Алматы қаласында «Жарық өткізгіш конструкциялар комбинаты» ЖШС-ның еңбек ұжымы ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жанна Асанова және Марат Қожаевпен кездесті.
Басқосу барысында кәсіпорын қызметкерлері ел болашағына ықпал ететін жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, алдағы республикалық референдумның маңызын атап өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесу кезінде сенаторлар еңбек ұжымына жаңа Конституция жобасында қамтылған негізгі өзгерістерді түсіндіріп, оның қоғам өміріндегі орнына тоқталды. Әңгіме арқауында адам құқығын қорғау, әділет қағидатын күшейту, заң үстемдігін орнықтыру, мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру секілді өзекті мәселелер сөз болды.

Жанна Асанова жаңа Конституция жобасы ең алдымен адам мүддесін алға қоятын құжат екенін айтты. Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді тереңдете түседі. Сенатор мұндай тарихи кезеңде әр азаматтың ел тағдырына бей-жай қарамай, саналы таңдау жасауы маңызды екенін жеткізді.
Марат Қожаев еңбек адамдарының пікірі қашанда елдік мәселеде шешуші мәнге ие екенін айтты. Оның сөзінше, өндіріс басында жүрген азаматтардың қолдауы кез-келген реформаның өміршеңдігін айқындайды. Сондықтан жаңа Конституция жобасын халықпен бірге саралау және қолдау елдің ертеңіне деген ортақ жауапкершіліктің көрінісі болатынын ерекше атап өтті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты ойларын ортаға салды. Сенаторлар қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін кеңінен түсіндірді.
Жиын қорытындысында «Жарық өткізгіш конструкциялар комбинаты» ЖШС-ның еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдірді. Қатысушылар алдағы республикалық референдум елдің келешегін айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтіп, мұндай тарихи сәтте әр азаматтың үні маңызды екенін жеткізді.