайда авиацияның суды жедел алуына жағдай жасалды.
Профилактикалық жұмысқа да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында тоғыз материал жарияланып, 40 ескерту хаты мен 60 ақпараттық жадынама таратылды. Мемлекеттік инспекторлар жергілікті тұрғындар мен демалушылар арасында тұрақты түрде рейдтер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Спикердің айтуынша, резерват қажетті техникамен және жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Мекеме иелігінде өрт сөндіру техникасы, арнаулы автокөліктер, тракторлар, байланыс құралдары мен өзге де қажетті жабдық бар. Шалғай учаскелерде тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін үш Starlink терминалы орнатылған. Сонымен қатар көлемі 1 200 литр болатын жанар-жағармай материалдарының қоры жасақталған.
«Материалдық-техникалық базаны нығайту мен алдын алу жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыс алда да жалғасады», – дейді Аманжол Үркінбаев.