Қазақстанда құрылыс саласын e-Qurylys цифрлы жүйесі арқылы қарқындатып, жұмыс тиімділігін арттыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы AMANAT партиясында өткен Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар комитетінің кезектен тыс отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Министрдің орынбасары айтқандай, экожүйелер тәуекелдерді басқарудың бірыңғай платформасына жинақталып, бұл мемлекеттік басқарудың заманауи және тиімді жүйесін құрумен қатар нақты деректер негізінде кешенді, уақытылы басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.
«Жылжымайтын мүлік нысандарының «өмірлік циклін» жобалау сатысынан бастап ғимаратты немесе белгілі бір құрылысты бұзуға дейін цифрландыру - еліміздің аумақтық дамуын тиімді, сапалы, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауын қамтамасыз етеді. Қазір қалалық құрылыс кадастры жүйесінде салынып біткен аумақтың инженерлік желілері туралы мәліметтердің 67,4% цифрландырылды, сондай-ақ цифрлы бас жоспардың үлесі - 95,2%. Ал дәлме-дәл жоспарлау жобалары 91,7%-ға қамтылған. 2024 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр», - деді Д.Щеглова.
Жауапты ведомствоның өкілі заманауи шешімдер арқылы дәлме-дәл жоспарлау жобаларының бекітілген бас жоспарына сай келмейтін 700-ден астам фактісі анықталғанын жеткізді. Бұл ретте жүйеде 2 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейтінін айта кету керек.
Ал құрылыс кезеңдерін e-Qurylys жүйесі арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталған жүйе 2022 жылдың маусымында іске қосылып, бұл жүйе құрылыс процесінің барлық қатысушысына (тапсырыс беруші, мердігерлер, авторлық және техникалық қадағалаулар), сондай-ақ мемлекеттік органдарға өндірістік үдерісті автоматтандыруға септігін тигізеді.
«Тың шешім арқылы республикалық 109 автожолдың құрылысы 100% жүргізіліп келеді. Сонымен қатар аталған жүйеде 71 тұрғын үй нысаны тіркелген. Қазір мұнда 9643 техникалық және авторлық қадағалау сарапшысы тартылып отыр. Жүйеге 27 869 пайдаланушы қосылған», - деді министрдің орынбасары.
Министрлік жол секторын цифрландыруды Жол активтерін басқару жүйесімен қамтып келеді. Оның мақсаты ақауларды дер кезінде анықтап, жою арқылы автожолдарды жөндеуге жұмсалатын шығындарды оңтайландыру. Осылайша, күрделі шығындар азаяды деп болжануда.
Биыл осы жүйенің көмегімен республикалық маңызы бар жолдардың барлық ұзындығының 67%-на (2023 жылдың соңына дейін 100%) жол жамылғысының ақауларына бағалау жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар министрліктің тарапынан жолдардың ашық картасының мобильді қосымшасын құруға байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жол қозғалысы қатысушыларына автожолдардың ахуалы жайлы, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының орналасқан жері туралы, жолдардың ақылы учаскелері және кері байланысты орнатуға, сондай-ақ ауа райы мәліметі жөнінде хабардар болуға мүмкіндік береді. Мобильді қосымшаны іске қосу алдағы қараша айының соңына жоспарланып отыр.