Қазақ мемлекеттік циркінде Саха Республикасының цирк әртістерінің этно-шоуын таныстыруға арналған баспасөз конференциясы өтті.
Қала күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наиля Мулюкова, Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі (Якутия) Юрий Куприянов, Марфа және Сергей Расторгуев атындағы Якутия мемлекеттік циркінің директоры Сергей Расторгуев, гастрольдік топтың жетекшісі Александр Посельский, гастрольдік труппаның жетекшісі және цирк әртісі Роман Романов қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.
Одан соң саха халқының шығу тегі туралы баяндалатын «Мамонт жері» атты цирк шоуын ұсынды. Бұл – саха халқының көне заманнан бергі тарихы, мамонттардың жер бетінде мекендеген кезі, керемет табиғаты мен жануарлар әлемі туралы қойылым. Балалар үйінің тәрбиеленушілері, әлеуметтік осал отбасылардың балалары бірінші болып тамашалады.
Бұл этно-шоу үшін арнайы 200 эксклюзивті авторлық костюм, сәнді барьерлер мен декорация жасалған. Түрлі жанрдағы 60-тан астам цирк әртісі, сондай-ақ жарық эффектілері мен динамикалық музыка қолданылды. Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприяновтың айтуынша, цирктің ең басты мақсаты – саха халқының мәдени құндылықтарын, дәстүрін насихаттау, Қазақст ан мен Якутия арасында мәдени қарым-қатынасты нығайту. Сондай-ақ, министр екі ел арасындағы рухани құндылықтарды дамыту мақсатында цирктер мен киностудиялар арасында келісім-шарт жасалатынын айтты.
Гастрольдік бағдарламада Якутиядан келген әртістер көрерменді саха халқының мәдениетімен, тарихымен және ертегілерімен таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шоуда халықаралық деңгейдегі кәсіби әртістер тобы жұмыс істеді. Марфа және Сергей Расторгуев атындағы Якутия мемлекеттік циркінің директоры Сергей Расторгуев цирк биыл гастрольдік сапармен Астана, Шымкент қалаларында да өнер көрсететінін, ал 2024 жылдың мамырында Қарағанды қаласында болатынын айтып өтті.
Қойылымның алғашқы минуттарында көрермен мамонт жетектеген бақсының гауһар тастарының дыбыстары арқылы мамонттар мекендеген ежелгі темір дәуіріне енеді. Гимнасттар, акробаттар, эквилибристер мен жонглерлер ерекше шоу ұсынды.
Өнерпаздардың сахналық киімдері мен реквизиттердің шынайылығы сондай, сахалықтардың ұлттық ерекшеліктерін бірден аңғаруға болады.
«Саха Республикасының мемлекеттік циркінің гастрольдік сапары Қала күнімен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымыз. Цирк өнерпаздарының біразымен бұрыннан таныспыз. Өздеріңіз білетіндей, жақында Алматыда Халықаралық цирк өнері фестивалі өтіп, сахалық әртістер бірінші орын алған еді. Сондықтан бұл этно-шоудың алматылықтар мен қала қонақтарына ұнайтыны сөзсіз», –деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наиля Мулюкова.
Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприянов бастаған делегация Алматыдаға гастрольдік сапардың басталуына ерекше мән берген. Ол цирк Алматыда бір ай бойы жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар, «Сары-Арқа» кинотеатрында якут киносының күндері басталады. 20 қыркүйекке дейін күн сайын сағат 19.00-ден бастап якут киносының үздік топтамаларының тегін көрсетілімдері өтеді.