Фрилансты бұрын батыс фильмдерінен ғана көріп, еститін болсақ, өзімізде де қазір қалыпты жағдайға айналды. Фриланс – бұл жай ғана жұмыс түрі емес, бұл өмір салты. Фриланс туралы армандайтын адамдарға ол толық еркіндік, жұмақ өмір сияқты көрінеді, күніне 2 сағат жұмыс істеп, ақша өзінен-өзі келіп жатқандай әсер қалдырады. Бірақ бұл шынымен солай ма?
Иә, фриланста қанша уақыт әрекет етуді, қай жерде қалай жұмыс істеуді, қанша табыс табуды өзің белгілеуге еркіндік бары рас. Алайда фриланс кез келгенге сәйкес келе бермейді. Оның артықшылықтарымен қатар, айқын кемшіліктері де бар.
Фриланстың артықшылықтары
Жұмыс орны мен уақытты таңдау еркіндігі
Фриланстың ең басты артықшылығы – таңмен таласа тұрып, аялдамада көлік күтудің, жол жүріп шаршап, кеңсеге барудың керегі жоқ. Бүгін қайда жұмыс істейтініңізді өзіңіз таңдайсыз: үйде, кафеде, коворкингте немесе тіпті басқа елде. Қалаған уақытта оянасыз, қалаған кезде демалыс аласыз. Демалыс пен еңбек демалысын сұрап алудың қажеті жоқ, оны да өзіңіз белгілейсіз. Бұл – шынайы еркіндік.
Жұмыстан ләззат алу
Фриланс – бұл жан қалауы. Егер өз ісіңізді сүймесеңіз, фриланста ұзаққа бару қиын. Кез келген фрилансерден сұрасаңыз, ол: «Мен жұмысымды жақсы көремін» демейді, «Мен өз ісіммен өмір сүремін» дейді.
Табыс көлемі де өзіңізге байланысты
Фриланста жалақыны бастық емес, өзіңіз белгілейсіз. Жобаның бағасын да, бір сағаттық еңбегіңіздің ақысын да өзіңіз қоясыз. Бастапқыда көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ тәжірибе мен клиенттердің жақсы пікірлері көбейген сайын, бағаны өсіріп, аз жұмыс істеп, көп табыс табуға болады.
Фриланста табыстың шегі жоқ, оның ауқымы сіздің кәсіби деңгейіңізге, тәжірибеңізге және өзіңізді дұрыс ұсына білуіңізге, яғни жарнамалауыңызға байланысты.
Жұмыс істеуге кедергі келтіретін әріптестер жоқ
Кеңседе әріптестердің артық әңгімесі, көңіл бөлетін жағдайлар жиі кездеседі. Ал фриланста сіз кіммен араласатыныңызды өзіңіз шешесіз.
Отбасыңыздың жанында бола аласыз
Фриланс сізге жұбайыңызбен, балаларыңызбен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Кейде жақыныңыздың жаныңызда болудың өзі жеткілікті. Отбасылы адамдардың көбі осы себептен фрилансқа ауысуды қалайды.
Үнемі дамуға мүмкіндік бар
Кеңседе кейбіреулер жылдар бойы бір орында тұрып қалады. Ал фрилансерлер үнемі дамуға мәжбүр. Себебі уақытыңыз көбірек, табысыңыз тек сізге байланысты, ең бастысы – біліміңіз өспесе, табыс та көбеймейді. Фриланста «ештеңе істемей-ақ ақша алу» деген жоқ.
Фриланстың кемшіліктері
Жұмыс істейтін жер әрдайым ыңғайлы бола бермейді
Фрилансерлер көбіне үйде, кафеде, коворкингте жұмыс істейді. Коворкинг – ең ыңғайлы нұсқа. Ал үйде отбасы мүшелері, көршілер немесе тұрмыстық шаруалар кедергі келтіруі мүмкін. Кафеде – шу, әңгіме, адамдар кедергі болады. Кейде пойызда, ұшақта, жол үстінде жұмыс істеуге де тура келеді. Дегенмен уақыт өте келе фрилансер кез келген ортаға бейімделіп үйренеді.
Тапсырыс берушімен тікелей байланыс
Кеңседе клиентпен көбіне менеджер сөйлеседі. Ал фриланста бұл міндетті өзіңіз ғана атқарасыз. Табыстың 90%-ы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға байланысты. Клиентке ұнап қалсаңыз, ол сізбен ұзақ жұмыс істейді және таныстарына да сізді ұсынады.
Әрдайым байланыста болу қажет
Клиент демалыс күні немесе кешкі уақытта жазуы мүмкін. Егер сіз жедел жауап берсеңіз, клиентті ұстап қала аласыз. Әрине, жұмыс уақытыңызды алдын ала белгілеуге де болады. Бірақ кейде шұғыл мәселе шықса, клиент сізді күтіп отырмай, басқа маман іздеп табуы мүмкін.
Жұрт сізді «жұмыс істемейді» деп ойлайды
Үйде отырған соң, олар сізді әрдайым бос деп есептейді де, туыс-таныстар "бір жерге апарып таста, көмектесе сал, бір жерге барайық" деп мазалауы мүмкін. Сондықтан туыс-таныстарыңызға үйде де жұмыс істейтініңізді түсіндіріп айтқан жөн.
Табыстың тұрақсыздығы
Бір ай өте табысты болса, келесі ай тапсырыс болмауы мүмкін. Кейде клиент төлемді кешіктіреді немесе мүлде төлемеуі мүмкін. Бұл мәселелер фриланста әрдайым кездесіп тұрады. Бірақ дәл осы тұрақсыздық дамуға итермелейді.
Ақылы демалыс жоқ
Фрилансерді ешкім еңбек демалысына жібермейді, жұмысқа жарамсыздық анықтамасын бермейді, декреттік төлем төлемейді. Дегенмен кеңсе қызметкерінен көбірек табыс табатын фрилансерлерге бұл жағдай кедергі емес.