Қазақ ұлттық хореография академиясы өзінің халықаралық беделін нығайтып жатыр.
Euronews ірі еуропалық жаңалықтар телеарнасы әлемнің 160 еліне таралатын Modern Nomads бағдарламасы аясында Қазақстанның балет мектебі туралы арнайы репортаж ұсынды, деп хабарлайды aqshamnews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Modern Nomads – Euronews телеарнасындағы бағдарламалардың жаңа редакциялық сериясы. Бағдарламада репортер қазіргі заман мен дәстүрді үйлестіре отырып, халықаралық көзқараспен Қазақстанның түрлі мәдениет ошақтарына саяхат жасайды. Бағдарлама көрерменді ұлттық өнермен, сәнмен, сәулетпен, дизайнмен және елдің мәдени дамуының өзге салаларымен таныстырады.
«Қазақ балетінің жас жұлдыздары Астана сахнасын бағындыруда» атты шығарылымда Euronews телеарнасы классикалық өнерді ұлттық дәстүрлермен үйлестіретін талантты жас әртістерге тоқталды. Қазақстан жаһандық балет орталықтарының біріне айналып келеді.
Бұл ретте Қазақ ұлттық хореография академиясы жаңа таланттарды тәрбиелеу мен дамытуда шешуші рөл атқарады. Жаңа толқынның жарқын өкілдерінің бірі – Торғын Лебен. Ол жақында беделді еуропалық Budapest Ballet Grand Prix-2025 балет байқауында 1-орынға ие болды. Оның орындауы ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтеріп, өз еңбегімен жастарды шабыттандырып келеді.
Modern Nomads бағдарламасындағы қазақстандық балет мектебі туралы репортаж әртістерді жоғары деңгейде даярлап жатқанын көрсетіп, олардың халықаралық аренада танылуына ықпал етеді. Енді қазақстандық балетті, атап айтқанда, Қазақ ұлттық хореография академиясын шет мемлекеттер де жақсы танып-білетін болады. Бұл Қазақстанның хореографиялық білім беру жүйесінің жоғары деңгейде дамып жатқанын және әлемдік аренаға лайық әртістер даярлайтын мемлекет ретіндегі беделін нығайтады. Академия Қытай, Ресей, Италия, Франция және өзге де әлемдік хореография мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан.