«Ең көпұлтты оркестр»: Елордада жаңа әлем рекорды орнатылды
Ең көпұлтты оркестр құрамында 51 елден 75 ұлттың өкілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Шара елордада өтетін Әлемдік дін көшбасшыларының съезі қарсаңында ұйымдастырылды. Өткен орны – Бейбітшілік және келісім сарайы. Рекордтың мәні - бір сахнада ең көпұлтты музыка ұжымының басын қосу.
«Бейбітшілік сазы» атты жобаға 51 елден 75 ұлт өкілі қатысты. Ал рекордты Гиннестің әлемдік рекордтар кітабының төрешісі Jack Brockbank арнайы келіп, тіркеді.
«Жобаны қолға алған соң нәтиже шығаруға тырысасың. Әйтпесе бастамай-ақ қою керек. Әрине, «Бейбітшілік сазы» физикалық тұрғыда да, моралдық тұрғыда да шығынды қажет етті. Бірақ бізге тылсымнан көмек жеткендей әсерде болдық. Жастардың өмірге деген белсенді көзқарасы қуантты. Кастингке 500-ден астам өтініш түскен болатын. Оркестрдің ең жас мүшесі Гуляф 11-де ғана. Ұлты – марий.
Осы жобаға титтей де болсын үлесін қосқан әр адамға алғыс айтамын. Адам баласының өмірдегі маңызды миссияларының бірі қайырымдылық жасау деп білемін. Жобаға қатысқан әр адам бүгін сол миссиясын орындағандай», - дейді жобаны ұйымдастырған Дәуіт Шайхисламов.
Көпұлтты оркестр көне қазақ әні делінетін "Қара жорғаны" шырқады. Абайдың «Желсіз түнде жарық айы» мен А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан үзінділер орындалды. G. Caccini-дің «Ave Maria», Vangelis-тің «Conquest of paradise» шығармалары да оркестрдің сазына арқау болды.
Грузиядан келген Geo Folk Tour ұжымы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, Диана Макина украин ұлтының «Я люблю тільки тебе» әнін нақышына келтіріп шырқады. «Туған жер» балалар хоры M. Jackson-ның We Are The World әнін тарту етті.
Әлемнің 100-ден астам елінде 20-дан астам тілде шығатын Гиннестің рекордтар кітабына биылғы ақпан айында қазақстандықтардың бастамасымен тағы бір рекорд тіркелген болатын. World Painting жобасына әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан адамдар қылқаламның қағаздағы ізін үзбестен күрделі туынды салып шықты. Аталған жоба да DPARTNERS компаниясының бастамасымен іске асқан болатын.