10 шілдеде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг күтпеген жерден мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Түркия президенті Реджеп Ердоған Швецияның НАТО-ға кіруіне келісім берген. Бас хатшы мұны одақты күшейтетін тарихи қадам деді. Есесіне, Анкара келіссөздер кезінде ЕО-қа кіру туралы шарт қойды.
Швецияның әскери одаққа кіруіне ұзақ қарсы болған Түркияның бұл шешімінің астарында пайданы көздеген саясат қана жатыр. Соңғы өткен президент сайлауы, оған дейінгі алапат жер сілкінісі мен экономикалық дағдарыс Ердоғанды ешкім күтпеген қадамдар жасауға мәжбүр етуде.
Батыс басылымдары Анкараның бұл шешімін батысқа бетбұрыс деп мәлімдеуде. Тіпті, Ресейден алыстауы да мүмкін дейді сарапшылар. Алайда, мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салудың қажеті жоқ. Себебі, саясаткер бір нәрсені ойлайды, келесі нәрсені айтады, ал ісі мүлдем басқа. Үлкен саясатта стратегиялық мақсатыңа жету үшін тактикалық шегініс жасауыңа тура келеді. Ал Ердоғанның басты мақсаты – елде өз билігін нығайту. Сондықтан да ол осы президенттік мерзімінде бар күшін ішкі мәселелерді шешуге жұмылдырады.
Анкара Еуропадан пана іздеуге мәжбүр
Мамырда Түркияда кезекті президент сайлауы өтті. Сайлауда Ердоған жеңіске жетті. Алайда, саяси додада айқын басымдық болған жоқ. Екі турда қарсыласынан сәл ғана басымдықпен жеңді. Ал енді бізде саяси алпауыт кейпінде көрінетін Ердоғанның беделенің түсуіне не себеп болды деген сұрақ туындайды. Оған бірнеше себеп бар.
Соңғы уақытта елдің экономикасы құлдырады. Биыл наурызда өткен жылмен салыстырғанда түрік лирасы 50%-ға құлдырады. Әрине, бұл ресми ақпарат. Ал ENAG тәуелсіз зерттеуі елдегі инфляция 116% деген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 65%-ды құраған. Ресми мәлімдемеге дейін тәуелсіз сарапшылар инфляцияның 66–80% аралығында болатынын болжаған. Ал статистика институты қарашада 85% болуы мүмкін деп болжаған. Ал жалпы алғанда түрік лирасы соңғы жылдары құнсыздануда. Мысалы, 2014 жылы 1 еуро 2,9 лира болса, биыл 29 лираға дейін өскен.
Елде азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Республиканың статистика институты өткен жылы азық-түлік пен алкогольсіз сусындардың бағасы 78%-ға өсті деп мәлімдеген. Алайда, ең жоғары инфляция тұрғын-үй құрылысы саласында тіркелген. Мұнда 80%-ға дейін түрік лирасы құлдыраған.
Елдің экономикалық қуатына сырттан келетін инвестиция әсер етеді. Жаһандану заманында байығанды қалайтын ел оқшаулану экономикалық саясатын ұстана алмайды. Сондықтан Үкімет әрқашан мемлекетке инвестиция тартуға білек сыбана жұмыс істеуі тиіс. Ал бұл жағынан қарайтын болсақ, Түркияның жағдайы күрделі.
Әлемдік банк елге тікелей келетін инвестицияның көлемін зерттейді. Сол зерттеудің нәтижесінде мемлекеттердің рейтингісін жасайды. Ал банктің 2020 жылғы баяндамасындағы Түркияның жағдайы мәз емес.
Инфляциядан бөлек, биылғы зілзала Ердоғанның саяси беделіне ауыр соққы берді. Зілзаланы Нассим Талебтің тілімен айтқанда «қара аққу» деуге болады. Жығылғанға жұдырық болған табиғи апаттан 50 мыңнан астам адам мерт болды. Ол 100 жылда бір рет болатын ең жойқын табиғи апат ретінде тіркелді. Соңғы рет мұндай жағдай 1939 жылы Ерзинжанда болып еді.
Бұл жолы табиғаттың өзі елдің жасырын мәселелерін жарыққа шығарды. Халықтың тұрғын үйлердің сапасына қатысты сыны көбейді. Ердоған билігі жағдайды тез арада реттеуі керек еді. Солай да болды. Елде жаппай тұрғын үй құрылыс компаниялары басшылары үстінен қылмыстық іс қозғала бастады. Ішкі істер министрлігі 300-ге жуық компания басшысы қамауға алынғаны туралы мәлімдеді. Алайда, тек қылмыстық іспен жағдай реттелмейді.
Тұрғын үй саласындағы дағдарыстың белгілері баяғыда көрінген. Мысалы, 2022 жылы ең жоғары инфляция осы салада тіркелген. Ол рекордтық 80%-ға жеткен. Ал ондағы жемқорлық өз алдына бөлек мәселе.
Түркия Брюссель мен Мәскеу арасында теңдік ұстауға тырысады
Елді дағдарыстан шығарып, өзінің саяси беделін арттыру үшін Ердоғанға ақылға қонбайтын шешімдер керек. Ол әсіресе сыртқы саясатқа қатысты. Енді біздің болжамымыз бойынша Ердоған Еуропалық Одаққа қатысты сынды азайтады. Осы уақытқа дейін айтып келген мұсылмандарды қорғау, дәстүрлі емес жынысты сынау сияқты мәлімдемелеріне шектеу қояды. Себебі оған қазір сырттан келетін инвестиция ауадай қажет. Ал инвестицияны ЕО бере алады. Швецияны НАТО-ға қосуға келісімінің астарында осы себеп жатыр. Ал Түркияны одаққа қосу бос мәлімдеме. Себебі, Анкара одаққа қосу үшін керек талаптарды орындай алмайтыны айқын. Брюссель демократиялық институттар орнықпаған, әрі заңның үстемдігін қамтамасыз ете алмайтын мемлекетті өз қатарына қосуға мүдделі емес. Әрі Ресеймен арадағы қарым-қатынастағы дағдарыста Анкара өздері қалағандай әрекет етпейді.
Анкара Мәскеуден де алыстап кете алмайды. Екі елдің тауар айналымы жоғары деңгейде. Өткен жылғы көрсеткіш 50 млрд АҚШ доллларына жетті. Сондықтан екеуі де бір-бірімен сауда жасауға мүдделі. Әрі Ердоған экономикадағы дағдарыс кезінде ірі сауда әріптесімен даудан алшақ болмақ.
Алайда, президенттік мерзімінің соңғы 1-2 жылында саяси риторикасын қайтадан өзгертуі мүмкін. Оның әрекеті билікте қалғысы келсін-келмесін өзгереді. Бірінші сценарий бойынша ол президент болуға тағы ұмтылады. Ал екінші сценарий бойынша билік транзитіне, яғни постердоған кезеңіне дайындалады.