«Аlatay Аqparat» ЖШС ұжымы даңқты ақын Нұрлан Оразалинді мерейтойымен құттықтай отырып, 75 жастың биігіне шыққан қазақ өлеңінің ақиығы туралы әр кезеңде жазылған белгілі адамдардың мақалалары мен орамды ойларынан үзінділерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бұл ретте заманымыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың орамды ойларына кезек берсек.
Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтқанда, Нұрлан Оразалин – «дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін... Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан әлеміндегі толғаныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық толғаныстар кеңістігіне көтерілген» жаңа дәуір әдебиетінің классигі, қазақ жырына олжа салған көрнекті ақын, танымал драматург, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол баспа, баспасөз, мәдениет саласында өнімді еңбек етіп, басшылық қызметтерде, атап айтқанда, Қазақстан театр қайраткерлері одағында – Бірінші хатшы, «Егемен Қазақстан» газетінде – Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында ұзақ жыл төраға болып қызмет еткен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымында халық депутаты, Қазақстан Республикасы Парламентінде Сенатор болған.
Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Алматы қаласы мен Алматы облысының құрметті азаматы. Нұрлан Оразалиннің елуге тарта кітабы жарық көріп, шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне (орыс, француз, қытай, түрік, украин, болгар, өзбек, қырғыз, тәжік, әзербайжан, татар, т.б.) аударылған.
«Аlatay Аqparat» ЖШС ұжымы даңқты ақын Нұрлан Оразалинді мерейтойымен құттықтай отырып, 75 жастың биігіне шыққан қазақ өлеңінің ақиығы туралы әр кезеңде жазылған белгілі адамдардың мақалалары мен орамды ойларынан үзінділерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
ҒАРЫШ МІНЕЗДІ ЖЫРЛАР
Адамдардың танысуы оңай... Оған мына байланыс пен коммуникацияның мықтап дамыған ғасырында таңқалудың еш реті жоқ. Бірақ танысу оңай болғанмен, ой мен ойдың табысуы, пікір мен пікірдің тамырласуы, мақсат-мүдденің сабақтасуы, орайласуы қиын. Менің Нұрлан ініммен арадағы таныстығымның өрісі кеңейіп, мағыналы сипат алғанына, шығармашылық тұрғыда сәтті сабақтастық тапқанына қуанамын.
Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесіне қатысуға келген бетім. Қазақ туғандар қай кездегідей ашық-жарқын қарсы алып, бір кездесуден екінші бір кездесуге жетелеп, мені қолды-аяққа тұрғызбады. Қалың қар құшағында жатқан Алатау да, түнгі көшелерін сақылдаған сарышұнақ аяз қыдырған Алматы қаласы да ерекше сұлу.
– Шықа, қарсы болмасаңыз, Сізге бір қолқамыз болып тұр, – деді Әбіш Кекілбаев інім қашанғы сабырлы мінезіне басып. – Егер Сіз жөн көрсеңіз, бас газетіміз «Егемен Қазақстанда» кездесу бар еді...
– Е-е, сендер жөн көрсеңдер, мен неге қарсы болайын... – дедім.
Тоқтам осы болды.
Уәделі кезде Әбіш екеуіміз қолтықтасып, редакция босағасын аттадық. Бізді жарқын жүзді журналистер кауымы ерекше туысқандық көрсетіп қарсы алды. Кездесу бас редактордың бөлмесінде өтті. Маған редактордың өзін-өзі ұстауы, тауып сөз айтуы ұнады. Әдебиет, өмір туралы ойлары мен тұжырымдары да көңілге қонымды. «Е-е, соңымыздан білімді, білікті жастар келеді екен-ау», – деп ойладым іштей...
Ұзын сөздің қысқасы, желтоқсанның сол бір әсері мол айшықты күндерінің ықылас-мейірімінің мол болғаны соншама, мені Алматыдағы дос-бауырларымның дәмі Еуропаға жібермей, ұшағым мерзімінен үш күн кешігіп ұшты. Әбіш, Қуаныш, Нұрлан үшеуі мені үш күн бойы шығарып салудың әлегімен жүрді.
Сондай самолет жолын тосқан күндердің бірінде Нұрлан: – Мүмкін, уақытыңызды өткізуге себі тиер. Оқып көрерсіз... – деп менің қолыма қазақ тілінде шығатын бір журнал әкеліп ұстатты.
Жаңылмасам, аты – «Парасат»... Парақтай бастадым. Журналдың айқарма бетінде Нұрланның суретімен үлкен топтама жырлары жарық көріпті. Оқып шықтым. Бүгінгі уақыт заман жайлы сыр толғайтын, ойының астарында отты мұң мен сезім бар, мұңның астарында ашу бар, ашуының төркінінде шындықтың от жалыны бар жырлар екен. Өлеңі ойың мен сезіміңді тез баурайды. Әсіресе, ақын жүрегін жарып шыққан:
«Түнгі дауыс...
Қандай сұсты? Үрейлі...
Әлдекім кеп көшемді үнсіз күрейді.
Желтоқсанның жетеді үні талықсып,
Қуатындай бір ой қуып бір ойды...», –
деген жолдар жадымда қалып қойыпты...
Ертесі мен мінген ақ лайнер аспанға көтеріліп, Еуропаны бетке алды. Алатау да, Алматы да, маған қуаныш, тебіреніс сыйлаған желтоқсанның ақ қарлы, сары аязды, шуақты күндері де артта қалып бара жатты. Тілімнің ұшына Нұрланның әлгі бір жолдары қайыра-қайыра орала берді...
Міне, ақынның «Құралайдың салқыны» атты жыр жинағын оқу үстінде тағы да сондай бір өзгеше әсер шуағында отырмын. Қолжазбаның әр жаңа бетін ашқан сайын маған әлдебір таныс сезім қолын созатындай. Дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін ақынның жырларын толқымай оқу мүмкін емес.
«Мен осы өзіммін бе, басқамын ба?
Пендемін бе жүрген құр бас қамында?
Жанымды мазалайды қайдағы ойлар,
Жиі жасын ойнайды аспанымда.
Қара нөсер төгеді көктен құйын,
Қара аспанның көңілі кеткен бе иіп?!
Жүрегім елеңдейді жиі-жиі,
Найзағайлы ғарышым неткен биік?!», –
деген жұдырықтай жүрегі бар жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да тән осынау философиялық тебіреніс пен сезім иірімдерінің өзгеше суретін салған, өлеңмен қиыстырып ой өрген жолдарға еріксіз риза боласың. Ақын қуанса, шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық, толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен, ең жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді.
«Қараңғыға ұмтылады неге ойым?
Қамықтың деп кімді, қалай сөгейін?
Беу, көк аспан, аруақтардың мекені,
тіл қатшы бір... Тірілерге не дейін?!».
Немесе:
«Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі,
тамырына тығылып қаламұштың...», –
деген жолдардың бойынан шынайы шабыттан туған қуатты жырға тән қайталанбас қасиеттердің жатқанын қалай ғана аңғармауға болады?..
Нұрлан үшін «қараңғы түн де», «аруақтарға мекен болған көк аспан да», «кеудесін қысқан Дәуірдің қасіретті толғағы да», бәрі-бәрі «жүрегін жұлқыған Тәңір сөзіндей» елестейді. Ақын үшін оқшау ескі обалар кешегі «хунндар мен сақтардан қалып қойған оқылмаған кітаптай» көрінеді. Жастық шағы от-жалында шарпылып, зейнеткерліктің құрығына түскен қарт адамның мына бір кескінін елестетіп көріңізші:
«Күні-түні шыжғырып көмбеге ойын,
іздеп-іздеп шаршаған пендедейін.
Көше кезіп келеді күз адамы
уқаланған үш сомдық теңгедейін...».
Құлаққа, ақынның өз тілімен айтқанда, «жұмақтың жайлы бір үніндей» естілетін мына ғажайын сұлу әлемнің әрбір сәті Нұрлан жырының жаратылысын ашар образды ойлаудың көркемдік құралдары секілді.
«Атқақтап тұр қатты тамырым,
білемін ешкімге көнбесін,
көтеріп кетердей Тәңірім,
ғарышқа – мәңгіге пендесін.
Көтерсе, көтерсін... Несі бар?!
Бір көріп қайтайын мұңды Айды.
Адамдар жердегі есі бар,
Айдағы дауысты тыңдайды...», –
деген асқақ үнді, адам атаулының бәріне етене жақын, таныс, түсінікті ғарыш мінезді жырлар соның дәлелі.
Мұндай Жер мен Көк арасын өлең сиқырымен арбауға, жалғауға ұмтылатын табиғаттың өзіндей таза, қуанышы мен қайғысы, мұңы мен сыры, мұзы мен жалыны қатар өрілер отты жырлар – бұл кітаптың басты өлшем, таразысы.
«Сезімсіз жүрек қалай дір етпек?
Сезімді сұлу құс дейді.
жүректің үнін естір жүрек тек,
түсінер тілсіз ішкі ойды», –
депті бір өлеңінде ақын. Ендеше, мен де талантты ізбасар інімнің жүрегінен төгіліп туған осынау ойлы да отты Жыр Үнінің адамдар жүрегіне, санасына тезірек жеткенін қалаймын!
Жалынды, жақсы жырлардың бауы берік болсын!
Өлең – адам ойы мен сезімінің тұңғиық сырларын тербейтін мәңгілік пен шексіз қозғалыстың құдіретті көзі екенін естен шығарма! Жыр-құсыңның қанаты талмасын, Нұрлан інім!
Шыңғыс АЙТМАТОВ.
Бішкек,
17 наурыз, 1997 жыл.