Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесі бірнеше жылдан бері қоғам назарында. Бұл күрделі әлеуметтік әрі медициналық проблеманың қазіргі ахуалы жайлы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен сұрап білдік. Ведомство өз құзыреті шегінде Аqshamnews.kz тілшісінің сауалдарына жауап берді. Сонымен елді елең еткізер мәселе жайлы не белгілі?
Алғашқы жыныстық қатынастың орташа жасы қанша?
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, неке жасы ерлер мен әйелдер үшін 18 жас деп белгіленген. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер кәмелеттік жасқа толмағандар санатына жатады.
Министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы алғашқы жыныстық қатынастың орташа жасы — 16,5 жас. Бұл көрсеткіш ерте жыныстық белсенділік пен оның салдарына алаңдаушылық тудырып отыр.
"Ерте жүктілік коэфициенті кейінгі бес жылда 43%-ға төмендеген"
"Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының" деректері бойынша, 15–18 жас аралығындағы жүктілік коэффициенті кейінгі бес жылда 43%-ға төмендеген. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш әрбір 1000 жасөспірім қызға шаққанда 7,54 болса, 2024 жылы 4,25-ке дейін азайған.
Ал 2025 жылдың алғашқы алты айында көрсеткіш одан әрі төмендеп, 19,3%-ға азайған.
Жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығы бақылауда ма?
Бұл бағыт негізінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар гинекологы лауазымын енгізіп, барлық өңірлерде бас балалар гинекологтарын бекіткен. Сонымен қатар, «University Medical Center» базасында арнайы республикалық үйлестіру орталығы құрылып, мамандарды қайта даярлау курстары басталды.
Гинекологиялық аурулары бар қыздарға уақтылы көмек көрсету тәртібі (қозғалыс бағыты) енгізілді. Бұл – қай кезде, қайда жүгіну керектігін нақтылайтын жүйе.
Сондай-ақ, министрлік берген ақпаратқа сенсек елімізде 94 Жастар денсаулығы орталығы (ЖДО) жұмыс істейді. Мұнда 10–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек тегін ұсынылады. ЖДО-лар арқылы репродуктивті сауаттылық, ерте жыныстық қатынастың салдары, қалаусыз жүктіліктің алдын алу секілді маңызды тақырыптар қамтылып, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.