Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені
Жемқорлыққа қарсы күрес
Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы нығайып келеді.
«Біз Агенттіктің жұмысында алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың теңгерімін саналы түрде қамтамасыз етуге тырысамыз, жемқорлықсыз қоғам құру мақсатында азаматтармен белсенді қарым-қатынас жасаймыз. Біз өзара іс-қимыл үшін ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз», деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Жұмағали.
Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша екі елдің органдары арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Рыбакина Дубайдағы турнирден бас тартты
Теннисші асқазан-ішек жолдарының ауруына қатысты осындай шешім қабылдаған.
«Қатарынан 3 турнирде өнер көрсету оңай емес. Организм шаршағандықтан жарақат алып қалды. Барлығы ойдағыдай болса 6 наурызда болатын Индиан-Уэллс және 19 наурыздағы Miami Masters турниріне қатысады», – деді теннис федерациясының баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев.
Жер шынымен сілкінді
Бүгін Алматыда жоспарлы сейсмикалық жаттығу өтті. Алматы тұрғындары жаттығу кезінде болған жер сілкінісін сезді. Қала тұрғындары кезекті дүмпулер туралы хабарламаларды әлеуметтік желілерде бөлісе бастап еді, кейіннен ресми ақпаратты ҚР ТЖМ сейсмикалық станциялар желісі де растады.
«Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 259 км жерде, Қытай аумағында орналасқан. Афтершок қайталанды. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 11.8. MPV магнитудасы 5.2», - делінген хабарламада.
Экс-президент 7-орынға түсті
Президенттің 2024 жылғы 13 ақпандағы № 481 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасының жаңа редакциясы бекітіліп, лауазымды тұлғалардың осы тізімдегі орындары белгілі болды.
Бұрын 1990, 1992, 1996, 1999 және 2006 нұсқалары жұмыс істеген (соңғысы 2013 жылы жаңартылған).
Уағыз айтып жүрген кім?
«Ислам экстремизмге қарсы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференцияға қатысқан Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет теріс ағымда жүргендерді оңалту үшін мүфтият тарапынан бірқатар акция өтіп, нәтижесінде 1265 адамға оң ықпал жасалғанын айтты. Ал жауапты діни оңалту субъектілердің бірлескен қорытындысы бойынша 285 адам оңалып, деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартқан.
«Деструктивті ағымдар қоғамға іріткі салып, отбасылық құндылықтар мен адам денсаулығына қауіп төндіреді. Олар қазақ ұлтының және еліміздегі басқа ұлттардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қарсы шығады. Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. 2020 жылы біз «Діни оңалту» бөлімін аштық. Құдайға шүкір, деструктивті діни идеология шырмауынан толық бас тартып жатқандар баршылық. Нақты айтар болсақ, мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы 11 092 жеке ықпал ету акциясын, яғни жеке кездесулерді жүзеге асырды», деді Н.Тағанұлы.
Свет! Камера! Мотор...
Осы командадан әрі қарай жүзеге аспай қалған 103 жобаға «Ұлттық киноны қолдау орталығы» 5 жыл бойы қаржы бөліп келген.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында мемлекеттен қаржылай қолдау алып, ақшасын ақтамаған фильмдер тізімі шықты.
Министрлік жүргізген талдау нәтижесі бойынша, киногерлердің дені сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес.
«Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескерілетін болады. Министрліктің негізгі міндеті – фильмдер шығару кезінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Ведомство шығармашылық еркіндікті құрметтейді, бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ және сөзсіз сақталуы керек», делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ғылымдағы сенсация!
Жасанды интеллект те қазақша сөйлейтін болады
ЕҰУ ғалымдары ChatGPT-дің қазақша прототипін жасады. ЕҰУ ғалымдары мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін 5 айдың ішінде әзірледі. ChatGPT чат-ботының қазақстандық үлгісі үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, сұрақтарға жауап береді, мәтіндер құра алады, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережелерін біледі.
Әлемнің жартысы қызылшамен ауыруы мүмкін
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін әлем тұрғындарының жартысынан астамына қызылшадан үлкен қауіп төніп тұр. Бұл індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында шұғыл шаралар қабылдануы керек. Қызылшаның белең алуына коронавирус пандемиясы кезінде, инфекцияға қарсы екпе салу жұмыстарының тоқтап қалуы себеп. Бұл вирусқа қарсы салынған екі дозалы вакцина 2000 жылдан бері 50 миллионнан астам адамды өлімнен құтқарған.
Кім көп өмір сүреді?
Ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының алшақтығы жойылуда. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі адам ғұмырының едәуір ұзарғанын және гендерлік айырмашылықтың жойылғанын көрсетіп берді.
Испаниядағы Алкала университетінің экономика және бизнесті басқару профессоры Дэвид Атанс бастаған ғалымдар осындай тұжырымға келген екен. Бұл тараптағы зерттеу 190-нан астам елді қамтыды. 1990 жылы әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 77,17 жас болса, ерлердікі 72,23 жасты құрады. 2010 жылы бұл көрсеткіштер әйелдер үшін 83,10-ға және ерлер үшін 78,37-ге дейін өсіп, өмір сүру ұзақтығының алшақтығы шамамен 0,2 жылға қысқарған.
Жүз мыңға жуық мысықтың құжаты бар
Еліміздің барлық өңірлерінде үй жануарларының есебі жүргізілуде. Былтырғы есеп бойынша ақпараттық жүйелерде 304 708 ит пен 94 974 мысық тіркелген.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ит, мысықтарды бірыңғай есепке алу базасында тіркеу міндетті саналады.
Балабақшадағы буллинг
Алматыдағы №51 балабақшада кішкентай баланы өз қатарластары ұрып, теуіп тастаған. Балаларды қараусыз қалдырған балабақша тәрбиешісіне қатаң сөгіс жарияланды. Зардап шеккен баланың ата-анасы өз шағымын әлеуметтік желіге жариялады. Олар мұндай оқиға бұрын осы балабақшада болғанын атап өтті. Алматы қаласының білім басқармасы аталған жағдайға байланысты түсініктеме берді.
«№51 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеші оқыс оқиға кезінде балаларға түскі ас алып жатқанын, басқа бөлмеде болғанын айтты. Сондықтан балалардың іс-әрекетін бақылай алмады. Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәртіп бұзушылықтар үшін тәрбиешіге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бақылау жасамағаны үшін балабақша меңгерушісі де тәртіптік жазаға тартылды», делінген Алматы қаласы білім басқармасының хабарламасында.