Жауынгерлер арасында психологиялық сауалнама мен әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек
Әскери бөлімдерде әлімжеттік жойылмай тұр. Айдың күннің аманында сарбаздардың бірі арбаға таңылса, өзгесі табытпен оралып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» теларнасына сілтеме жасап.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 220 әскери қызметкер өз-өзіне қол салған. Ал осы мәселеге қатысты тілшілеріміздің Қорғаныс министрлігіне бір апта бұрын жолдаған сауалына әлі жауап келген жоқ. Жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам жігіт әскерге шақырылады. Оның тек төрттен бірі сарбаз атанады, Осыған қарап жауынгер болудан жалтарып жүргендердің қатары тым көп екенін ұғамыз. 30 мыңнан астам адам әр түрлі себеп-сылтаумен бой тасалап келеді. Денсаулығында кінәрат болмаса, олардың бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл сауалға ата-аналардың өз жауабы бар сияқты.
Бейбіт кезде белгісіз жағдайда жас жігіттердің опат болып жатқаны өкінішті. Былтыр жазда «Оралда күзетте тұрған сарбаз өз-өзіне қол салды» деген ақпаратты естідік. Расымен суицид бола ма, жоқ па белгісіз. Осыдан тура екі апта бұрын қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай Отардағы әскери қалашықта қайтыс болды. Оның өлімі бойынша күдікті сарбаз ұсталып, тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айттық.
«Заң бойынша қазіргі отбасына төлемақы бар. 500 АЕК және ескерткіш-құлпытас қою үшін 80 АЕК. Сондай-ақ жеке құрамның атынан да көмек көрсетілді. Ақшалай да, басқалай да көмек көрсетіліп жатыр»,-дейді ҚР ҚК бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев.
Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, әскердегі әлімжеттік бос уақыттың көптігінен пайда болады. Мұның алдын алу үшін сарбаздарға берілетін үзіліс мерзімін қысқарту керек. Бар назарын тек әскери дайындыққа аудару қажет, дейді отставкадағы полковник.
«Әскерге келген жігіттерге басынан бастап қатты талап қою керек. Сонан кейін оларды бірден жауынгерлік даярлыққа, өте тығыз шараларға қою керек. Сонда олардың басқа дүниелерге бара алмайды, уақыт таба алмайды және бар назары тек жауынгерлік даярлыққа аударылады», -деді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.
Әлімжеттік көбейсе, әскери бөлім шайқас алаңында жеңіске жете алмайды дейді Ермек Сейітбатталов. Сарапшы Рустам Бурнашев та бұл пікірмен келіседі.
«Біздің сарбаздар арасында өңіршілдік бар ма, жоқ па білмедім. Бірақ әлімжеттік деңгейі жоғары саналатын кез келген әскери бөлімнің шайқас алаңындағы әлеуеті әлсіз деген түсінік бар. Бұл бір тарихи фактілерге негізделген әлемдік тәжірибеде бар уақиға болса таң қалмаймын. Мәселен, Израиль мен Швейцария әскерінде ішкі тәртіп ережесі қатаң сақталады. Ол жақта жауынгерлік міндеттен тыс әрекетке бару көрсеткіші өте төмен. Бірақ әскери нәтижесі жоғары»,-дейді әскери сарапшы Рустам Бурнашев.
Рустам Бурнашевтің сөзіне сүйенсек, әскердегі әлектің жай-жапсарын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі жауынгерлер арасында психологиялық сауалнама мен әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек. Тек сол кезде кеткен кем-кетік салдарын жоюға болады, дейді маман.