Елімізде түсірілген сан мың кинокартинаның тұсауын кесіп жүрген «Арман» кинотеатрында тағы бір туындының премьерасы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Елші қыз» деп аталатын драмалық көркем фильмнің режиссері – Еркін Рақышев. Бас продюсері – Әмір Жұмағұлұлы.
Басты рөлдерде – Шахризада Серікова, Гүлшат Тұтова, Әлихан Нұржауов, Бексұлтан Ерғалиев, Алина Ұлықбек, Наргиза Арипова, Жамшид Каримов, Жалғас Тоқтасынов.
Кинокартина оқиғасының басы Өзбекстан елінде өрбиді. Бас кейіпкер Азиза оқушы күнінде, спорт үйірмесіне барып жүрген кезінде өзінің Қазақстаннан асырап алынған перзент екенін кездейсоқ біледі. Баққан ата-анасы да оған мән-жайды жасырмай баяндап береді. Сол сәттен бастап қыздың жүрегіне туған шешемді тапсам ғой деген арман-мақсаты орнығады.
Жүрек деген – жұмбақ әлем ғой. Ол саған мүлдем көрмеген адамыңды да сағындыра алады. Азизаның биологиялық анасына деген сағынышы жылдар бойы іште, жұдырықтай жүрегінің түбінде құндақтаулы жатты. Кәмелет жасына жеткен соң, жолға жиналып, асырап алған ата-анасының батасымен Қазақстанға ұшады.
Оның Қазақстанға келуі – жай ғана сапар емес. Бұл – оның өміріндегі ең маңызды, ең толқынысты қадамы. Ол бұл бейтаныс елге турист болып емес, өзінің тамырын, туған анасын, өзінің кім екенін іздеп келеді.
Анасын іздеу жолында ол тек сыртқы кедергілермен емес, өз ішіндегі қорқынышпен де күреседі. Ең әсерлісі – оның анасына деген өкпеден гөрі, сағынышының басым болуы.
«Елші қыз» – ана мен бала арасындағы үзілмес байланысты, туған жерге деген тартылысты және адамның өз тамырын іздеуге деген ұмтылысын көрсететін туынды.
«Фильмнен жақсы әсер алдым. Басты рөльдегі Азизаның әр қимылы, өз-өзін ұстауы тәнті етті мені. Бойынан әдеп-иба бірден сезіліп тұр. Осы рөлге дұрыс таңдалған бала екен. Экран сыртында отырған біз де оның жан дүниесін ұғындық десем артық айтқандығым емес. Киноның бастан-аяқ қазақша берілгені де қатты ұнады», – деді фильм туралы ойын бөліскен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Асылы Осман.
Азизаның асырап алған анасының рөлін ойнаған өзбекстандық актриса Наргиз Арипова да сөз сөйлеп, қазақ жеріне келіп, картинаның премьерасына қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, фильмнің режиссері, продюсері және бүкіл түсірілім тобы мейірімділік, махаббат, ата-анаға деген құрмет деген құндылықтарды көрерменге жеткізу үшін бар күшін салғанын атап өтті.
«Ана үшін өзгенің баласы деген ұғым болмайды. Меніңше, бұл фильмнің басты мәні де осында. Фильмдегі бір көрініс мен үшін ерекше қымбат. Бір эпизодта кішкентай Азизаның қасыма келіп, тіземе басын қойып жылайтын сәті бар. Баланың сол сәттегі көз жасы шынайы еді. Екеумізге қосылып режиссер Еркін Рақышевтің де егіліп тұрғанын байқап қалдым. Мен қанша картинаға түсіп жүріп, осылай толқыған режиссерді көрмеген екенмін. Бұл фильм жүректерге жақсы із қалдырса екен деп тілеймін. Ең бастысы – бір-бірімізге мейірімді болайық, ата-анамызды бағалайық, ананың махаббатының алдында ешқандай шекара болмайтынын да біле жүрейік», – деді актриса Наргиз Арипова.
Ал «Фильм неге «Елші қыз» аталған? Елшілікке қандай қатысы бар?», «Азиза туған анасын тапты ма? Сәбиін балалар үйіне тастап кеткен әйел кім болды екен?» деген секілді сауалдар қызықтырса, әлеуметтік драманы көруге шақырамыз. Сценарий авторлары – Еркін Рақышев, Рамазан Құрманбаев. Қоюшы оператор – Александр Исаенко, маркетинг директоры – Алижан Рахишев, ал композиторы – Бауыржан Көкенов.
Нұржамал ӘЛІШ