Биыл мамыр айында «Маяк» және «Әлмерек» шағын аудандарында 54,1 шақырым сумен қамту және су бұру желілерінің құрылысы басталды.
Инженерлік желілерді төсеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, 1500-ден астам абонент ауыз сумен қамтылатын болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін, 2024 жылы асфальт төсеу жұмыстарына кіріспек. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.
3 учаске бойынша – «Қайрат» шағын ауданында сараптама осы жылдың шілде айының соңында аяқталмақ. Ал Рысқұлов - Жансүгіров – Шолохов – Сейфуллин көшелерінің аумағы бойынша сараптамалық жұмыстар 2024 жылдың наурыз айында аяқталады. Тоқай – Норильский – Поддубный – Диксон көшелерінің бөлігінде сараптама 2023 жылдың желтоқсан айының соңында аяқталады.
2021 жылы «Нұршашқан» шағын ауданында жалпы ұзындығы 47,4 шақырым сумен қамту және канализация желілерінің құрылысы аяқталды. Бұл жұмысты мердігер «Компания НурайСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Алайда, объект пайдалануға берілген сәттен бастап бұл желілерде
30-ға жуық авария орын алды. Соның салдарынан ауыз су беру ұзақ уақытқа тоқтатылуда. Сондықтан тұрғын үй массивінің тұрғындары тарапынан шағымдар түсуде. Осыған байланысты, Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының талап-арызы бойынша мердігерге қатысты істі сотта қарау басталды.
Бүгінгі таңда Түрксіб ауданының әкімдігі төтенше жағдай аясында желілердің жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіру мәселесін пысықтауда.