Жолдау мемлекеттік бюджет бекітіліп жатқан шақта жолданды. Демек, алдағы жылдың бағыт-бағдары, істелінетін істері айқындалды деген сөз. Қазынадан арнайы қаржы бөлініп, жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.
Соның бір дәлелі – бала күтімімен отырған аналардың 1 жасқа дейінгі төлемі 1,5 жасқа дейін төленетін болды. Бұл да дұрыс! Ана үйде отырып баласын өсіріп жетілдіреді. Көрші Өзбекстанда 3 жасқа дейін бала күтіміне ақша бөлінеді. Әлбетте оның да өз ережелері бар. Бұрыннан бері осы нәрсені бізге де ендіру керек дегенді айтып келеміз. 2006 жылы өзіміздің Қазақ еліне Өзбекстаннан қоныс аудардық. Сол шақтарда осы мәселені көтергенбіз. Сонда маған атқамінерлер «1 жасқа дейін төлейміз, егер мұқтаж болса 3 жасқа созамыз» деп еді. Мұнысы ақылға қонымды. Әгәрәки, онсыз да дәулеті тасып тұрса, оған қалған 2 жыл қаржы шығындаудың не қажеті бар?! Сол себепті, әлгі төленетін ақшаны нақ күнкөрісі аздау жандарға бөлген жөн ғой деп түйдім.
Сондай-ақ Ұлттық қордан әр баланың есеп-шотына 18 жасқа дейін қаржы төленбекші. Бұл көптен бері жұртты толғандырған сұрақ еді. Ол да өз дәрежесінде іске асқалы тұр. Осының механизміне көбірек көңіл бөлсек деп едім. Ұлттық қорда шамамен 55 миллиард АҚШ доллары шамасында қаражат бар. 2014 жылы 90 миллиард төңірегінде қаржы болған. Соңғы 2-3 жылдағы пандемия, қаржылық дағдарыс, державалардың текетіресі, т.б. жағдаяттар күрделі жолдарға әкеліп отыр.
Яғни осындай келеңсіздіктерге қарамастан Қазақстан өзінің Ұлттық қордағы қаражатының 50%-ын балалардың есебіне аудармақшы. Осы тұста бір кілтипан туындайды. Бізде 162 олигарх бар. Сонда олардың да баласына беріле ме, әлде қалай болмақ?! Бірнеше күнде 2-3 мың доллар шығындайтындарға қаржы салудың қисыны жоқ деп білеміз. Міне, сол жағын айқындаған абзал.
Әлгі 162 бай-бағлан түсімізге кірмейтін байлықты иеленуде. Тым ауқаттылар әлемдік деңгейдегі қауқарлылар санатына жатады. Бұл жуықтап алғанда халқымыздың 10%-ын солар сияқтылар құрайды дегенді қуаттайды. Аса бай-манаптар әр балаға 18 жасқа шейін құралатын 6 мың долларға қарап қалған жоқ. Тіпті керек те емес. Жәй айталық, 40% халқымыздың ас-ауқаты, тұрмысы түзу деп алайық. Егер осы топтағылардың табасы 100 мың доллардан асып жатса, онда оларға да мұның қажеті болмайды.
7-8 баласын қолына алып, үлкен мегаполистерде үйсіз-күйсіз қаншама отбасы жүр. Ата-анасының тапқаны қант-шәйден артылмайды. Кедейшілік қамытын кигендерді ескермесек болмайды. Себебі, көпбалалы аналар бала-шағасының өз несібесі болады деп, дүниеге 10-нан аса сәби әкеліп жатқандары да бар. Ондай жандар нағыз экономиканың драйвері. Демографиялық өсім бар жерде бәсекелестік артады, Отанды қорғайтын оғландар туылады. Бірақ осының түйінін тарқататын жүйелі механизмді тездетіп табу керек.
Біз популистік қадамға бармайық. Мұндай соқпақтан шығудың жолын айтайын. Жаппай бай-шоншар, қаражаты өз басынан асып тұрғандарға шығындалғанша, нағыз әлеуметтік осал топтарды анықтап, көпбалалы отбасыға, әлеуметтік аз қамтылғандарға және мүгедек жағдайда жетіліп келе жатқан жанұялардың балаларына қаржы аударып отырайық. Сонда әлгі 6 мың бірнеше жыл жиналып 60 мың долларға жетеді. Кәмелет жасына толған соң, үй алуға, оқуға түсуге, денсаулығын емдеу сынды түрлі нәрсеге жұмсайтын болады. Осыны реттеп, қадағалайық. Мәселен, 2023 жылдан 18 жыл есептесек, 2041 жыл болады. Сонда оған дейін жиналған қаржы құнсызданып кетпей ме, сол жағын да әзірден қарастырған абзал. Ал бірақ көтерілген бастама дұрыс. Ең бастысы, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, осындай сындарлы шақтан аман-есен өтіп кеткеніміз жөн.
Сонымен қатар баспана салу көлемін ұлғайту керек. Бұл қордаланып қалған түйткіл. Әркім өз ойын айтып, шешу жолдарын ұсынып жатыр. Биыл 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салдық. Өте дұрыс. Әрине, оған мәз болып отыра беруге әсте болмайды. Баға деген шарықтап барады. Атқарылар іс көп. Бұлай болуға ғаламдағы түрлі жағдай, ауа райымызға дейін әсер етуде. Еуропада әркімге 50–60 шаршы метр қарастырылған. Кеңес одағының тұсында 16 шаршы метрге жеткізді. Ал біз қазақпыз ғой. Менталитетіміз сәл өзгеше. Үйге келіп-кететін ағайын-туыс, бауыр, құда-жегжат бар. Ол жағын да ойлаймыз. Сондықтан құр жүзеге аспайтын шығыны көп жобаларға қаржы бөлгенше, баспананы көбірек салайық. Аз ғана халықты үймен қамтиық. Әрине, хал-қадірімізді де ұмытпайық. Сонымен бірге, облыстар арасындағы жолдарды бірден сапалы материалдардан істейік. Әйтпесе, ауа райымыздың салдарынан жылда құрақ көрпе құсап, қырық жамауға тура келеді. Егер сіздің табысыңыз болмаса, үйдің кезегіне де алмайды. Ал депозит жинауға 3 жыл кетеді. Осындай бір-біріне қарама қайшы келіп тұрған мәселелерді тездетіп шешейік.
Жолдауда алға қойылып отырған мақсат елдің әл-ауқатын арттыру болып саналады. Сондықтан бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай Қазақ мемлекетінің қарыштап дамуына жұмыс істейік демекпін.