Оқушылар сарайында қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Жиын барысында инклюзивті білім беру және құқықбұзушылықтың алдын алу сияқты өзекті мәселелер кеңінен сөз болып, басқа да мәселелер талқыланды.
Кездесуде ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту және осы саладағы мониторинг нәтижелері негізгі тақырып болды. Алғашқы сөз кезегін қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов алып, жиынның маңыздылығына тоқтады.
– Мемлекетіміз ерекше білім беруді қажет ететін балалаларға барынша қолдау көрсетіп отыр. Арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Бұл – ата-анаға зор көмек қана емес, ерекше баланың емделіп, қажетті дағдыларды игеруіне ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, мұғалімнен басқа баланың оқу материалын игеруге көмектесетін, психологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешетін көмекшісі болады. Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларға өздерін қоғамның толыққанды қатысушылары ретінде сезінуге, дамуға және айналасындағыларға пайдалы болуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беруді дамыту – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, бүкіл білім беру жүйесіне арналған білім беруді дамыту. Бұл барлығына тең құқықта және тең жағдайда білім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, ерекшелігі бар балаларды қоғамнан бөлектемей, қолдан келгенше қолдаған дұрыс, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары, мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелері де жан-жақты сөз болды.
– Қазіргі таңда қала әкімі Ерболат Досаевтың қолдауымен, инклюзивті қала қағидаттарын енгізу аясында, мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінде барлық оқушыларға тең мүмкіндік жасау үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Біз әрбір баланы назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мектеп – балалардың екінші үйі. Олар жайлы және қауіпсіз ортада білім алып, дамуы қажет, – деді Сайран Сайфеденов.
Кездесу қорытындысы бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы оқу жағдайларын жасау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту және білім беру саласындағы қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар әзірленді.
Сондай-ақ кеңес жұмысына қалалық полиция департаментінің ювеналды полиция өкілдері және басқа да мүдделі құрылымдар қатысты. Қатысушылар инклюзивті білім берудің инфрақұрылымдық, әдістемелік және кадрлық мәселелері де жан-жақты талқыланды.