Халық жадын жырмен жаңғыртқан тұлға

Халық жадын жырмен жаңғыртқан тұлға Сурет: интернеттен

Еліміздің рухани әлемінде айрықша орны бар ұлы жырау, жыр алыбы Жамбыл есімі қазақ поэзиясының ғасырлық шежіресімен, елдік пен ерліктің асқақ рухымен тығыз байланысты. Жамбыл – тек бір дәуірдің ақыны ғана емес, тұтас халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шежірелі тарихты жырымен өрнектеген алып тұлға.

Ақынның 175 жылдық мерейтойы – ұлт руханияты үшін үлкен белес. Бұл – тек кезекті бір шара ғана емес, қазақ сөз өнерінің, жыраулық дәстүрдің, халықтық поэзияның салтанаты. Жамбыл шығармашылығы арқылы біз халқымыздың өткенін, арман-мұратын, ерлік рухын танимыз.

Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында дүниеге келген.  

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан,деп өзі айтқандай, ақын жаугершілік заманда туған.

Деректерге жүгінсек, ол кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан ханына бағынған. Қоқан ханы Құдияр мен оның атарман-шабармандары қазақ ауылына көп салық cалып, адам төзгісіз зорлықтар жасаған. Қалың бұқараны қайыршылыққа ұшыратып, тентіретуге дейін барған. Ел қоқандықтарға қарсы майдан ашқанда Жамбылдың атасы Ыстыбай да Қазыбай, Жапа, Жадыра, Мәйке деген төрт ұлын бастап, көтерілісшілер сапына қосылған. Жауды өкшелей қуып соғысып, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп жүрген сәттердің бірінде Жапаның әйелі – Ұлдан ана Жамбылды дүниеге әкелген. Әкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабай деп атап кеткен. Мұның себебін жамбылтанушылар «Ертеректе Жабай деген ержүрек батыр өткен. Жапаның қоқандықтармен соғыстағы ерлігіне тәнті болған ел-жұрт «Тура Жабай сияқты соғысады екен» деп, содан Жабай атанып кеткен» деп түсіндіреді. 

·        Ел өмірінің шындығын арқау етті

Арғы аталары дәулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған». Ал балалық шағын ақынның өзі: «Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. Бала кезімде мен тентектеу болдым. Қарттарды да, әкемді де тыңдағым келмеді. Мені қозы бағуға жіберетін, мен бармай қоятынмын. Маған отын тер дейтін, мен тіл алмай қасарысатынмын. ... Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда дауысым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім», – деп еске алғаны бар.

Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жас он төрт-он бес жасынан бастап біржолата ақындық жолына түседі. Сөз өнеріне мейлінше жетік, шыншыл да өткір Жамбылдың өнеріне риза болған Сүйінбай: «Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпейтіндей етіп айт. Сенің өлеңдерің жеке адамдардың емес, бүкіл халқымыздың игілігіне айналатын болсын. Көмеймен емес, жүрекпен жырла. Әрқашан әділ сөйлеп, адал бол», – деп оған ықыласпен бата берген. Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы пір тұтып, одан үлгі алған. Тіпті кейіннен бүкіл Одаққа, дүниежүзіне танымал болып, атағы жайылған кезінде де «Сүйінбайдай ақын қайда? Оның қасында мен «әриайдай» емеспін бе» деп ұстазын дәріптеуден танбаған.

Тумысынан алғыр, тапқыр, өжет мінезді, тілге шебер, әзіл-оспаққа бейім, сондай-ақ бір естіген дастандар мен ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі басым Жамбыл кез келген тақырыпқа еркін барады. Өлең шығарып, күй тартады, айтысқа да түседі. Шығармаларына ел өмірінің шындығын арқау етіп, ел басшыларының әділетсіздігін, таптық қайшылықты көп жырлайды, елдің мұң-мұқтажын ескермейтін қатыгез би, болыстарды сынға алады. Сол кездің атақты ақыны Жаныс, Бақтыбай, Сары, Майкөт, Жүнісбаймен  кездесуінде, Бұрым, Айкүміс, Сара Нұрбекқызымен сөз сайысында шабытты жыршысы, халықтың арман-мұңының жоқтаушысы ретінде көрінеді.

Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетті. Содан бастап Жетісудың ең үздік ақынына айналды.

Жасымнан атым аян Жамбыл едім,

Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім, – деп өзі жырлағандай, шашасына шаң жұқпаған дана жырау ақындық туын әрдайым жоғары ұстаумен өтті.

·        «Жасшылық ұрындырды талай жарға...»

Әдебиетші ғалымдардың пікіріне жүгінсек, жас кезінде Жамбыл ақын, әнші қыздарды жоғары бағалап, кейбіріне тіпті ғашық болған. Мысалы, алғашқы сүйгені Бұрымға деген сүйіспеншілігі онымен айтысқаннан кейін басталған. Жөргектегі кезінде-ақ басқаға айттырылып қойылғанына қарамастан, Жамбыл Бұрымды алып қашқан да. Бірақ руаралық тыныштықты ойлаған ел ағаларының араласуымен үш тоғыз айыбын қосып, қызды қайтарып берген. Одан кейін «Сара ән салғанда әуедегі аққу құстар жерге құлап түседі екен!» деген даңқын естіп, Жамбыл Сара Нұрбекқызын арнайы іздеп барып айтысады. Өлеңді қарша боратқан екі жас одан кейін де той-тамашаларда ұшырасып, бір-біріне ынтығып жүреді. Бірақ көп ұзамай Сараның да қалыңмалын берген бай ұлына кетуіне тура келеді. Әйтсе де бұрынғыша әнін айтып, топқа түсуден тартынбаған Сараны қызғаншақ күйеуі балтамен шауып өлтіреді. Махаббатының бақытсыз баяны көңіліне шексіз қайғы салған Жамбылдың  осы өкініштерін Айкүміспен айтысына арқау еткені, сөйтіп:

Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?

Жасшылық ұрындырды талай жарға.

Сен үшін жатсам, тұрсам, арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп, қыз тағдырына алаңдаушылық білдіргені, іңкәр сезімін жеткізгені байқалады. Бұл ретте, әдебиетші-ғалым М.Жолдасбеков: «Жамбыл мен Айкүміс айтысқаннан гөрі, сырласқанға көбірек ұқсайды. Сондықтан да айтыста драмадан гөрі лирикалық сыр басым», – дейді. 

·        «Тоқсандағы Жамбылға толқынданып сөз келді...»

Бай-манаптарды сескенткен батыл жырлары сахараны дүр сілкіндірген  Жамбыл: «Елу бес жасқа дейін мен осылай өмір сүрдім, келе-келе нашарлап кеттім. Бұл халге мені кәрілік емес, ауыр тұрмыс душар етті. Кәрі бүркіттей көздерім бұлдырлайтын болды, дауысым да бәсеңсіп кетті. Домбыраның орнына қолыма асатаяқ ілікті. ...Мен жетпіске келгенде жаңа өмірдің жарық таңын көрдім. Жаңа күш қосылғанын сезініп, мен тағы да домбыраны қолға алдым! Менің жастығым қайта оралды, мен жыр шерттім. Айналама көз тігіп, мен таныс сахарамды танымай қалдым. Ауылдарды аралап, жаңа өмірді жырлай бастадым. Әрқашандағыдай, мен өз халқыммен бірге болдым», – деген шын сезімін:

Тоқсандағы Жамбылға

Толқынданып сөз келді.

Көктеменің көгіндей

Кәрі өмірім өзгерді, – деп шаттана жырлады. Жаңа өмірді көзімен көрген ол өз дәуірінің жалынды жыршысына айналды. 

1937 жылы бүкіл еліміз Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдығын мерекеледі. Қоғам өміріне белсене араласқан Жамбыл 1938 жылдан бастап республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1941 жылы Жамбылға Мемлекеттік сыйлық берілді. Ел басына күн туған II Дүниежүзілік соғыс жылдарында Жамбыл күллі кеңес халқын Отанды қорғауға, еңбектегі ерлікке шақырған жырларымен дараланды. Жамбылдың ақырғы жыры 1945 жылы 9 мамырда айтылды. Ол жырда халқымыздың неміс басқыншыларын қаһармандықпен жеңгендігі дәріптелді. Жыр алыбы жүз жасқа қадам басқан шағында, яғни 1945 жылы 22 маусымда дүниеден өтті. Ақынның денесі өз қолымен өсірген бағына жерленіп, ол жер кейіннен әдеби-мемориалдық мұражайға айналды. Сондай-ақ Жамбыл есімі Қазақ мемлекеттік филармониясына берілді. Мұның сыртында, Санкт-Петербург, Липецк, Нижний Новгород, Иркутск, Киев қалаларында Жамбыл көшелері бар. Сондай-ақ Санкт-Петербургтегі Жамбыл көшесінде ақынның ескерткіші тұрғызылған.

Жамбыл – қазақ халқының рухын асқақтатқан, сөз өнерін биікке көтерген ұлы тұлға. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі ақын жырлаған әділдік, елдік, бірлік пен адамгершілік құндылықтары – мәңгілік тақырып. Ұлы жыраудың мол мұрасы жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, рухани байлыққа тәрбиелейді. Сондықтан Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы – тек тарихи дата емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, рухымызды асқақтататын елеулі оқиға.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:45

12:26

12:14

12:01

11:51

11:35

11:33

11:20

11:15

11:10

11:00

10:43

10:35

10:21

10:14

10:10

10:00

09:50

09:40

09:19

09:02

08:49

08:23

08:12

19:29