Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI Съезі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың партия съезінде сөйлеген сөзінен үзінді.
Қайырлы күн, қадірлі партияластар!
Ардақты ағайын!
Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын партиямыздың саяси тұғырнамасын бірге қабылдап едік.
Саяси тұғырнаманың әр сөзін, әр идеясын, мақсат-мұратын осы отырған бәріміз жүрегімізден өткізіп, жазып шықтық.
Сол кездің өзінде тұғырнамаға «Өзгеріс өзімізден басталады» деген ұстанымды нық бекіткен болатынбыз.
Біз бұл қағиданы берік ұстанып келеміз.
Өйткені, бұл принцип қоғамдағы оң өзгеріске, әділдікке, жаңаруға, ашықтыққа деген үлкен сұраныстан туындаған еді.
Осыны терең түсінген Президентіміз елімізді түбегейлі жаңғыру жолына бағыттады.
Бұрын-соңды болмаған ауқымды, зор өзгерістер қолға алынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары шын мәнінде жаңа қоғамның іргетасын, мемлекеттің жаңа бет-бейнесін қалыптастырып жатыр.
Тарихи тұрғыдан алғанда, қас қағым сәттей көрінгенмен, осы аз уақытта түбегейлі саяси реформалар жасалды, батыл шешімдер қабылданды.
Мемлекеттік институттар толық жаңғырды.
Биліктің, байлықтың бір қолға шоғырлануына тосқауыл қойылды.
Әр азамат өз жауапкершілігі мен қоғамдағы рөлін терең сезіне бастады, мемлекеттің болашағына тікелей қатысы бар екенін түсінді.
Араға отыз жыл салып, 2022 жылы елімізде алғаш рет референдум өтті.
Тура сол жылы әділ, таза әрі ашық сайлауда халық өзі сенім артқан, қолдаған Президентін сайлады.
Саяси бәсеке күшейіп, көп жылдан бері Парламентке 6 бірдей партия келді.
Атом электр стансасының құрылысы бойынша референдум болды.
Осы игі істердің тарихи, табиғи жалғасы ретінде көктемде ғана жаңа Халық Конституциясын қабылдадық.
Жаңа Ата заң жоғарыдағы барлық эволюциялық процестердің шырқау шыңы болды.
Жаңа Конституция өркендеген, дамыған Қазақстанның келешек келбетін айшықтап, отандастарымыздың жүрегіне сенім ұялатып отыр.
Оның өзегінде – әділет пен теңдік, бірлік идеясы жатыр.
Қазірдің өзінде бұл ұғымдар халықтық құндылықтарға айналып келеді.
Ал мұның артында, Президент айтқандай, Әділетті, Прогрессивті, Қуатты Қазақстан құру идеясы тұр.
Біз жалаң ұран мен популизмге салынған жоқпыз
Біз нақты іспен, нақты өзгерістермен айналыстық.
Оның нәтижесі – халықтың көз алдында.
Партияның «Ауыл Аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Тұрғындар аманаты» сияқты әлеуметтік жобалары жалпыхалықтық қозғалысқа айналып, үлкен қолдауға ие болды.
Бұл жобалардың бәрі тікелей әр азаматтың, әр отбасының табысын арттыруға, несие қарызынан құтылуына, тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған.
Бұл жобалардың ең басты ерекшелігі – осы бастамалардың әрқайсысы тікелей азаматтардың қатысуымен, араласуымен жүзеге асып жатыр.

«Қарызсыз қоғам»
«AMANAT» партиясы қоғамдағы ең өзекті, ең өткір мәселелермен жүйелі түрде айналысты.
Әр адамды толғандыратын проблемаларды шешуге күш салды.
Осындай түйткілдің бірі – тұрғындардың шамадан тыс қарызға батуы.
Қай жерге бармасақ та, осы проблема алдымыздан шығып отырды.
Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алдық.
Қарапайым бастамадан басталған бұл жоба бүгінде 1,5 миллион адамды қамтып отыр.
Біз қарызға белшеден батқан, қиын жағдайға тап болған жандар туралы талай естідік.
Бір адамның басында 20-25-ке дейін кредит болған.
«Қарызсыз қоғам» соларды тығырықтан алып шығуға сеп болып отыр.
«Жер аманаты»
Ауылдағы тағы бір өзекті мәселе – жайылым жер.
Оның себебін бәріңіз жақсы білесіздер.
Кезінде жеке қолға өтіп кеткен ең шұрайлы, ең жайлы жерлер «Жер аманаты» жобасы аясында мемлекетке, елге қайтарылып жатыр.
Осы уақытқа дейін пайдаланылмаған, заңсыз иеленіп кеткен 15 млн гектар жер қайтарылды.
Бұл – әділдік қағидаларының іс жүзіндегі көрінісі.
Мұғалім мен дәрігерге жағдай жасалды
Мұғалімдер өздеріне тән емес функциялардан басы бүтін арылуда.
Енді мұғалімдер оқушылар үшін тек оқу процесі кезінде, тек мектеп қабырғасында ғана жауап береді.
Ол заңмен бекітілді.
Ал ауылға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейін көтерме ақы беріледі.
Медицина қызметкерлерін қорғау үшін оларға жасалған зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік енгіздік.
Халыққа адал қызмет еттік
Біз бүгін шынымен де тарихи сәттің куәсі болып отырмыз.
Біз әрдайым жүрек қалауымен, шын ниетімізбен елге, халыққа адал қызмет еттік.
Осы залда өздеріңізбен бірге қаншама рет кездесіп, ауқымды шешімдер қабылдадық.
Бүгін де мемлекетіміздің болашағы, қоғамымыздың дамуы үшін маңызды шешімді бірге қабылдап отырмыз.
Бірлескен жемісті жұмыс үшін, ел игілігі жолында атқарылған іргелі істер үшін әр қайсыңызға тағы да зор ризашылығымды білдіремін.
Алдағы уақытта да баршаңызға табыс тілеймін!