Бір тал шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді екен.
Мамандар әйел адамның бұрымы 20 тоннаға дейінгі затты көтеріп тұра алатынын айтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Данышпан халқымыз ертеден-ақ «сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге» деген екен. Әйел баласының сұлулығы мен ақылын шашына қарап-ақ бағалап, болжаса керек. Жалпы, қай ұлтта болсын, сұлудың көркі ұзын бұрымына қарап бағаланған.
Әйелдің шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай «жалғыз бұрым», «қос бұрым» дегендей, әрі қарай бөлініп кете береді. Бүгінгі ақындарымыз қыздардың сұлулығын «иықтан шашың төгіліп жерге, күмісті шашбау жарасып белге» деп суреттесе, кешегі ұлы Абай «Қолаң қара шашы бар жібек талды», Ақан сері «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа күйек» деп таңдай қағып, сұлулыққа сұқтанған екен. Бұған қоса, ұзын шашқа тағынған алтын, күміс шолпылар хас сұлудың келбетіне көрік қосып, әсем жүзін айшықтай түскен.
Демек, сол төгілген шашты баладай баптап, алтындай сақтау керек. Шаш күтімі, оны тарау, өсіру, өрудің өзі үлкен бір тәрбие мектебі десе де болады. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі үлкен, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп келетін халық өлеңіндегі ғажап теңеу осының бір дәлелі болса керек. Мәселен, осы шашқа қатысты деректерге көз салсақ, шашқа қосатын, жалғайтын, кигізетін, тарайтын, жағатын, тағылымы зор тағымдар мен зергерлік әсем бұйымдардың бар екенін байқаймыз. Сонымен қатар, шашты тарау, тарқату үшін бастыратын шаштарақты шеберлер анау-мынау емес, тек сиырдың мүйізінен жасаған екен. Ертеректе біздің ата-бабаларымыз шашты жылтырату үшін шашмай жағып, оның бас терісіне сіңуіне аса мән беруі де тегін емес.
Шолпы
Шашқа тағатын және оның сәнін келтіріп, мәнін арттыратын сәндік бұйымдардың ішіндегі асылы мен артық саналатыны – шолпы. Шолпы сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын болғасын тағылады, желді күні шаштың көтеріліп кетпеуі үшін де пайдаланылады. Әсем сәнді шолпыларды қыздар мен келіншектер таққан, егде әйелдер тақпаған. Міне, мұның өзіндік тәртібі осында болса керек.
Қазақ қызы шашын жайып жүрмеген
Қаракөз, алма мойын қыздарымызды төрге шығарған бабаларымыз «Қолаң шаш, қара көз, қара қас, бойынан бір мін де табылмас...» деп сүйсінсе, қазір қалада да, далада да қаракөздеріміздің шашын жайып, жалбыратып жүруі кеңінен етек жайып барады. Мұның өзі шашқа деген күтімнің жоғын көрсетеді.
Сонау ерте заманның өзінде қазақтың қызы еш уақытта шашын жаймай, бұрымын қос етіп өріп, жинап, шашпау тағып, бойынан бекзаттық, сұлуға тән тәкаппарлық, тазалық есіп тұратын. Тіпті, сол әжелердің тәрбиесін көрген біздің аналарымыздың өзі әлі күнге дейін шашын жинап, бір қылын жерге түсірмей түйіп жүреді. Тәрбиенің мықтылығы емес пе, тіпті түскен шаштарының өзін жинап, бір талын да жерге түсірмей тығып қояды. Әйелдер қай кезде шашын жайған? Жау шауып, ауылды өртегенде, азаматынан айырылып, ері қайтыс болғанда шашын жайып жоқтаған. Кинолардың өзінде шашын жайып, екі қолымен көктен көмек сұраған, енді бірде шашын жайып, екі бүйірін таянып, жоқтап отырған әйелдерді көреміз. Яғни мұның өзі жамандықтың болғанын көрсетпей ме?
Ғалымдардың айтуынша, шаштың беріктілігін альюминиймен салыстыруға болады. Бір тал шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді екен. Демек, әйел адамның бұрымы 20 тоннаға дейінгі затты көтеріп тұра алады дейді мамандар. Міне, осындай күш-қуатқа ие шашты жинап, буып-түйіп жүргенге не жетсін? Өйткені, шашты жаюдың зияны өте көп. Мысалы, әйелдердің күніне 70 тал шашы түседі, жерде жатқан зат аяққа басылады. Осыдан келіп адамда бас ауруы пайда болады. Кейде қыздар көпшілік орында шаштарын тарап, түскен шаш сол жерде қалып кете барады. Әйел адамдардың сыртқы сұлулығының 80 пайызы шашта көрінеді. Әйелдің шашын иіскеген ер адамдардың мас кейпіне түсетінін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген екен. Қарап отырсаңыз, дәл қазіргі кезде қазақ қыздарына айтылатын «шашыңды жайма» деген тыйым сөздің қадірі кетіп, жесір үлгісі сән болғандай. Шыны сол, қазіргі таңда шашын жинап, биязы көрінетін қыз көрсек, қуанатын болдық.
Ұзын шашта тылсым күш бар
Шаштың адамды ғарышпен байланыстыратын да тылсым күші бар екен. Ғалымдар ұзын шаштың ғарыштан келген күшті көбірек алатынын зерттеген. Ертеректен келе жатқан наным-сенімдерге сай, «ұзын шаш түйсікке жол ашады, әйелдің энергетикасы, отбасын сақтайтын жылулықтың бәрі шашта сақталады» деген де түсінік бар. Шашты неғұрлым қысқа қиған сайын соғұрлым әйелдің энергетикасы азая түсетін көрінеді.
Әйел адам екіқабат кезінде, баланы босанғанша шашына қайшы тигізбеуі керек. Бұл қағиданы қазақ әлі күнге дейін қатаң ұстанып келеді. Өйткені, әйел адам шашын қиып тастаса, іштегі балаға зиян келуі мүмкін екен.
Жалпы, ұзын шаш – нәзіктіктің белгісі. Көбіне, ер адамдардың қызға таңдау жасағанда, оның шашының ұзын-қысқалығына баса мән беріп, болашақ жары ретінде ұзын шашты қызды құп көретіні дәлелденген.
Сонымен қатар, ұзын шаш адамның денінің саулығын да білдіреді. Шашы сау адамның ішкі ағзасы ғана емес, жүйке жүйесі де сау болады. Қазіргі таңда шаштың саулығын сақтау үшін ішетін дәрумендер өте көп. Сондықтан өз денсаулығыңыздың қажетіне қарай, дәрумендерді уақтылы ішіп отыру керек.
Қысқа шаш көбіне әйелдердің бойындағы күрескерлік, белсенділік сияқты қасиеттерді оятады. Өмірде дәлелденгендей, көбіне қысқа шашты арулар билікке ұмтылып, отбасын екінші орынға қойып жатады. Ал ұзын шашты қыздар отбасының берекесін сақтап, нағыз жар атануды мақсат тұтады екен. Бір кездегі «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген жаңсақ түсінік келмеске кеткендей.
Шашты күтіп-баптау, шашты тарағанда, өргенде тек жақсы нәрсе ойлау, армандау адамды алға жетелейді. Кейде адамдар шаш үлгісін өзгерткен соң өз өмірінің де өзгергенін айтып жатады. Ал жаны бір өзгерісті, тыныштықты қалайтын адамдар алдымен шашын ретке келтіреді.
Тіпті, шаштың түсіне қарап та адамды тануға болады екен. Шаш – мінездің де хабаршысы. Қара шаштылар – қызуқанды, қайратты, жігерлі адамдар екен. Ал қоңыр шаштылар – елгезек, әсершіл, сезімге берілгіш, жұмсақ мінезді, өз ойы мен эмоциясын жасыра алмайтындар көрінеді. Қызыл, алтын түсті сары шаштыларды көбіне – ақылды, мәдениетті, көпшіл, айлакер, кекшіл адамдар дейді.
Кейде төбесінде ғана шашы бар немесе шашы түгелдей түсіп қалған адамды кездестіріп қаламыз. Әрине, қазақта мұндай адамдарды таз деп атайды. Сөйтсек, мұндай бастар медицина тілінде алопеция деп аталады екен. Қазіргі дамыған заманда трихологиялық орталықтарда алдымен компьютерде шаш ауруының диагностикасы тексеріледі. Бастың қасқалануы да, жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады екен. Асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың сыпырылып түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса, экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да бұған әсер етеді. Адамның шашы күндігіне 50-ден 80 талға дейін түсуін мамандар «қалыпты жағдай» деп жатады. Кейде оның орнына жаңадан шаш өссе, патологиялық ауытқулар кезінде шаш өспей қалады. Дәл қазіргі таңда ерлердің – 96 пайызында, әйелдердің 79 пайызында шаш түсуі кеңінен етек алып отыр.
Шашыңызды күту өз қолыңызда!
Қазіргі кезде шашты күтіп-баптаудың түрлі жолы бар. Ең төте жолы, зияны аз табиғи өнімдерді тұтынғаныңыз жөн. Бұл ретте табиғи майлар шашты ылғалдандырады және жылтыратады, бас терісін қабыршақтану мен қышудан қорғайды және шаш өсуіне ықпал етеді.
Арган майы. Бұл майды «сұйық алтын» деп те атайды. Арган майы – ең қымбат май. Оның құрамында Е дәрумені, омега-3 майлы қышқылдары және антиоксиданттар көп. Арган майы шашты зиянды ультракүлгін сәулеленуден қорғайды. Сондай-ақ, ол басқалармен салыстырғанда аса майлы емес, сондықтан оны жиі қолдануға болады.
Зәйтүн майы
Әрбір әйелдің ас үйінен табылатын зәйтүн майын шашты терең ылғалдандыруға қолдануға болады. Зәйтүн майымен бас терісіне массаж жасасаңыз, зәйтүн оның жағдайын жақсарта түседі. Ал зәйтүн майымен шашты тарасаңыз, ол жұмсақ әрі тегіс болады. Алайда, зәйтүн майын аптасына 1-2 реттен артық қолданбаған жөн. Оны бас терісі мен бүкіл шаш ұзындығына жағып, аздап массаж жасап, пакетпен орап тастаңыз. Оны 30 минут өткен соң сусабынмен жуып тастайсыз.
Кокос майы
Кокос майында Е дәрумені өте көп. Сондай-ақ, кокос майында микробтарға қарсы тұратын қасиетке ие қышқылдар бар. Егер оны уақытылы қолданып тұрсаңыз, ұсақ инфекциялардан арыла аласыз. Кокос майының 20 пайдалы қасиеті бар.
Гүлшетен майы
Шашқа күнде шаң-тозаң отырып қалатыны белгілі. Егер сіз гүлшетен майын қолдансаңыз, ол жақсы тазартушы қасиетке ие. Гүлшетен майында В дәрумені, темір және кальций бар. Көбіне, гүлшетен майын әлсіз, ұштанған шашқа пайдаланады. Мамандар көбіне гүлшетен майының өзін емес, мысалы, зәйтүн майымен араластыруды ұсынады.
Майсана майы
Майсана майы – жаңадан шаштың шығуына ықпал етеді. Ол Е дәруменіне, минералдарға және протеиндерге бай. Бұл майдың құрамында шаш өзегіндегі қалыпты кератин деңгейін ұстап тұратын антиоксиданттар бар. Майсана майы бас терісін қайызғақтың пайда болуынан қорғайды. Одан отыз минуттық немесе бір сағаттық маскалар жасауға болады.