М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Саха елінен келген қонақтармен мазмұнды кездесу өтті. Жиынның басты қонағы – «Әлем халықтарының эпостары» халықаралық қауымдастығының вице-президенті, эпикалық мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау ісіне елеулі үлес қосып жүрген Александр Николаевич Жирков.
Александр Жирков – Ресей Федерациясында ғана емес, шетелдерде де әлем халықтарының эпикалық мұрасына арналған халықаралық конференциялар мен фестивальдерді ұйымдастырып, әртүрлі халықтардың эпостық дәстүрлерін өзара жақындастыруға күш салып жүрген көрнекті мәдениет қайраткерлерінің бірі. Оның авторлық жобасы бойынша және редакциясымен «Әлем халықтарының эпикалық ескерткіштері» (2014) халықаралық кітаптар сериясының алғашқы томы – қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосы орыс және якут тілдерінде жарық көрген. Сонымен қатар ол якут халқының қаһармандық эпосы «Ньургун Боотур Стремительный» шығармасының қырғыз тіліне аударылуына да бастамашы болған.
Бұл сапардың да мәні ерекше. Александр Жирков қазақтың батырлық эпосының көрнекті үлгісі – «Қобыланды батыр» жырының Саха тіліне аударылған үш нұсқасын арнайы ала келген. Бұл – қазақ эпикалық мұрасының өзге түркі халықтарының рухани кеңістігіне енуі ғана емес, туыстас халықтардың тарихын, дүниетанымын және көркемдік дәстүрлерін өзара байланыстыра түсетін маңызды мәдени қадам.
Аталған аудармалардың негізінде «Қобыланды батыр» жырының ғылыми тұрғыдан хатқа түсіріліп, сақталуы мен зерттелуіне өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті мәтінтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Оразкүл Нұрмағамбетованың жазып алған нұсқасы және оның орыс тіліндегі аудармасы жатқанын да атап өткен жөн. Ғалымның ұзақ жылдар бойғы ізденісі мен ыждағатты еңбегінің нәтижесінде «Қобыланды батыр» эпосы Мәскеуде жарық көрген «Героический эпос народов СССР» атты іргелі сериялық еңбекке енді.

Бір кездері Оразкүл Нұрмағамбетованың ыждағатымен хатқа түсіп, орыс тіліне аударылып, ғылыми айналымға енген «Қобыланды батыр» эпосының араға жылдар салып Саха тіліне аударылып, жаңа оқырманға жол тартуы – ұлттық мұраны сақтаудың, зерделеудің және кейінгі ұрпаққа жеткізудің шынайы сабақтастығының жарқын көрінісі. Бұл тарихи-мәдени сабақтастықтың куәсі болған кездесу келген жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.
Жиынға Оразкүл Нұрмағамбетованың ұрпақтары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анарбай Сағиұлы Бұлдыбай, белгілі өнертанушы ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жамбыл Әмзеұлы Нәтбаев, сондай-ақ Институт ғалымдары – филол.ғ.д., профессоры Тынысбек Қоңыратбай және Әлімжан Хамраев, филол.ғ.к. Диар Қонаев, Светлана Ананьева, Жұмашай Рақыш, Азамат Ақан, PhD мен докторанттар қатысты.
Кездесуді М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Асқар Әбдуәлиұлы Тұрғанбаев жүргізді. Ол өз сөзінде Саха елінен арнайы ат басын бұрып келген қонақтарға алғысын білдіріп, екі елдің эпикалық мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы осындай мазмұнды кездесулердің маңызын атап өтті.

Іс-шараның тағы бір қуанышты әрі тағылымды тұсы – қазақ тарапының да Саха елінен келген қонақтарға өз жаңалығын ұсынуы болды. Осы отырыста белгілі ақын, жазушы Ұлықбек Есдәулет ағамыз якут халқының «Ньургун Боотур» эпосын қазақ тіліне аударуды бастап кеткенін айтып, аударма мәтінінен үзінділер оқып берді.
Бүгінгі кездесу екі халықтың эпикалық мұрасын өзара таныстырумен ғана шектелмей, тамыры терең түркі дүниесінің ортақ рухани қазынасын жаңғыртып, оны қазіргі мәдени кеңістікте қайта танытуға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.
Қазтуғанова Айнұр Жасағанбергенқызы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
«Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі,
өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор