«Ерекше дәрігер» кинокартинасы үлкен экранға жол тартты

«Ерекше дәрігер» кинокартинасы үлкен экранға жол тартты Сурет: ашық дереккөз

Алматыда қазақстандық «Ерекше дәрігер» фильмі бірер күнде прокатқа шығады. Үлкен экранға жол тартатын өзгеше туынды – отандық кинокеңістікте танымал актерлармен бірге даун синдромымен туған балалар ойнаған ең алғашқы көркем фильм. 

Ерекше туындыны «Арман» кинотеатрында тамашаладық, актерлармен жүздестік, ой-пікірін тыңдадық. Картинада Азиз Бейшеналиев, Галина Табала, Азат Сейітметов, Алексей Шемес, Шыңғыс Капин, Ольга Ландина, Лаура Еркебұлан, Карина Сұлтан, Орынбасар Тазабеков, Татьяна Тарская және ерекше балалар – Марта Перминова, Анна Гладченко, Арлан Әділман, Дамир Садықов, Кириана Станишевская ойнайды.
Мүмкіндігі шектеулі балалар бұл кинотуындыда мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеп, өздерін нағыз актерлық қырынан көрсетіп, детективке құрылған оқиға желісін шынайы ойнап шыққанын байқадық.

...Отставкадағы әскери маман Александр (рөлде Азиз Бейшеналиев) контузиядан кейін пайда болған адам төзгісіз бас ауруына ем таппай, дәстүрлі медицинадан күдерін үзе бастағанда, ғаламтордан «Ерекше дәрігер» деп аталатын жекеменшік клиниканы байқап қалады. Онда «кез келген ауруды үйіңізге барып бір сеанста-ақ емдеп жазамыз» деген жарнаманы көзі шалады. Телефонмен әлгі клиниканың дәрігерін шақыртады. Күткен дәрігері Даун синдромымен өмірге келген Марта есімді 10 жастағы ерекше қыз екен. Ол шынымен де бүлдіршіннің маңдайына апарған нәзік қолынан қуат алып, шипа тапқандай, тәуір болғандай сезінеді өзін. Бірақ көкейінде күмәнді көп сауал пайда болады. «Бұл қандай клиника, оның дәрігері неге бала және ерекше балақай, арғы жағында басқа да осы диагноздағы балдырғандар тұрған жоқ па, олардың еңбегін пайдаланып, ақша бопсалап жүргендер бар шығар, бәлкім?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеп, шытырман оқиғаларға тап болады.
  
Иә, инклюзивті «Ерекше дәрігердің» жанры – әлеуметтік драма элементтері бар мистикалық детектив. Бас продюсері – София Витвер. 
 Алматы мен Астанада түсірілген кинотуынды көрерменін ерекше балалардың шынайы өміріне назар аудартуды, олар да осынау қоғамның бір мүшесі екеніне, олардың да қолынан көп дүние келетінін жеткізуді мақсат еткен. Марта – өмірде де адамдарға көмектескісі келіп тұратын мейірімді қыз. Ал картинада Виктор Цойдың өлеңін айтқан кішкентай Арлан шын мәнінде Цойдың барлық туындысын жатқа білетін көрінеді.


– Маған осы картинаға түсуге ұсыныс түскенде, әрине, қуана келістім. Себебі, дәл осындай форматта Орталық Азияда осы тектес фильмнің түсірілгені есімде жоқ. Картинаға түскен балалар шынайы ойнап шықты. Олар бізге емес, керісінше, оларға біздің икемделуімізге тура келді. Өйткені, ерекше балдырғандарға сахнаның кәсіби талаптарын қоя алмайсыз, олар дәл сол сәтте не ойлап тұр, нені айтқысы келеді, қалауы  қандай, соны көрсетті. Яғни балалар үшін арнайы сценарий болған жоқ, олар импровизация жасады. Әрқайсысы өз рөлін сәтті алып шықты. Ал біз олардың әр табиғи сөйлеген, шынайы сәттерін кадрларда ұтымды пайдалануға тырыстық. Шыны керек, біздің мансаптық жолымызда бұл бір ерекше түсірілім болды. Даун синдромымен туған балалардың дамуы оның қоршаған ортасына да көп байланысты. Картинаға түскен ерекше балақайлар болашағының жарқын болуына тілекшімін, – дейді басты рөлді сомдаған актер Азиз Бейшеналиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:46

15:33

15:26

15:21

14:48

14:45

12:58

12:54

12:38

12:21

12:09

12:05

11:58

11:35

11:33

11:28

10:47

10:07

10:02

10:01

09:49

09:36

19:40

19:32

19:25