Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарында ақы төлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Қатысушылар жол алымдарының қолданыстағы жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландырудың тұрақтылығын арттыруды қарады.
Коммерциялық жүк көлігінің, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жол ақы төлеудегі ықтимал тәсілдеріне басты назар аударылды. Бұл ретте ұсынылып отырған шаралар азаматтардың жеке жеңіл көлігі үшін жол жүру шартын өзгертуді көздемейді.
«Біз автомобиль жолдарын салғанымызбен, оларды күтіп ұстау және жөндеу шығынын бюджет есебінен жабуды жалғастырудамыз. Жол инфрақұрылымы өзін қамтамасыз ететін жүйені құру қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Отырыс барысында жұмыс тобы бірқатар бастама ұсынды. Сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстан мен көрші мемлекеттердің ақылы жол тарифіндегі айырмашылыққа назар аударды. Осыған байланысты жол ақысын аймақтық деңгейге жақындату мүмкіндігін зерттеуді, сондай-ақ отандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарт қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар сарапшы мемлекеттік шекарадан өту кезінде шетелдік жүк автомобильдерін сақтандыру тетігін пысықтауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл тәсіл жүк көлігінің жол инфрақұрылымына әсерін өтеудің қосымша құралы, сондай-ақ оны күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландыру көзі бола алады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов көлік компаниялары үшін жылдық абонементтерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды айтады. Мұндай тетік тасымалдаушыларға жоспарлы шақырымды алдын ала төлеуге және ұзақ сапар кезіндегі үлкен шығынды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл төлемдер жиынтығының жоғарылауына және қарыздың азаюына ықпал етуі мүмкін.
Тағы бір ұсыныс көлік құралдарының сипаттамаларын ескере отырып, тарифтерді жетілдіру болды. VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, логистика және көлік саласындағы сарапшы Болатбек Нәжіметдинұлы автомобильдердің экологиялық сыныбына, шығарындылар деңгейіне және жол төсеміне жүктемеге байланысты тарифтерді саралауды ұсынды.
Сондай-ақ қатысушылар жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талабын сақтау мәселесін талқылады. Атап айтқанда, жүк көлігі қозғалысын, оның ішінде автомобиль жолының ақылы учаскелерінде мониторинг жүргізу үшін цифрлық құралдарды қолдануды арттыру ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.
Тәсілдерді зерделеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнестің мүддесін ескеру, сондай-ақ жол инфрақұрылымын ұстауға арналған шығыстарды әділ бөлуді қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте азаматтардың жеке жеңіл көлігіне әсер етпей, коммерциялық жүк көлігіне басты назар аудару ұсынылады.
Ұсыныстарды қарашаның соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау тапсырылды.




