Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алатау ауданындағы №169 мектеп-лицейінің ауласы да күміс күлкіге толды. Мектепте жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған дәстүрлі «Алғашқы қоңырау» салтанаты өтті. Білім күніне арналған мерекелік шараға мектеп ұстаздары, оқушылар, ата-аналар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Ақ бантик таққан қыздар мен қолдарына гүл ұстаған ұлдардың жүзінен ерекше толқу мен қуаныш байқалады.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, мектеп басшысы Патшагүл Оңғарбайқызы барша оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бүгінде зейнетке шықса да, мектеп өмірінен қол үзбей, қолдау көрсетуге дайын ардагер ұстаздар да білімге ұмтылған жас ұрпаққа ақ жол тіледі. Олардың ел игілігі үшін қызмет етіп, саналы азамат болып қалыптасуына тілектестік білдірді.

Әсіресе, алғаш мектепке келген 1 сынып оқушыларына мектеп өмірі мен жауапкершілігі туралы жылы лебіздер көбірек айтылды. Жоғары сынып оқушылары да оларды қамқорлауға дайын екенін жеткізіп жатты. Мерекелік шара ән мен жырға, әсерлі құттықтауларға ұласты.

«Балафест» байқауының бас жүлдегері Бекжан Бекжұма мен Айсана Бекжұма «Ұстазым», Ақжан Қанат «Алтын ұя мектебім» әнін нәшіне келтіре орындаса, «ВМ» тобының бишілері «Шашу» биін биледі.
Алғашқы қоңырау – әрбір оқушы үшін жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастауы. Жүректерге нұр құйған осынау қуанышты сәт білім әлеміне алғашқы қадам жасаған бүлдіршіндерге ғана емес, барша ұстаздар мен ата-аналарға да ерекше әсер сыйлады.
