Ресми деректерге сүйенсек, елімізде экономикалық өсім байқалады. Қазақстанда әртараптандыру жұмыстары жүріп, агросекторға, қайта өңдеу өнеркәсібіне және жаңартылатын энергия көзіне инвестиция тартылып жатыр. Бұл туралы экономист Ляззат Жанмолдаева Аqshamnews.kz тілшісіне егжей-тегжей түсіндіріп берді. Оның сөзінше, экономиканың тұрақты дамуы дайын өнім өндірісін арттырып, теңгенің тұрақтылығына, жаңа жұмыс орнының ашылуына және импортқа тәуелділіктің азаюына әкеледі.
"Қазір экономиканы әртараптандыру үшін нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл тек сөз жүзінде емес, көп салада байқалады. Сырттан тартылған инвестиция ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек, елімізге келіп жатқан әлемдік деңгейдегі әншілер мен мәдени іс-шаралар да туристер ағынын арттырып, қосымша табыс көзіне айналып отыр", – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, былтырғы қорытынды бойынша Қазақстанда ЖІӨ адам басына шаққанда 13 250 АҚШ долларынан асқан. Бұл – экономиканың құлдырап емес, өсіп жатқанының айғағы.
"Бұған дейін еліміздің табысы сырттағы мұнай бағасына тәуелді болды. Енді біз дайын өнімнен пайда табуға көшіп келеміз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, экспортқа да жұмыс істейтін боламыз. Дайын өнім өндірісі - теңге тұрақтылығы, жаңа жұмыс орындары мен импортқа тәуелділікті азайтудың жолы. Бұл – ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылыққа бастар бағыт", – деді сарапшы.
Ол шағын және орта бизнесті дамытуда да үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
"Егер бұл салада жемқорлыққа жол берілмесе, нақты нәтиже береді. Халықтың қаржы сауатын арттыру, табыс табуға жағдай жасау - тұрмыс сапасын жақсартудың негізі", – дейді Ляззат Жанмолдаева.
Инвестиция қайда бағытталып жатыр?
Сарапшының айтуынша, бұрын инвестициялар негізінен жерасты байлықтарын игеруге бағытталса, қазір олар ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, жиһаз өндірісі, тіпті жел энергетикасы сияқты салаларға тартылып жатыр.
"Инвесторлар экономикасы мен ішкі саясаты тұрақсыз елдерге қаражат салғысы келмейді. Ал Қазақстанда саяси және экономикалық тұрақтылық бар. Сондықтан бізге инвестиция тартуға мүмкіндік те, әлеует те жетеді", – деп түйіндеді сарапшы.
Ресми деректер не дейді?
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтыр осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өскен. Бұл өсімге өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салаларындағы белсенділік түрткі болған.