Президент қазақстандық әр бүлдіршіннің балабақшаға баруын қамтамасыз етуге уәде етті. Мұндай уәдені билік бұрын да берген. Бұл жолы орындала ма? Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап зерттеу материалын ұсынып отыр.
"Кеңес кезінде Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім жүйесі болды". Бұл тұжырым жас кезін, өткен заманды аңсайтын адамдардың айтқаны емес, сол кездегі Премьер Кәрім Мәсімов қол қойған Қазақстан Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы №488 қаулысынан алынған цитата.
Бірақ қанша мақтаса да, тіпті қызыл империя бұл проблеманы жоя алмады: 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70%-ы ғана балабақшамен қамтылды. Бұл статистикаға да сенім шамалы. Себебі, кеңес кезінде ауылдарда қазақ балаларының көбі көк шыбықты ат қып мініп, бәйге атындай ойнақтап өсті, доп қуалап, ақ тақырда асық атып, тал мен қамыстан садақ жасап, әрнені ермек етті.
Ал жаңа ғасырдың екінші онжылдығы басталғанда бірінші Президент Н.Назарбаев барлық қазақстандық бала тегіс балабақшамен қамтылатынын жариялады. Оның тапсырмасымен 2010 жылғы мамырда Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010–2020 жылдарға арналған "Балапан" бағдарламасы қабылданды. Онда дәл солай жазылған: "2014–2020 жылдар аралығында балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту". Осы кезеңде қосымша 480,4 мың жаңа балабақшалық орындар саны ашылуға тиіс еді.
"Мемлекет басшысы министрліктің алдына балаларды 2 жастан бастап балабақшамен толық қамту міндетін қойды. Бүгінде кезекте тұрған балалар санын қоса есептегенде 2–6 жастағы балалардың 88%-ы, ал балалардың жалпы санының 58%-ы балабақшамен қамтылған. Қалай болғанда, бұл балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтуымыз керек. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, келесі жылғы бюджетке мемлекеттік тапсырыс беру үшін қосымша қаражат қарастырылып отыр. Биылдың өзінде 300-ден астам жаңа балабақша салынып, 40 мыңға жуық орын ашылады деп күтілуде", – деп отыр қазір Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Яғни, 2010 жылдан бері билік балабақшаға зәру балалардың өзін тек 88 пайыз қамти алған. Бұл жерде біраз ана үйде отырып, баласын өзі бағып-қағып, тәрбиелеу арқылы (балалардың 42%-ы) мемлекеттің жүгін жеңілдетіп отыр. Егер олардың бәрі балабақша іздесе, бұл проблема күрт ушығатын еді.
Осы орайда Президент Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстанда білім құндылығы бірінші орында тұратынын жариялады.
"Біз бала тәрбиесіне баса мән береміз. Дарынды, білімді және отаншыл жастар көп болған сайын, халықтың әл-ауқаты да жақсара түседі. Біз оқу-ағарту саласындағы теңсіздікті жою үшін нақты шаралар қабылдаймыз. 2–6 жастағы балалар толығымен мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен қамтылады. Балабақшаларда әлеуметтік жағынан әлсіз отбасылардан шыққан балаларға және барлық бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі", – деп уәде берді осы аптада Қ.Тоқаев.
Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігі балабақшалар тапшылығы сыртында, аймақтарда мемлекеттік балабақшаларға шетінен жекешелендірілу қаупі төнгенін мәлім етті.
Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда 8 743 балабақша болыпты. Олардың жартысынан астамы – 4 868-і "оңтайландыру" науқанына ілігіп, мемлекеттен жекенің қолына берілген. Бір бөлігі бос қалған, тоналып, қиратылған.
Тұтастай алғанда, 2000 жылға қарай республикадағы балабақшалар саны 1 144-ке дейін азайды.
Бұл сала тек ХХI ғасырдың басында түледі. 2007 жылдан бастап 2009 жыл кезеңінде 142,1 мың орындық 2 557 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Нәтижесінде, 2009 жылы 4 972 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді, олардың 2003-і – балабақша. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 38,7% болды. Балабақша кезегінде 260 мыңнан астам бала тұрды.
Осы кезде қолға алынған "Балапан" бағдарламасы жағдайды біраз түзегенімен, проблеманы шеше алмады.
Қазір қанша балабақша бар?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2022 жылдың басында Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы саны 10 871 болды.
Оның ішінде: 40%-ы – қалалық жерлерде. 60%-ы – ауылда.
"Меншік нысаны бойынша оның 5 898 немесе 54%-ы – мемлекеттік, қалған 4 973-і немесе 44%-ы – жекеменшік. 2011 жылдан бері жекеменшік балабақшалар саны 10 есе өсті: ол кезде 444 қана жекеменшік балалар ұйымы болған. Ал мемлекеттік балабақшалар саны соңғы 10 жылда небары 211 бірлікке көбейді. Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың саны – миллионға жуықтады: 922 мың. Олардың басым бөлігі Түркістан (158 мың) және Алматы облыстарында (109 мың)", – деп хабарлады Ұлттық статбюро.
Мемлекеттік балабақшалар қатары алда тіптен сиреуі мүмкін. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі "Білім туралы" қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар ұсынды. Ол түзетулер қабылданса, республика көлемінде мемлекеттік әлеуметтік білім беру объектілерін жеке қолға беруге тыйым салынады.
Ведомство мемлекет қаражатына салынған әлеуметтік объектілерді, соның ішінде балабақшаларды әкімдіктердің артынша жеке секторға беруі белең алғанына назар аудартты.
Себебі, "мемлекеттік әлеуметтік білім беру объектілерін мемлекеттің иелігінен шығаруға заңнамалық деңгейде тыйым салынбаған".
"КСРО ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда жекешелендірудің бірнеше науқаны өтті. Еліміздің барлық аудандары мен қалаларын жайлаған жекешелендіру мен оңтайландыру білім беру жүйесіне елеулі соққы болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 90-жылдардың басында жұмыс істеген 652 балабақшаның 2000 жылға қарай 10-ы ғана қалған. Осы облыста 191 балабақша жекешелендіріліп, тұрғын үйге айналған. Сондай-ақ, 56 балабақша басқа оқу орындарын орналастыру үшін берілген. Ал Семейде бірнеше жыл ішінде 200-ден астам балабақша ғимараты сатылды немесе сенімгерлік басқаруға берілді", – деп түсініктеме берді оқу мен ағартушылыққа жауапты министрлік.
Әкімдер бұл науқанды жалғастыруға ынтығып отыр. Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін тағы 670 мектепке дейінгі тәрбие ұйымын сату немесе сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда.
"Осы себепті заңнамалық деңгейде мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру объектілерін мемлекеттік иеліктен шығаруға жатпайтын объектілер тізбесіне енгізу қажет. Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң, осы аталған мемлекеттік әлеуметтік объектілерді жеке секторға беруге тыйым салынады", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.
Жалпы, Президент 2–6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 7 жыл ішінде 100% қамту міндетін қойды. Оған дейін біраз уақыт бар. Әлихан Смайылов Үкіметі Қазақстанда 2022 жылдың соңына дейін балабақшалармен қамту көрсеткіші 99,3%-ға дейін жеткізілетінін жариялады. Жалпы, ересектер балаларды еш шімірікпей, алдарқата салатыны белгілі. Үкіметтегі үлкен ағайлар балақайларды тағы алдап кетпесе болғаны.