Ол жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға септігін тигізеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Үкімет мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.
Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.
Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл – 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат.
Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т.б. бойынша талдау жүргізілді.
Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:
еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;
қызметкерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;
формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқығы мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;
әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.
2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда 2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адам болды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету.
Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:
өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;
жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;
жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.
Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген.
Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарланған.
Сондай-ақ тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмысшылар үшін еңбек құқығын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.
Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы іске асырылатын болады. Негізгі критерийлер – ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру.
Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды көрсетеді. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.