Nur Otan партиясы АҚФ жанындағы Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының қорытындысы мен «Елдіктің жеті тұғыры» атты жиынтық қағидасын Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Бисембаев таныстырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz
Сонымен қатар, бекітілген күн тәртібіне сәйкес, жалғыз басты азаматтарға көрсетілетін көмек пен олардың жағдайы туралы және осал топтағы азаматтарға атаулы әлеуметтік төлем, жәрдемақы, шипажайға жолдама және басқа да мемлекет тарапынан берілетін көмек туралы мәселелері бойынша Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Қаратаев баяндама жасады.
Қаламызда жалғыз басты ардагерлерге, зейнеткерлерге, күтімге, тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуге, әлеуметтік-еңбектік бейімдеуге мұқтаж мүгедектерге стационар жағдайында қызмет көрсетеді. Бүгінгі күнде «Шаңырақ» орталығында 257 адам тұрады. Орталықта физиотерапиялық, ем-шара, стоматологиялық кабинеттер, еңбек терапиясы кабинеттері, сенсорлық бөлме, массаж кабинеттері бар. Сондай-ақ паллиативтік бөлім бар, онда инсульт, инфаркт алған 87 адам және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер тәулік бойы бақылауда болады.
Сонымен бірге, жалғызбасты зейнеткерлер, 1 және 2 топтағы мүгедектер, зейнеткерлік жастағы жалғызбастылар үшін «Қамқор» әлеуметтік үйі жұмыс істейді, онда 47 адам тұрады.
Орталық психологиялық көмек, заң кеңестері, медициналық қызмет көрсету, ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді, бос уақыт өткізу үйірмелері, білім беру курстары, кәсіби тренингтер өткізеді.
Аз қамтылған халық үшін әлеуметтік төлемдердің қарастырылған 17 түрі бойынша бүгінгі күнге 59,8 мың аз қамтылған азаматтар әлеуметтік төлемдер алды.