Маңғаз Маңғыстаудың тумасы Нұржігіт Екібаев – бүгінде Италиядағы H-FARM International School халықаралық мектебінде математикадан ағылшын тілінде сабақ беретін санаулы қазақ ұстаздың бірі. Шетелдегі білім беру кеңістігінде өз орны бар жас педагог оқыту әдістемесі, мәдени ортадағы айырмашылықтар мен қазақ жастарының жаһандық мүмкіндіктері жайында әңгімелеп берді.
– Италияға келу туралы шешімді бір күнде қабылдаған жоқпын. Алдымен шетелдің білім беру жүйесін өз көзіммен көріп, халықаралық мектепте жұмыс істеп, өзімді жаңа ортада сынап көргім келді. Сөйтіп Италияға магистратураға түстім. Верона университетінде оқуымды сәтті аяқтадым. Оқуын жақсы тәмәмдаған түлектерге әрқашан жол ашық. Қазір Италияда, Венеция маңында орналасқан H-FARM International School халықаралық мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Сабақтарды негізінен ағылшын тілінде, IB (International Baccalaureate) бағдарламасы бойынша жүргіземін.
Жұмысқа қабылдау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен CV мен мотивациялық хат жібердім, кейін онлайн сұхбаттар өтті: біріншісі – HR және мектеп басшылығымен жалпы танысу, екіншісі – математика пәні бойынша академиялық сұхбат және сабақ өткізу үлгісі (mock lesson). Негізгі талаптар – жоғары білім, пән бойынша кәсіби дайындық, ағылшын тілін еркін меңгеру, халықаралық немесе билингвал ортада жұмыс істеуге дайын болу. Құжат жағынан – диплом, транскрипт, бұрынғы жұмыстан ұсыныс хаттар, ағылшын тілі деңгейін растайтын сертификаттар (IELTS/TOEFL/басқа), сондай-ақ Италияда жұмыс істеуге құқық беретін рұқсат құжаттары қажет болды.
– Білім беру жүйесі Қазақстандағы мектептен несімен ерекшеленеді? Мектеп құрылымы, бағалау жүйесі, оқушы жүктемесі, ата-анамен жұмыс сияқты мәселелерге тоқталсаңыз?
Мен жұмыс істеп жүрген мектеп – халықаралық IB мектебі, сондықтан оны Италияның дәстүрлі мемлекеттік мектебімен емес, көбіне халықаралық стандартпен салыстыру ыңғайлы. Соған қарамастан, Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше айырмашылық бар.
Біріншіден, бағалау жүйесі – бізде критерийлік, сипаттамалық бағалау кеңінен қолданылады, сандық бағаға қарағанда оқушының дағдысын, ойлау деңгейін, процесті бағалау маңызды.
Екіншіден, оқушы жүктемесі – Қазақстанға қарағанда үй тапсырмасы азырақ, бірақ жобалық жұмыс, зерттеу, презентация көп.
Үшіншіден, ата-анамен жұмыс – ата-аналармен онлайн платформалар, электронды журнал, жеке кездесулер арқылы тұрақты кері байланыс беріледі, олар үдерістің белсенді қатысушысы.
Мектеп құрылымында оқушылардың жеке қызығушылығы, таңдау пәндері, жобалық апталар сияқты элементтер көбірек.
– Математика пәнін ағылшын тілінде оқытасыз. Билингвал немесе халықаралық бағдарлама бойынша оқыту қалай жүзеге асады? Қандай әдістемелер тиімді?

Иә, мен математика пәнін негізінен ағылшын тілінде, IB MYP бағдарламасы бойынша оқытамын. Сабақтарда тек формула мен есеп шығаруға емес, математикалық ойлауға, түсіндіру, дәлелдеу, өмірмен байланыстыруға басымдық беріледі.
Билингвал ортада оқушылардың тілі әртүрлі: біреудің ана тілі – ағылшын, енді біреуі ағылшын тілін екінші тіл ретінде үйреніп жүр. Сондықтан мен визуалды материалдар, қарапайым тілмен түсіндіру, топтық жұмыс, нақты өмірдегі мысалдар, манипулятивтер, графиктер, интерактивті тапсырмалар қолданамын. Code.org, GeoGebra, Desmos сияқты цифрлық құралдар да тиімді. Ең бастысы – бала «неге бұлай шығады?» деген сұраққа өзі жауап іздейтін орта қалыптастыру.
– Италиялық оқушылардың пәнді қабылдауы, қызығушылығы, тәртібі, сабаққа көзқарасы қалай, бізбен салыстыра аласыз ба?
Жалпы алғанда, айырмашылықтан гөрі ұқсастық көп: математикаға ғашық бала да, қызықпайтын бала да кез келген елде бар. Италияда, жалпы халықаралық ортадағы оқушылар пікірін ашық айтуға, сұрақ қоюға, талқылауға үйренген, бұл кейде сабақтың атмосферасын еркін, кейде тым шуақты қылып жібереді.
Қазақстанмен салыстырғанда, кей оқушылар тәртіп жағынан еркіндеу, бірақ сонымен бірге өз пікірін қорғау, жобасын қорғау, шығармашылық таныту қабілеті жоғары. Математикаға қызығушылық көбінесе мұғалімнің сабақты өмірмен байланыстыруына, цифрлық құралдарды пайдалануына, зерттеу элементтерін енгізуіне байланысты.
– Италияда мұғалім мәртебесі қандай? Қоғамда ұстазға деген құрмет, сенім, жауапкершілік деңгейі қалай байқалады?
Мұғалім мәртебесі мұнда да маңызды мамандықтардың бірі ретінде қарастырылады, бірақ, әрине, қоғамда «романтикаға толы мамандық» деп қараудан гөрі, көп еңбекті талап ететін кәсіби қызмет ретінде қабылдау басым. Ата-аналар мен оқушылар мұғалімнің еңбегін, әсіресе, көпұлтты ортада, бірнеше тілде, күрделі бағдарламамен жұмыс істейтінін түсінеді.
Халықаралық мектептерде мұғалімге деген сенім деңгейі жоғары: бағдарламаны таңдауда, әдістемені қолдануда еркіндік көбірек, мұғалімге жай ғана орындаушы емес, оқу үдерісін жобалаушы тұлға ретінде қарайды.
– Жұмыс уақыты, сабақ жүктемесі, демалыс күндері, мұғалімге жасалатын жағдайлар (кабинет, ресурстар, оқу құралдары) жағынан қандай артықшылықтар бар?
Жұмыс уақыты формалды түрде ұқсас болғанымен, құрылымы сәл өзгеше. Сабақ кестесінен бөлек, жоспарлау, ко-планирание (әріптестермен бірігіп жоспар жасау), жиналыстар, кәсіби даму сессиялары үшін арнайы уақыт бөлінген.
Кабинет, ресурстар жағы – халықаралық мектептің басты артықшылықтарының бірі: интерактивті тақталар, цифрлық құрылғылар, онлайн платформалар, кітапхана, зертханалар, ашық кеңістіктер – барлығы сабақтың сапасын арттыруға көмектеседі. Демалыс күндері, каникул кезеңдері де анық жоспарланған, мұғалімнің қажып кетпеуі (burnout) үшін баланс сақталады.
– Ол жақта мұғалімге қандай жеңілдіктер беріледі, нақты әлеуметтік қолдаулар бар ма?

Жүйе әр елде әртүрлі болғандықтан, тура салыстыру қиын, бірақ бірнеше айырмашылықты айтуға болады. Халықаралық мектептерде, әдетте, жалақы мен әлеуметтік пакет (денсаулық сақтандыру, зейнетақы салымдары, тамақ/жолақы/жергілікті жеңілдіктер) нақты көрсетілген.
Сонымен қатар, кәсіби даму курстары – IB тренингтері, семинарлар, конференциялар – мектеп тарапынан жиі қаржыландырылады немесе бір бөлігі жабылады. Бұл мұғалімнің үздіксіз дамуын қолдауға бағытталған жүйелі саясат ретінде көрінеді.
– Сіздің мектебіңіз мұғалімдердің үздіксіз дамуына қалай жағдай жасайды? Қандай тренингтер, семинарлар немесе арнайы бағдарламалар бар?
Біздің мектепте кәсіби даму – стратегиялық басымдықтардың бірі. Жыл сайын мұғалімдерге арналған IB workshop-тары, ішкі тренингтер, пәндік қауымдастық кездесулері, коучинг-сессиялар ұйымдастырылады.
Апта ішінде де әріптестермен бір-біріміздің сабағымызға қатысып, кері байланыс беру, бірлесіп юнит жоспарлау, жобаларды бірге дайындау сияқты тәжірибелер бар. Бұл мұғалімнің жеке өзі ғана емес, бүкіл команда болып дамуына жағдай жасайды.
– Қазақстандық мұғалімге бұл жүйенің қай тұсы ұнауы немесе үйренуге тұрарлық болуы мүмкін деп ойлайсыз?
Қазақстандық мұғалімге, менің ойымша, мына нәрселер қызық әрі пайдалы болуы мүмкін:
• Критерийлік, дескрипторлық бағалауды терең дамыту – жай баға қою емес, оқушыға нақты, сапалы кері байланыс беру мәдениеті;
• Пәнаралық жобалар мен зерттеу жұмыстары – оқушыларды тек емтиханға емес, өмірлік дағдыларға дайындау;
• Мұғалімнің академиялық еркіндігі – оқу бағдарламасы аясында шығармашылыққа, әдістемелік эксперименттерге мүмкіндік беру;
• Кәсіби қоғамдастық – мұғалімдердің бір-бірін қолдап, тәжірибе алмасуы.
Осының бәрін Қазақстан жүйесіне толық көшіру міндет емес, бірақ идея ретінде алып, өз контекстімізге бейімдеуге болады.
– Жұмыс барысында тіл, менталитет, бюрократия сияқты кедергілер болды ма? Оларды қалай еңсердіңіз?
Әрине, басқа елге көшкен кезде ең бірінші қиындық – тіл мен бюрократия. Күнделікті өмірде итальян тілі керек, ал бүкіл ресми құжаттар, келісімшарттар, салық, резиденция мәселелері – барлығы Италияның заңдарына сай жүргізіледі. Басында қағазбастылық, кезек, түрлі мекемелер арасында жүру біраз уақыт пен күш алды.
Менталитет жағынан да айырмашылық бар: уақытқа, жоспарға, коммуникацияға деген көзқарас Қазақстаннан өзгеше. Бұл қиындықтарды сабырмен, ашық сұрақ қойып, әріптестерден, жергілікті адамдардан көмек сұрау арқылы, сондай-ақ өзімді үнемі оқытып, бейімделіп жеңдім. Уақыт өте келе жаңа жүйе «түсініксіз ел» емес, жай ғана басқаша ұйымдастырылған орта болып көріне бастайды.
– Мектептегі көпұлтты орта сіздің көзқарасыңызды қалай өзгертті?

Көпұлтты ортада жұмыс істеу менің кәсіби көзқарасымды кеңейтті. Әртүрлі елден келген оқушымен, әріптеспен жұмыс істей жүріп, «бір ғана әдіс дұрыс» деген ұғымның жоқ екенін, білім берудің ондаған моделі бар екенін түсінесіз.
Сонымен қатар, мәдениетаралық коммуникация, толеранттылық, әр баланың отбасылық, мәдени фонын ескеру, сабақтағы мысалдарды да ауқымдырақ ету қажеттігін көбірек сезінесіз. Бұл маған мұғалім ретінде тек математиканы үйретуші емес, оқушыларды жаһандық азамат ретінде тәрбиелеуге үлес қосатын тұлға ретінде қарауға көмектесті.
– Италиядағы оқушы мен ата-ананың мұғалімге деген қарым-қатынасы қандай?
Оқушылар мен ата-аналар, негізінен, мұғалімге серіктес, балаға бағыт-бағдар беретін ментор ретінде қарайды. Ата-аналар жиі хабарласып, баласының оқу барысын талқылап, кері байланыс сұрап отырады, бірақ көп жағдайда кәсіби шешімге құрметпен қарайды.
Оқушылар әрқашан Қазақстанның қандай екенін білгісі келеді. Әр сабақ сайын менің елім туралы тың ақпараттар оқып менімен шындыққа жанасады ма деп сұрап отырады.
– Болашақ жоспар Италияда қалып, тәжірибені тереңдету ме, әлде Отанға оралу ма?
Қазір негізгі мақсатым – осындағы тәжірибемді тереңдетіп, халықаралық білім беру саласында кәсіби тұрғыда өсу, жаңа жобалар, цифрлық білім, математика мен бағдарламалауды біріктіретін бағыттарды дамыту. Ұзақ мерзімде, әрине, Қазақстанмен байланысты үзгім келмейді: тәжірибе, идея, жобаларымды бір күні Қазақстандағы білім жүйесімен бөлісу, бірлескен жобалар жасау – үлкен армандарымның бірі.
Сондықтан мен ел таңдаудан гөрі, өзімді екі ел арасында көпір болуға тырысатын ұстаз ретінде көремін.